Мәжілісте шаһар басшысы күн тәртібіндегі мәселелер талқыланбас бұрын, қала әкімдігіндегі бірқатар кадрлық өзгерістермен таныстырып өтті.
Бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Есжанов Асқарбек Темірбекұлы облыс әкімінің өкімімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Қала басшысы Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосқаны үшін Асқарбек Темірбекұлын «Құрмет грамотасымен» марапаттап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Одан кейін қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Әбдірасулов Дәулетбек Жәнібекұлы басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылған болатын. Дәулетбек Жәнібекұлы ауылшаруашылығы саласына өзіндік үлес қосқаны үшін қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар мәжілісте Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Оспанов Бауыржан Әліпбайұлын, қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әзірбек Нұрбек Әзірбекұлын және Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының бұйрығымен Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы лауазымына тағайындалған полковник Чункунов Алмас Тілеуқабылұлын таныстырды. Ғанибек Қонысбекұлы жауапкершілігі мол жаңа қызмет иелеріне абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
Мәжілістің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Алдымен қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейтмахан Айменов бюджет қаржысының ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен болжамды игерілуі туралы хабарлама жасады.
Жыл басында бекітілген қала бюджетінің көлемі 52 млрд. 030,2 млн. теңге құраса, бүгінгі күнге республикалық, облыстық бюджеттерден қосымша бөлінген қаржылар есебінен қала бюджетінің көлемі 64 млрд. 307,8 млн.теңгеге теңгеге ұлғайды. Қалалық қаржы бөлімінің басшысының жасаған баяндамасына сәйкес, бүгінгі күні Қызылорда қаласының кіріс бөлігі жалпы 108,1 пайызға орындалған. Алайда баяндамашы қаржыны игеру бойынша жұмыстардың ақсап тұрғанын, бұл ретте бірқатар салалар бойынша кедергілер барын алға тартты. Қала әкімі бөлім басшысының жұмысын сынға алып «бюджет қаражатын игеруде міндетті түрде жұмыстардың сапалы орындалуына назар аударыңыздар, қаржыны игеру қажет деп сапасыз дүниені қабылдауға қарсымын, қала тұрғындарынан жүргізілген жұмыстарға көңіл толмаушылық сынды шағымдар түспеуі тиіс» – деп, баса айтты. Сонымен бірге қазан айына дейін жоспарға сай қаржыны игеру мақсатында қарқынды жұмыс істеуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2021 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көрсеткіштері. Бұл туралы толығырақ қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова баяндады. Бөлім басшысының баяндауынша Қызылорда қаласының әлеуметтік – экономикалық дамуы төмендегі көрсеткіштермен сипатталады.
2021 жылдың қаңтар – тамыз айларында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 350 400 млн. теңге, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 98,6 пайызды құрады. Өңдеуші өнеркәсіп саласында өндірілген өнім өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 122,1 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің нақты көлемінің индексі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 102,9 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 111,8 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 120,5 пайызғаартты. Облыста атқарған құрылыс жұмыстарының 72,7 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 285 982 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 117,0 пайызды құраған.
9 айдың әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көрсеткіштеріне қатысты хабарламаны тыңдаған шаһар басшысы пайыздық көрсеткіштері төмен салаларда жұмыс тиімділігін арттырып, ай соңына дейін 100 пайыздық нәтиже көрсетуді тапсырды.
Үшінші мәселе: «Қала күні» қарсаңында ұйымдастырылатын мерекелік шаралардың жоспарын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов баяндады.
Биылғы жылы Қала күніне арналған мерекелік іс-шараларды 23-28 қазан аралығында 1 апта өткізу жоспарлануда. Мерекелік іс-шараларды іске асыру карантиндік режимге байланысты санитарлық нормаларды сақтай отырып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын қабылданған шектеулерге байланысты үйлестірілетін болады. Биылғы жылы Қала күні мерекесін арнайы 6 күнмен атап өткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Спорт» күні, «Білім» күні, «Қайырымдылық» күні, «Ауылшаруашылық» күні, «Тазалақ» күні, «Мәдениет және Руханият» күндері өткізілетін болады. Сондай-ақ, Қала күні аясында түрлі деңгейде мәдени іс-шаралар өтетін болады.
Төртінші қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Чункунов қала бойынша мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын баяндады. А. Чункунов көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары негізінде алдын ала зерделеу жұмыстары атқарылып жатқанын мәлімдеді. Әскерге шақырушыларға шақыру қағаздары қалалық әкімшіліктен бөлінген техникалық қызметкерлердің және басқарма қызметкерлердің күшімен таратылуда екенін де атап өтті. Ғанибек Қонысбекұлы сала басшысына күзгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстарының 100%-ға орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжіліс соңында қала әкімі сала басшыларына жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындап, жүйелі жұмыс істеуді және қала күнін атап өтуде сақтық шараларының қатаң сақталуын тапсырып, берілген тапсырмалар өз бақылауында болатындығын жеткізді.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!