Қала әкімі Нұржан Ахатов Қызылөзек, Талсуат және Қызылжарма ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты тұрғындарға түсіндірме беріп, Президент Жолдауы – еліміздің болашағы үшін стратегиялық бағдар, экономикадан бастап әлеуметтік саясатқа дейінгі барлық бағыттарда үлкен өзгерістер, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсарту үшін нақты қадамдар екенін жеткізді. Сөз барысында күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдасақ, ең алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген электр энергиясына қол жеткізу, экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналдыру көзделгенін түсіндірді.
Қызылөзек ауылының халқын толғандырған басты сауал – «Қожақ» көпіріне жөндеу жұмыстарын жүргізу. Аталған автомобиль көпірінің күрделі жөндеуіне 2023 жылдың соңында жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Қазіргі уақытта көпірдің тиісті құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізу бойынша жұмыстар жасалуда. Жалпы алғанда, биыл ауылдық округті дамытуға бюджет көздерінен 1 млрд. 655 млн. теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылады.
Ал, Талсуат ауылдық округінің тұрғындары №178 орта мектепті газдандыру жайын қозғап, бүгінде білім мекемесін газ желісіне ауыстыру үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы құжаттар әзірленуде. Мәселе жақын күндері шешімін табады. Жылдың басында 150 орындық мәдениет үйі ел игілігіне беріліп, округтің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
Қызылжармалықтар ауылдық округтің шет аумағындағы көшелерге жаңадан электр бағаналарын орнатуды алға тартты. Сондай-ақ ескі құс фабрикасының бос жатқан жер телімін кезекте тұрған азаматтарға табыстауды және ауыз су ұңғымаларын салуды сұрады. Шаһар басшысы мәселе жіті назарда тұрғанын айтып, оң шешімін табу жолында жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.
Кездесулерде қала әкімі Нұржан Сәбитұлы тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс ескерусіз қалмайтындығын айтып, алда тұрған мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!