Қала әкімі Ғанибек Қазантаев бүгінгі жұмыс сапарын Қызылөзек және Талсуат ауылдық округтеріне арнады. Мұнда ауыл ақсақалдарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Шаһар басшысының жұмыс жоспарындағы алғашқы нысан – Қызылөзек ауылдық округіне қарасты үш бірдей ауылға аяқ су өткізетін Сауранбай каналы. Бұл арна арқылы елді мекен территориясындағы көлдер жүйесі толығып, тұрғындар егінге қажетті су алып келеді. Бірақ өткен жылдан бастап орын алған тіршілік нәрінің тапшылығы талайды титықтатып, биылға ертерек қам жасау қажеттілігін тудырды. Осыған орай Ғанибек Қонысбекұлы «Қазсушар» МКК директоры Жорабек Нұрымбетовпен қиыншылықтан шығар жолдарды қарастырып, қандай әрекетке көшу керектігін ақылдасты. Ауыл ақсақалдары ұсыныстарында елді мекенді, егінді толыққанды аяқ сумен қамту үшін үш су тартқыш насос керек екендігін айтты. Ұсыныс қабылданып, көктем шыға сұралған техника берілетін болды.
Келесі кезекте қала әкімі Талсуат ауылдық округіндегі жаңадан салынатын клубтың жоспарлы жұмыстарымен танысты. Бұған дейін тұрғындар елді мекендегі клуб үйінің тозығы жетіп, бұзылуға жатқызылғандықтан мәдени-көпшілік шараларды мектептің акт залында өткізіп келген. Ұсыныс-тілек ескеріліп, Талсуаттың орталығынан жаңа ғимарат пайдалануға берілетін болды.
Бұл клуб үйінің салынуына 296 млн. теңге қаралып отыр. Қазірде бой көтеретін 150 орындық клубтың құрылысына қатысты конкурс өтуде. Жеңімпаз мекеме анықталысымен қызу жұмыс басталады. Ауыл ақсақалдары көптен күткен жағымды жаңалықпен бөлісуге келген қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлына алғыстарын білдіріп, бастамаға сәттілік тіледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!