Кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс VIII сессиясы өтті. Оған қала әкімі Ғанибек Қазантаев, қала әкімінің орынбасарлары, сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша «2021-2023 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханованың баяндамасы тыңдалды. Ол қала қаржысының және салық түсімдерінің қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды.
– Жыл басында жұмсалатын қаржының орындалуы туралы нақты жоспар әзірленеді. Осыған орай бюджет белгіленеді. Қала көлемінде жасалатын жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, оның орындалуы қатаң бақылауда болады. Біз бүгінгі сессияда қалалық бюджетті нақтыладық. Күн тәртібінде тұрған келелі мәселердің түйінін тарқатуда жұмыстар жүйеленуде. Барлық атқарылар шаруалар ел игілігі үшін жасалуда, – дейді қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы.
Сессияда айтылғандай, Сабалақ саяжайы тұрғындары үшін жағымды жаңалық бар. Сабалаққа кіреберіс жолға «Әуежай» трассасынан соңына дейін түнгі жарық шамдарын орнатуға қаржы бөлінгені айтылды. Сонымен қатар Қорқыт ата көшесінен Қажымұқан көшесіне дейін және қала орталығындағы Бөгенбай батыр көшесінен «Ақмешіт Сырдария» мешітіне дейінгі аралықтағы жолдарға жарық шамдар жүргізілетіні сөз болды. «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы аясында Белкөл кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысын бастауға арнайы қаражат қарастырылғаны айтылды. Алайда депутат Жорабек Нұрымбетов бөлінген қаржы көпір құрылысына жетпейтінін айтып, бұған қосымша республикалық бюджетке сұраныс жіберу қажеттігін жеткізді.
Тағы бір атап өтерлігі, депутаттар қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймахановаға сірескен сандарды қарапайым тілмен сөйлете білсе деген ұсыныс тілектерін жеткізді.
Қала әкімінің аппарат басшысы Жанмұрат Сейілов «Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекіту туралы» Қызылыорда қалалық мәслихатының 2021 жылғы 26 наурыздағы шешіміне өзгертулер енгізу туралы атап өтті. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қиясова мекеме тарапынан жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып берді.
Келесі кезекте мәслихат мінберіне көтерілген қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов «Қоғамдық кеңес» мүшелерінің бос тұрған орындарына қайта толықтыру туралы пікірін жеткізді. Депутаттар бұл ұсынымды әлі де қайта қарау керектігін айтты.
Сессия барысында депутаттар Ерлан Мұсаев, Жорабек Нұрымбетов, Айгүл Мұсаева, Талғат Телеубаев өз пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көздерін қадағалау керектігін қадап айтты. Шаһар көлемінде атқарылатын жұмыстар сапалы және уақытылы атқарылуына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.
– Депутат ел үмітін ақтауда аянып қалмасы анық. Сіздердің көздеген мақсат-мүдделеріңіз менің ұдайы назарымда. Екінші жарты жылдықты да бастап кеттік. Биылға жоспарланған жұмыстарды жыл аяғына дейін бітіруге күш жұмылдыруымыз керек. Бірлесе атқарған іс нәтижесін береді, – деді қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы сессияда сөйлеген сөзінде.
Сессияда халық қалаулылары белсенді. Барлығының мақсаты бір. Өздері сайланған округтің күрмеулі мәселелеріне билік назарын аударып, оң шешілуіне ықпал ету. Оның орындалуы әрине, қаржыға байланысты.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!