Бүгінге дейін ел ішінде қордаланған мәселелер аз емес. Оның ішінде қала тұрғындары көп шағымданатын қоғамдық көлік, ауыз су, қала тазалығы және өзге де уақыт күттірмейтін түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер бар. Осы мәселелерді назарына алған қаланың жаңа әкімі Асылбек Шәменов кеше қаладағы маңызды нысандарды арнайы аралап, түйіні шешілмеген мәселелердің шешілу жолын және жұмыс барысын көзбен көріп қайтты.
Қала әкімі әуелі Қорқыт ата әуежайына барып, ғимаратқа жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып шықты. Бүгінде әуежайға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сәуірдің аяғында басталған қауырт тірлік бас-аяғы он күннің шамасында бітеді дейді басшылар. Келер жылы сала басшылары Сыр жұртшылығын жағымды жаңалығымен қуантпақ. Себебі бүгінде аптасына екі мың жолаушыны аттандыратын әуежай қызметін тоқтатып, орнына жаңа әуежай бой көтермек. Қазіргі таңда халық игілігіне берілетін жаңа нысанның құжаттары әзірленуде.
Әкім мұнан соң ат басын халықтың көз қуанышына айналып, тынығуна жағдай жасалған Президент саябағына бұрды. Алайда саябақта әрлеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Күн жылынғалы жасалмаған жұмыстарға әкім наразы екенін айтып, тиісті сала мамандарына жұмысты тез арада бітіруді тапсырды.
Кейінгі сапар мәселесі таусылмайтын «Қызылорда автобус паркінде» жалғасты. Алайда ЖШС теңгеріміндегі 135 дана автокөліктің бүгінде 85 жөндеуді қажет етеді. Қалған 50 маршрут қалаішілік және қала маңындағы бағыттарды қамтып, күнделікті қызмет етуде. Бүгінде аталған мәселелерге байланысты №9, 19, 20, 22, 33 бағыттар автобус тапшылығына байланысты тоқтап тұр.
Шаһар басшысы бұл мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, халықтың наразылығын тудырмауға жұмыс істеуді тапсырады. Алайда мекеме мамандары жөндеуде жатқан сексеннен аса көліктің тиісті құралдары Қытай шекарасынан өте алмай жатқанын алға тартты.
– Қазір қала тұрғындары автобустардың кешігуіне байланысты, одан бөлек кеш батпай жатып, ерте тоқтап қалатынан айтып шағымдануда. Оны әлеуметтік желіде де, өзіме жеке келіп те айтты. Сондықтан қаншама қаражатқа алынған көлікті күтіп айдап, уақытылы жөндеп отырыңыздар. Қала тұрғындарына қиындық тудырмаңыздар. Осы жылы облыс әкім 150 автобус алуды жоспарлап отыр. Қазір керекті құжаттары даярлануда, – деді қала әкімі Асылбек Шәменов.
Осыдан соң әкім «Қызылорда су жүйесіне» барып, түйткілді мәселелер жайын талқылады. Бүгінде қала бойынша 82 294 тұтынушыға қызмет көрсетілуде. Оның ішінде 78 324 тұтынушы – жеке тұлғалар, 246 – бюджеттік мекемелер, 3724 – шаруашылық және өзге де тұтынушылар. Яғни қала тұрғындары 100 процент орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз етілген. Алайда ай сайынғы абоненттік төлемге байланысты мәселе бар. Мекеме мамандарының айтуынша, қазіргі таңда жеке тұлғалар 535 млн қарыз. Соның салдарынан мекеме қызметкерлері екі ай жалақы алмаған. Яғни мекеме жұмысшыларға 83 млн теңге қарыз. Тағы бір айта кететін жайт, суды арнайы есептегішке қоспай, ұрлап алатындардың саны артуда. Шаһар басшысы мұндай бассыздыққа жол бермей, моноторинг жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды.
Соңғы аялдама «Қызылорда тазалығы» мекемесі болды. Былтырдан бастап бұл мекеме «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен қосылу жолымен қайта ұйымдастырылған болатын. Бүгінде бес бағыт бойынша жұмыс атқаратын мекеменің санитарлық тазалық жұмыстарына 2022 жылы 699,9 млн теңге бөлінген. Сала мамандарының айтуынша, мекемедегі 112 дана техниканың 77%-нің тозығы жеткен. Оның 74 данасы санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз ететін техника.
– Бүгінде көліктеріміздің көбісі істен шығып, жөндеуді қажет етіп отыр. Көбісінің тозығы жеткен. Сондықтан қазір екі ауысымда жұмыс істеп, қаланы қоқыстан тазартуға күш салудамыз. Бүгінде мекемеге қажетті техникалар саны 75 дананы құрап отыр. Ал оны сатып алу үшін 1 млрд 927 млн теңге қажет. Алдағы сессияда 14 дана техника сатып алуға 526 млн теңге қаржы қаралуда, – дейді «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Талғат Құлмағамбетов.
Әкім аталған мәселе бойынша жұмыс істеп, кезең-кезеңімен қаржы бөлінетінін айтты. Ал алдағы сессияда қаржы жайы қаралып, мекеменің техникалық әлеуеті артатынын жеткізді.
Шаһардағы түйінді мәселелерді көзбен көрген қала әкімі сөз соңында қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін қордаланған мәселелерді шешіп, жұмыстарды сапалы жүзеге асыру керегін тілге тиек етті. Ал жауапты сала басшылары қала тұрғындарының кезек күттірмейтін проблемаларын тез арада шешуге уәде етті.
Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!