Өткен аптадан бастап қала әкімі Асылбек Шәменовтің ауыл және кент тұрғындарымен есепті кездесуі өтуде. Атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарды халыққа таныстырып, көптің сауалына жауап беретін жиын Президент Жарлығына сәйкес ұйымдастырылуда. Кездесуде қала басшысы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жұмыстарға көз жүгіртіп, алдағы уақытта жүзеге асатын жайын айтты. Қала әкімі Асылбек Шәменов ауыл тұрғындарына да қаладағыдай жағдай жасалынатынын жеткізді. Яғни ауылдықтар қаладағыдай күй кешетін де күн жақын.
ҚЫЗЫЛӨЗЕК: АУҚЫМДЫ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Қала әкімі Асылбек Шәменов Қызылөзек ауылдық округіне барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігін көріп, тұрғындармен кездесті. Онда шаһар басшысы халықты мазалап жүрген сауалдарға жауап берді.
Қызылөзек әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамып келеді. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзу, қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ауыз су мен электр энергиясын жеткізуде айтарлықтай мәселе жоқ. Яғни мұнда кез келген мәселе ретімен шешімін тауып келеді.
– Биыл ауылдарға ерекше көңіл бөлінді. Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес қажетті шаралардың барлығы атқарылды. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жедел әрі жүйелі істің нәтижесінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы алдағы жылға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінгелі отыр. Ауылдардың дамуына барынша көңіл аударамыз, – деді қала әкімі.
Кездесуде тұрғындар қала әкімінен ауылға сапалы электр желісін жүргізуді сұрады. Алдағы уақытта электр желілері жүргізіледі. Сонымен қатар бірнеше көше жөнделіп, жарықтандырылады.
ТАЛСУАТ: 150 ОРЫНДЫҚ КЛУБ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Қала әкімінің кезекті кездесуі Талсуат ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындар бүгінгі кездесуді асыға күткен. Өйткені ауылдағы мәселені айтып, оның нәтижесін шығаруға бірден-бір мүмкіндік. Жиында тұрғындар көкейде жүрген сауалын қойып, шаһар басшысына нақты мәселелер бойынша уәжін айтты.
Талсуатта игі істер жасалып, жақсы бастамалар қолға алынған. Күннен-күнге елді мекен көркейіп келеді. Ауыл аймағы кеңейіп, жаңадан қоныстанғандар баршылық. Халық санының артуына байланысты ауылда электр сымдарын жаңарту, жол салу мәселелері туындайды. Дегенмен бұл жұмыстар уақытылы іске асуда.
Атап айтсақ, Талсуаттағы 8 көшені асфальттауға және 13 көшеге талапқа сай электр желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке өтінім жасалған.
Сонымен қатар тұрғындар өтінішіне сәйкес мұнда мәдениет үйінің құрылысы басталғаны белгілі. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде. Клуб келер жылдың бірінші тоқсанында ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Өз сауалдарына жауап алған талсуаттықтар қала әкіміне рахмет айтты.
АҚСУАТ: КӨПТЕН КҮТКЕН ГАЗ КЕЛЕДІ
Аптаның жұмасында қала әкімі Асылбек Шәменов Ақсуат ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл ауылдық округте айшықты істер бар. Соның бірі – ауылға газ тарту. Газ тарту жұмыстары өткен жылы басталған.
«Ақсуат ауылдық округінің тұрғындары алдағы жыл басынан бастап «көгілдір отынға» қосылады». Қала әкімі бүгінгі кездесуде тұрғындарға осы жаңалықты айтып қуантты.
– Ауылымыздың жағдайы жақсы. Халық шүкір деу қажет. Елдің күткені – газ. Қала әкімі кездесуде 2023 жылдың басында ауылға газ берілетінін айтты. Тұрғындар қуанып жүр. Халық үшін игі жобалар жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғындары.
Қазіргі таңда мұнда жаңадан қоныс аударғандар көп. Сондықтан да инфрақұрылым мәселесі назардан түспей тұр. Жаңадан көше қосылғандықтан жол мен жарықтан қиындық болады. Осыған орай алдағы уақытта 4 көшеге асфальт түсіп, ауылдағы барлық көшенің электр желілері мен қосалқы станциялары қайта жаңғыртылады.
Қала әкімі кездесуде тұрғындарды маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Сонымен қатар жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен спорт кешені бой көтеріп, балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалады.
– Еліміз бір орында тұрмайды, дамып келеді. Бірте-бірте барлық мәселелер шешіледі. Шешілмейтін мәселе жоқ, сондықтан сіздердің барлық өтініштеріңіз бен тілектеріңіз мұқият зерттеліп, жауапсыз қалмайды. Берекелі бастамалар сәтті жүзеге асып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қол жеткізіледі, – деп қорытындылады қала әкімі.
«БЕРІЛГЕН УӘДЕ, АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫС ОРЫНДАЛУ КЕРЕК»
Қала әкімі Асылбек Шәменовтің жергілікті тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Шаһар басшысы бүгін №101 мектеп-лицейінде тұрғындармен кездесіп, өтініш тілектерін тыңдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында жергілікті билік өкілдері тұрғындарға әр тоқсан сайын жолығып, есеп беру керектігін жүктеген. Осыған орай билік өкілдері бұқара базынасын тыңдап, әр мәселені жіті қарап, оң шешімін табу жолдарын қарастыруда. Әлеуметтің әлеуетін арттыруда қажетті шаралар уақытылы қабылдануы қажет. Осы үдені мақсат тұтқан Асылбек Өмірбекұлы кездесуде алдымен облыс ортылығында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталып өтіп, болашақта жасалатын жобаларын айтып өтті.
– Жасалған жұмыс жұрт игілігі үшін. Көпшілік тұтынатын дүние кемшін болмау керек. Халық көңілі таразы. Мен үнемі осыны айтып отырамын. Сырдың бас қаласы жыл өткен сайын жаңғыру керек. Барлығы талапқа сай болуы маңызды. «Іс бітті, қу кетті» дегеннен ешкім ұтпайды. Бәрінің сұрауы бар. Қаламызда жаңадан мөлтек аудандар бой көтеруде. «Анаға тағзым» орталығы, жаңа әуежай, «Өнер орталығы», «Неке сарайы» секілді әлеуметтік нысандар қатары жыл сайын арта түседі. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе қоғамдық көлік қатынасы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бақылауында. Жоспардағы жұмыстар легі осылай атқарыла бермек. Биыл қала орталығында 51 көше асфалттанды. Халық тұрмысын жақсарту біздің басты мақсатымыз, – деді қала әкімі.
Кездесуде қала тұрғыны Алпысбай Шүкіров сөз алып, ұсыныс тілегін жеткізді.
– «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз біздің өлкеге арналып айтылған айдарымыз секілді. Ал бірақ жергілікті ақын-жазушылардың суреттері мен шығармаларын аялдамаларға көбірек орналастырса. Сол жағалаудағы музейді кеңейткен жөн секілді. Осыған назар салсаңыз. Музей құнды жәдігерлер сақтайтын орын, – деді өз сөзінде.
Бұл мәселеге орай қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайға тапсырма беріліп, жақын арада есеп алатынын айтты.
Сонымен қатар Астана шағын ауданындағы орналасқан «Жастар үйі» тұрғындары әлі күнге «көгілдір отын» кіргізілмегенін айтып, көмек сұрады.
Бұған байланысты қала әкімі биыл жазда қаржы бөлінгенін жеткізді.
Сонымен қатар кездесуде жол, жарық, аяқ су тарту мәселері айтылып, оған тұшымды жауаптар берілді.
Осы мақсаттағы кездесу келер жылы да жалғасатыны айтылды. Бұл «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының орындалып жатқанының көрсеткіші.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!