Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қалаға автобустар қашан келеді?

31.07.2022

1060 0

Жақында қоғамдық көлік қатары жаңа автобустармен толығады. Бұл жаңалық тұрғындар көңіліне қуаныш ұялатқандай. Себебі, қазіргі уақытта қоғамдық көліктің қызметіне қызылордалықтардың көңілі толмайды.

Бүгінде облыс орталығында құрылыс нысандары салынып, мөлтек аудандар көбейді. Осыған орай қала аумағындағы жолаушылар тасымалының маршурттық сызбасы біршама өзгеріске ұшырады. Соның нәтижесінде мөлтек аудандарды қоғамдық көлікпен толықтай қамтамасыз ету қажеттілігі туындады.

Жыл соңына дейін 150 автобус

Тұрғындар үшін қоғамдық кө­лік басты қажеттіліктердің бірі. Сондықтан да қалаға маршруттар қажет екендігі жөнінде тұрғындар тарапынан  ұсыныстар түскен. Бұл мәселеге аймақ басшысы назар аударды. Қоғамдық көлік мәселесін шешу және халық сұранысына сай қызмет сапасын арттыру мақсатында «Қызылорда Автобус паркіне» қосымша үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар алдыру жөнін­де тапсырма берді. Демек осы кезге дейін айтыла-айтыла жауыр болған мәселе шешімін табады. Бүгінде «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС жарғылық капиталын ұлғайту мақ­сатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 150 автобус алу жұмыстары жүргізілуде. Алынатын автобустардың алғашқы 20 пайыз жарнасын төлеу үшін облыстық және қалалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған.

Жаңа автобустар келсе, қала­ішілік қоғамдық көліктердің 14 бағытын қамтиды. Маршурттардың көбеюі бұл қызметтің сапасын арт­тыруға септігін тигізеді деп сенейік. Жолаушылар тасымалдауға арналған сыйымдылығы жоғары автобустар жыл соңына дейін алы­нады деп жоспарланған.

Қоғамдық көлік қызметі көңіл көншітпейді

– Бол, бол, бол! Тезірек түс…!, Мін…!, Қимылдасайшы тез, бол­сайшы енді, … «Әй, неге сонша итересің? Адам тұрғанын көр­меймісің?!», «Ағай, бар салма­ғыңызбен сүйенбей тұра алмайсыз ба»? Бұл сөздерді күнде еститін болғандықтан құлағымызда  жат­талып қалған. Осылайша, қоғамдық көлік жайы таң атпастан «керемет көңіл-күй» қалыптастырады. Бұған да үйрендік.

Маршрут мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Себебі қоғамдық көлік қызметі көңіл көншітпейді. Әсіресе дәл осы уақытта күннің ыстығында халық әбігерге түсіп жүр. Аптап ыстықта маршрутты сағаттап кү­теді. Тақырыпты тарқата келе об­лыс орталығында қанша маршрут халыққа қызмет етеді? Осыны білуге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқан едік.

 – Қазіргі таңда қалалық қоғам­дық көліктерде № 1,11,14,17,18 бағыт­тар бойынша «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС және «Арғымақ Орда» ЖШС №2, 30 бағытта, «Кад Нұр» ЖШС №10, 12, 24, 28 бағытта, «ЭМ Бывалый» ЖШС №3, 27, 31, 32 бағытта, «Ақмешіт жолаушы тасымалы» ЖШС №5, 6, 7, 8, 9, 13, 16, 26 бағыттарда қызмет көрсетуде. Күнделікті бағытқа жалпы орта есеппен 250 көлік шығуда. Оның ішінде, орта есеппен 45 дана «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС, 205 дана жеке тасымалдаушылар тарапынан қызмет көрсетілуде. Бүгінгі күні қоғамдық көлік бойынша қалыптасқан мәселені шешу мақ­сатында осы жылдың шілде-қыр­күйек айларында 150 дана үлкен сыйымдылықтағы автобустарды ке­зең-кезеңімен алу жоспарлануда. Қа­зіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, – дейді бөлімнің жетекші маманы Бердібек Шүкенов.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында қоғам­дық көліктің жәй-күйін жақсартып, бұл бағыттағы қызметтің сапалық деңгейін одан әрі көтеру қажеттігін тапсырған болатын. Осылайша жер­гілікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктелген еді. Екі жыл уақыт өтті. Біздің қалада әлі өзгеріс жоқ. Таяуда 150 автобус келеді деп хабарлап отырмыз. Осы автобустар көрсетілген мерзімде келіп, шешімін тапса игі.

Тұрғындар талабы

Қалаға автобустар келді делік. Маршурттарды қандай өзгеріс күтіп тұр? Жаңа автобустар қай бағытта жүреді? Осы мәселеде тұр­ғындар пікірін ескерген де жөн. Алдағы уақытта жаңа авто­бустармен қатар талап пен тәр­тіптің қатаң болғанын қалайды. Халықтың сұранысы да орынды. Қызмет болған жерде талап бола­тыны белгілі. Тұрғындардың қо­ғамдық көлікке талабы көп.

Алдымен жүргізушілер қауіпсіз­дікті сақтаса дейді. Яғни бұл тұр­ғыда қоғамдық көліктердің бір-бірімен жарысуы қатаң қадағаланса деген ұсыныс бар. Қалай дегенмен қауіпсіздікті сақтау әркімнің міндеті саналады.

Сондай-ақ кешкі сағат 20:00-ге дейін қатынаса деген көпшіліктің тілегі де бар. «Қызылорда автобус паркіне» тиесілі көліктер кешкі мезгілде қатынағанымен, жеке кө­ліктер тоқтап қалады. Міне, осыны ескерген жөн. 

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: