VІІІ шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаттары жұмыстарына кірісті.
VІІІ шақырылымның алғашқы сессиясына қатысқан қала әкімі Асылбек Шаменов сайланған халық қалаулыларына ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің баянды болашағына бағытталған аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып жатқанын, оның айқын көрінісі ретінде бір жылға жуық уақыт ішінде бес саяси кезең өткенін тілге тиек еткен қала әкімі Асылбек Шаменов: “Республикалық референдум, Президент сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты, Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауы саяси мәдениетіміздің жоғары сатыға көтерілгендігін көрсетті. Осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құруға жаңа қадам жасалды. Бұл сәттерде жерлестеріміз берекелі бірлік пен мызғымас татулықтың үлгісін көрсете отырып, кемел келешекке сеніммен таңдау жасады. Осы ретте, Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау жасап, белсенділік танытқан барша қызылордалықтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді қала әкімі.
Бұл шақырылымдағы қалалық мәслихаттың құрамы барлық саланың өкілдерімен толықты. Депутаттардың өзара шешімімен мәслихат төрағасы болып Ибадулла Құттықожаев сайланды.
Шаһар басшысы сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде қала және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтерді аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, жерлестерімізге қажетті шаралардың қолға алынатындығын жеткізген халық қалаулыларына сол сенім мен уәде үдесінен шығу керектігін, депутаттардан соны бастамалар, тың ұсыныстар күтетінін айтты.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың 19 наурызында өткен сайлау нәтижесімен, Қызылорда қаласындағы 23 сайлау округінен бір мандатты (мажоритарлық сайлау тәртібі бойынша) Қызылорда қалалық мәслихат депутаттығына 23 депутат сайланды.
VІІІ шақырылған қалалық мәслихат депутаттарының орта жасы – 48 жас болса, ең жас депутат – 34 жаста. 23 депутаттың 17-сі ер адам немесе 73,9 %, 6-ы әйел, яғни 26,1 пайызы. Барлық депутаттың 3-еуі жастар (барлық депутаттардың 13,0 %).
Депутаттардың ұлттық құрамы 100% қазақ, «Amanat» партиясынан – 19 (74 %), Ақжол партиясынан – 3, Ауыл партиясынан – 1 депутат қызмет атқаратын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!