Жұма, 27 желтоқсан, 03:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қаңғыған итті қорғайтын заң бар, ал адамды ше?

12.04.2022

2306 0

Бүгінде қаладағы иесіз иттер жұрттың мазасын қашыруда. Жалғыз бізде емес, еліміздің әр түкпірінде итке таланған талай адам емханадан ем іздеді. Оны күнделікті өмірде көріп те, естіп те жүрміз. Қазір қаламыздың кейбір көшелеріне шыға қалсаңыз төбеті, овчаркасы, шатысы бар, басқасы бар өріп жүр. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз да сол. Онда да қаңғыған қабаған иттің шапқаны туралы хабар жетерлік.

«Ит – адамның досы». Дегенмен иесіз қалған, аш-құрсақ ит бір-ақ сәтте өзіңе тап беруі ғажап емес. Баланы былай қойғанда бүгінде ересек адамның өзі жалғыз жүруден тартынады. Өйткені бұралқы иттердің қай бұрыштан тап берерін кім білсін?!

Міне, ел осылай алаң болып жүргенде, тиісті шаралар неге қолға алынбай жатыр деген сұрақ ойға орала берді. Содан не керек, тиісті сала мамандарына хабарласып, қажетті шаралардың неге істемей жатқанынан хабардар болдық. Мәселе неде дейсіз ғой? Мәселе «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда. Басынан тарқатып өтейік.

Қаңғыбас ит қаппай ма?

Қазіргі таңда көше жағалаған, қоқыс жәшігін паналаған қаңғыбас иттерге байланысты қала тұрғындарынан түсетін шағым жетерлік. Әріге бармай-ақ, «Facebook» әлеуметтік желісін аша қалсаңыз, көзіңіз анық жетеді. Топ-тобымен жүретін иттер бүгінде көшені ысырып қойып, балалар ойын алаңдарына шыққан.

– «Сәулет» шағын ауданының тұрғынымын. Төрт балам бар. Көшеде қаңғыған иттер толып жүр. Арасында құтырғаны да бар шығар, кім біледі?! Балаларымды сабаққа жіберіп аламын да, «көшедегі көп иттің бірі қауып алмас па екен?» деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Тіптен қорқатын болдық. Автобус аялдамасының айналасында да балалар ойын алаңында да қаңғыбас ит көп. Ағаш алып үркітсең, өзіңе қарап ырылдап, тістеуге ұмтылады. Адамнан қорықпайды. Былтыр бізден 4-5 үй әріде тұратын көршіміздің баласын қауып алды. Жауапты мекеме бұл мәселені қолға алу керек ғой. Бір тістеген ит, ертең тағы тістейді. Ал ол ит құтырмамен ауырып, ауру тараса не болады?, – дейді тұрғын Айгүл Тасболатова.

Енді бір қала тұрғыны иесіз иттердің шектен тыс көбейіп, елдің құтын қашыруына халықтың өзі кінәлі екенін айтады.

– Кім не десе де, иесіз иттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар. Өйткені жаз бойы саяжайларда, қала іргесіне жақын ауылдарда жаңа туған күшіктерді асырайды да, күн суытып қыс түскенде тастап кете барады. Ішерге тамағы жоқ, әбден ашыққан ит азық таба алмаған соң, айналып-айналып қала ішіндегі қоқыс алаңдарын паналайды. Одан дым таппаса, аш ит адамның өзіне ұмтылады. Осыдан соң қаңғыбас ит талады деп шығамыз, – дейді қала тұрғыны Арман Бекарысов.

Ең қиыны сол, қаңғыған иттердің кісіге шабуы туралы деректер азаймай тұр. Биыл Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауылында қабаған ит аулада ойнап жүрген екі балаға шабуыл жасап, соның салдарынан үш жасар бүлдіршін көз жұмды. Бұл біз келтіріп отырған бір ғана оқиға. Әйтпесе, адамдар араша түсіп, ажал аузынан аман алып қалған талай жағдайды естіп жүрміз.

– Мен Тасбөгет кентінің тұрғынымын. Кентте бұралқы иттер қатары күн санап көбеюде. Немерелерім мен көршілердің балалары күнде көшеге шығып ойнайды. Бірақ ауық-ауық қарап, алаңдап отырамын. Бұл мәселе бойынша 109 нөміріне хабарласып, мән-жайды айтып та көрдім. Алайда маман әкімдік пен ит аулайтындардың келісімшарты созылмағанын  және қазір  итті аулау мен жоюға заң шеңберінде тыйым салын­ғанын айтты. Сонда балалар жайын ешкім ойламай ма? Тиісті шаралар қазірден қолға алынбаса, ұйыққан иттер көбейіп, адам өміріне қауіп төндірері сөзсіз. Бұл мәселені тездетіп шешу керек қой, – дейді қала тұрғыны Сейілбек Махашев.

Қазір біз бір ғана Қызылорда қаласының жағдайын айтып отырмыз. Ал облыс бойынша мұндай деректер аз емесі анық. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, өзге облыстарда да жағдай мәз емес.

Итті аттым дегенше, бәлеге қалдым десейші…

Бірі білер, бірі білмес былтыр жыл соңында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойылды. Заңды әзірлеген – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Міне, осы заңға сәйкес қазір көшеде қаңғып, қоқыс жәшігін торуылдаған итті атуға болмайды. Атсаңыз да, аттырсаңыз да, заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалайсыз. Жалпақ тілмен айтқанда, басыңыз бәлеге қалады.

Осы мәселе төңірегінде облыстық ветеринария бас­қар­масына хабарласып, мән-жайды білдік. Қызылорда об­лысының ветеринария басқармасының бас маманы Досжан Кеулімжайұлы бүгінде заңда келтірілген тиісті талаптарды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

– Адами тұрғыда қарасаңыз, жан-жануарды қорғау өте дұрыс. Алайда бүгінде тұрғындардан түсетін шағым көп. Жаңа заң қабылданды. Дегенмен заң күшіне енсе де міндеттерді орындау механизмдері әлі дайындалуда. Бізге жануарлардың көзін жоюға тыйым салынды, – дейді Досжан Кеулімжайұлы.

Бүгінде тұрғындар шағымының көп болуына қарамастан шара қолданылмауының бірден бір себебі осы. Баяғыдай көлікпен көше-көшені аралап жүріп, қаңғыған итті сұлата салу жоқ енді.

– Жаңа заңға сәйкес, былтыр жыл соңынан бастап, қаңғыбас ит мысықтарды аулап, жою жұмыстары тоқтатылды. Қазір осы заңның 9-бабына сәйкес «үй жануарларын ұстау және серуендету» және «жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» қағидалары әзірленуде.

Заң аясында әзірлеген үлгілік қағидалар бойынша ау­ланған жануарлар уақытша ұстау орындарына жеткізілуі тиіс. Облыста қазіргі таңда уақытша ұстау орындары жоқ. Алдағы уақытта бекітілген ережелерге сәйкес панажайлардың құрылысын салу мен басқа да жұмыстар заңда белгіленген  тәртіп бойынша атқарылады. Осындай заң норма­ларын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 665 млн теңге қарастыру туралы бюджеттік өтінім берілді, – дейді Досжан Кеулімжайұлы.

Маманның айтуынша, қаламызда биыл иесі бар 9500 ит пен мысық есепке алынған. Жыл басынан бері бұл үй жануарларынан жарақат алудың 59 жағдайы тіркеліп, медициналық көмекке жүгінген. Барлық жағдай бойынша жануарлар 10 күндік ветеринариялық бақылауға алынған, алайда аса қауіпті құтыру ауруының белгілері анықталмаған. Маманның мәліметінше, жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы құтыру, эхинококкоз секілді аурулардың алдын алу мақсатында 2021 жылы облыс бойынша 24 мың 828 бас қаңғыбас ит мысықтар ауланып, жойылған.

Қазіргі таңда қаңғыбас, қараусыз қалған иттердің есебін жүргізу, сондай-ақ олардан жұғатын аса қауіпті құтыру, эхинококкоз ауруларын алдын алу бойынша вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Қазір бұдан өзге ветеринарлар тарапынан қаңғыған итке қарсы дәрмен жоқ.

Шынында, әлемжеліде байбалам салып, шу шығару оңай екені анық. Жануарларды, әсіресе, үй жануарларын қорғаушы белсенділер жиі дабыл қағады. Жаңа заңның қабылдануына да әсер еткен солар. Біздіңше, олардың бұл дабылы сол АҚШ пен Еуропа елдерінен көргенінің көшірмесі ғана. Хош. Енді сол осы заңның шығуына себепші болған жанашыр жандар елді алаңдатқан мәселені шешуге ықпал етсе игі.

Құр шығыннан қауіп сейіле ме?

Жоғарыда жаңа заңға байланысты итті атуға, жалпы өлтіруге ешкімнің құқы жоқ екенін айттық. Бүгінге дейін ветеринарлар көшедегі қаңғыған итті «жебеден сұлаған жаудай» бір оқпен жайратып тастап, өлексесін өртейтін де, көме салатын. Жаңа тәртіпке сай ветеринарлар қаңғыған итті аулап, арнайы панажайда ұстауы қажет. Ал арнайы орын қыруар қаржыны талап етеді. Досжан Кеулімжайұлы тиісті қаржыға ұсыным берілгеннін айтты.

Иә, бұл ақша бөлінсе, біраз мәселе шешілгелі тұр. Бірақ аз қаржы емес. Бұған қарап, ел бюджетінен құр шығын шығару емес пе дейсің? Бұлай деуімізге де салмақты себеп бар. Қараңызшы, екі аяқты адам төрт аяқты итті қуып жүріп ұстайды да, арнайы панажайға алып келеді. Ұсталған ит әуелі тазаланып, химиялық өңдеуден өтеді. Оның иесі табылғанша кемі 5 күн ұстайды. Одан да ұзаққа созылуы ықтимал. Осы аралықта иесі табылмаса, арнайы асырау орындарына жіберілуі не көзі жойылуы мүмкін. Оған дейін тамақ береді. Ішіп-жемі де ақша. Ол жерге күніге қаншама ит әкелінеді, оны есептеңіз. Ит ауру болса, емдеуі тағы бар. Одан бөлек, қаңғыған ит одан әрі күшіктемеу үшін шаралар жүргізіледі. Есептей келе қаңғыбас иттің өзіне қанша қаражат кететінін байқадық. Жұмысшылардың айлығы мен итке қажетті дәрілерді қоссаңыз бір айдың өзінде қанша ақша жұмсаларын кім білсін?!

Қаңғыған ит құтырса…

Қаламыздың әр бұрышында қаңғыған ит көп. Олардың арасында құтыру ауруымен ауыратындары да бар. Сірә, оны жоққа шығару мүмкін емес шығар. Әлеуметтік желіде аузынан ақ көбік ағып, балаға ұмтылған иттер туралы хабар көп. Осы жайтты ескеріп, медицина маманынан иттің құтыру ауруымен қалай ауыратынын, адамды тістесе, құтыру дертінің белгілері қандай болатынын сұрап білдік.

– Қазір қаңғыған ит көп екенін естіп жатамыз. Олардың ішінде құтыру дертімен ауыратындары болады. Ең қауіптісі де солар. Негізінен бізге осы құтыру дерті бойынша нақты анықталған науқастар келеді. Мәселен, бізге құтыру ауруымен 2014-2021 жылдары ауруханада 1 науқастан тіркелді. Был­тыр бір науқас түсіп, ем-дом жүргізілгеніне қарамастан қайтыс болды. Құтыру – жүйке жүйесінің ауыр зақымдалуымен сипатталатын, көбінесе өліммен аяқталатын вирустық ауру, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауру­ханасы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мира Әлмаханова.

Иә, мұндай сұмдықты естігенде денең еріксіз тітіркенеді. Осыдан-ақ қаңғыған иттің адам өміріне қаншалықты қауіп төндіретінін бағамдай беріңіз. Маманның айтуынша, ви­русты жұқтырған жануарды көптеп сілекей және жастың бөлінуінен, сонымен қатар судан қорқу белгілерімен ажы­ратуға болады. Жануардың тістеп алған орны бастан неғұрлым алыс орналасса, инкубациялық кезең соғұрлым ұзақ болады. Мойынды, қолды және балаларды жануар тістеп алған кезде ауру өте қауіпті. Ал аяқ жарақаттанатын болса, онда инкубациялық кезең біршама ұзарады.

– Негізінен құтыру ауруымен иесі жоқ, екпе салынбайтын қаңғыбас иттер ауырады. Ал сол құтырған ит адамды тістесе, науқаста әлсіздік, дене температурасының көтерілуі, ауыздың құрғауы, тәбеттің төмендеуі, бас айналу және құсу болуы мүмкін. Дененің ит тістеген бөлігінің күйіп ауруы, қызару, қышу және сезімталдықтың жоғарылауы болады. Науқас өз-өзінен қорқу сезіміне, күйзеліске, депрессияға ұшырайды. Сонымен қатар галлюцинация, ұйқысыздық мазалайды. Науқас дерті қозған шағында қатты айқайлайды, үй жиһаздарын сындырады, өзін-өзі ұстай алмай адамдарға тиіседі. Көп тердің және сілекейдің бөлінуі жүреді. Бұл кезең негізінде 2-3 күнге созылады. Осыдан кейін салдану мен ақыл-естің бұзылыстары пайда бола бастайды. Тыныс алудың қиындауынан және жүректің тоқтауынан науқас қайтыс болады, – дейді дәрігер Мира Аябекқызы.

Маманның айтуынша, аурудың шамамен ұзақтығы 1 аптаны құрайды. Ең қиыны, құтыру ауруының емдеу тәсілдері жоқ. Алайда «әлемде бұл аурудан жазылған адамдар бар, бірақ өте аз» дейді ол. Аурудың алдын алатын жалғыз мүмкіндік вакцинация екен. Вакцина арнайы схема бойынша салынады-мыс. Егер тістеп алған жануарды 10 күндік бақылау кезінде құтыру  ауруына  тән белгілер болмаса немесе лабороториялық тексеру кезінде вирус анықталмаса, вакцина қабылдау терапиясы тоқтатылады. Міне, солай.

Министрлік тыңдаса…

Сөз соңы. Қалай болғанда да қаңғыған иттен келер қауіп аз болмай тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлықпен қарап, оларды қорғау әлбетте дұрыс. Дегенмен көше кезіп қаңғыған ит ойнаған бала, көшеден өткен жаяуға тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл?! Біздіңше, осыны әлде де ескеріп, дұрыс  шаралар қабылдау керек секілді.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: