Сәрсенбі, 20 қараша, 07:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қарауылтөбе: «№6 емхана дәрігер Дананың жеке мекемесі болып кеткен бе?»

01.04.2023

807 0

Қала әкімі Асылбек Шәменов тұрғындармен кезекті кездесуін Қарауылтөбе ауылдық округінде жалғастырды. Мұнда тұрғындар қала әкіміне денсаулық сақтау сала­сындағы кемшіліктерді, ауылдағы егін жайы мен клуб құрылысы туралы айтылды.

Жалпы Қарауылтөбе ауылдық ок­ругінің инфрақұрылымын дамытуға биылғы жылы 1,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы шаһар басшысы жеткізді. Сондай-ақ ол 10 млрд теңгеге биыл 1000 пәтер салынатынын, одан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында жоспарланған 8 мектеп құрылысының 5-уі биыл басталатынын жеткізді.

Шаһар басшысына ең бірінші ауыл тұрғыны медицина мен жер саласына қатысты сұрағын қойды. «Халыққа медициналық қызметтер қолжетімсіз. Өткен жылы денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орынбасары Жанкелді Мырзагелдіұлының көмегімен әйтеуір ауруханада бес күн жатып емделдім. Бірақ бір аппарат болмай Шымкентке барып тексерілуге мәжбүр болдым. Бізде МРТ-ның өзін ақшаға түсіреді. Осы бір кемшіліктерді жоюға не кедергі? Сосын мен отбасыммен бұрыннан осы ауыл тұрғынымын. Бірақ 15 сотық жер алғымыз келіп еді, жер берілмейді дейді. Себебі қандай?», − деп сұрады ауыл тұрғыны Нағыпбек Сейдалиев. Сондай-ақ ол егін мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, биыл ауылға инвестор келіп егін екпекші. Бірақ көрші Абай ауылының малшылары қасақана малдарын егістікке кіргізіп жібереді-мыс. Содан егіннің барлығы тапталып, жыл сайын ысырап болады екен.

«Ауыл әкіміне егістік жерлердегі олқылықтарды жоюға тапсырма беремін. Абай ауылына да ескерту жасаймыз. Сосын ауылдың учаскелік полициясы да жұмыс жүргізуі керек. Арнайы рейд ұйымдастырып, құқық бұзғандарды жауапқа тартсын. Ал медицинаға бай­ланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәселеңізді жеткіземіз. Жердің де неге берілмейтінін шешім шығарған комиссиямен жұмыс істеп зерттеу жүргізу керек», − деді Асылбек Өмірбекұлы.

Тұрғындар қала әкіміне сондай-ақ кейбір көшеде жол болғанымен жарық жоқтығын, қараңғы көше қауіпті екенін айтты. Сонымен қатар былтыр көтерілген, бірақ шешімін таппаған «Әлеуметтік дүкен» ашу мәселесі де айтылды. Ауыл тұрғыны Оразбек Бейісов салынатын амбулаторияны да халыққа ыңғайлы етіп, ҒЗИ-дан рұқсат алып сол жерге салу туралы ұсыныс білдірді.

«Жол, жарық мәселелеріне қаражат бөлінді. Тұрғындар айтқан көшеге де қаржы бөлінген, енді конкурсы өтеді. Жалпы ауылдағы 24 көшеге жаяу жүргінші жолы, 12 көшеге қиыршық тас төселеді. Ал «Әлеуметтік дүкен» мәселесіне келсек, «Байқоңыр» ӘКК-ны қаржыландыру тоқтап қалды. Қалада барлығы 9 дүкен ұйымдастыруға ұсыныс берілген. Енді биыл қаржыландыру қайта қолға алынады. Амбулаторияны тұрғындарға ыңғайлы жерге орналастыру туралы ұсыныстарыңыз да орынды. Ауыл әкіміне ҒЗИ-мен жұмыс істеп, жер алу бойынша тапсырма беремін», − деді шаһар басшысы. Ауыл тұрғындары клуб құрылысы тоқтап қалғанын, тек әкім келетін кезде қайта бастағанын айтқанда қала әкімі А.Шәменов: «Клуб құрылысы бұл өтпелі кезеңдегі жоба, яғни бірнеше жылға жоспарланған. Биылғы қаржысы келгенше құрылыс тоқтап қалғаны рас. Енді қайта жанданды және алдағы екі айда бітіру жоспарланған», − деп жауап берді.

«Қаладағы №6 емхана жекеменшік болып кеткен бе? Дана деген дәрігер сол емхананың иесі сияқты. Тұрғындар мүгедектік тобын ала алмай жүр. Біреулердің мүгедектік тобын негізсіз төмендетіп тастайды. Салынуы тиіс, мемлекеттен берілетін екпе мен дәрі сұрасақ «Ақша жоқ», − дегеннен басқа ештеңе айтпайды», − деген базынасын жеткізді ауыл тұрғыны Рәбия Аязбаева. Бұған қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы: «Мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов арамызда отыр. Сізге осы мәселені анықтауды, қызметкер осындай бассыздыққа жол берсе «сөгіс беруді» тапсырамын. Денсаулық сақтау саласында мәселе болмауы тиіс. Тұрғынның айтқаны уақыт күттірмейтін мәселе. Сондықтан ертерек анықтап, маған жеке келіп баяндауды тапсырамын», − деді.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: