Су бағасы арзандады
Шаһар әкімі Н.Нәлібаев қаладағы бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысын бағамдады.
Ең алдымен күрделі жөндеуден өткен, су жүйесі мекемесінің жұмысын көрген қала әкімі жаңарған мекеменің жаңалықтарына оң баға берді.
Мекеме ғимараты 1964 жылы бой көтерген. Содан бері жөндеу көрмеген нысанның тозығы жетіп, қызметкерлердің жұмыс істеуіне қиындық туғызған. Қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеменің жаңаруына «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасының септігі тиді. Бағдарлама аясында бөлінген қаржыға су жүйесінің өндірістік-техникалық базасы жаңғыртылып, ғимараты жөнделген. Мекеме ауласы асфальтталып, цех және гаражы қалыпқа келтірілді. Сонымен бірге мекеменің тағы бір жаңалығы тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сауалдарын қабылдауға арналған диспетчерлік бөлім құрылған. Мұның артықшылығы су жүйесінің мамандары бұрынғыдай үй-үйді аралап, тұрғындар қарызын жинаумен айналыспайды. Суға қарызыңыз болса қоңырау шалып не болмаса хабарлама жазу арқылы ескертеді. Ал тұрғындар қарызы туралы мәліметті арнайы нөмірге хабарласып біле алады.
– Ғимараттарыңыз жаңарды. Ендігі ретте тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетіп, сапалы ауыз сумен қамту керек, – деді қала әкімі. Сонымен бірге қызметкерлердің айлығын уақытылы төлеп, үздік жұмысшыларға сыйақы беруді де үйлестіру керектігін атап өтті.
– Қызметкерлердің айлығы бұрын 6-7 айға дейін кешігетін. Қазір жалақыны уақытылы беру бір жүйеге келіп қалды. Жағымды жаңалықтың бірі ауыз су тарифі төмендеп, 61 теңгеден 44 теңгеге арзандады, – деді мекеме басшысы Марат Жәмиев.
Құрылыс қарқыны тоқтамайды
Мұнан соң шаһар басшысы қаладағы бірқатар құрылыс нысандарына барды. Қалада тұрғын үй құрылысы еселеп артып, бірнеше жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді. Өткен жылы 194 көпқабатты үй ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл да бұл жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Қазіргі таңда 38 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 28 тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынса, 10 көпқабатты үйдің құрылысын жеке кәсіпкерлер жүргізуде. СПМК-70 шағын ауданында 13 бірдей көпқабатты үйдің іргетасы қалануда. Аталған ауданда бой көтеріп жатқан несиелік үйлердің жалпы құны 8,2 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталса биыл 640 отбасы баспаналы болады.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сол жағалаудағы арендалық тұрғын үйлерге арнайы ат басын бұрды. Мұнда 14 арендалық үйлер салынуда. Құрылыс аяқталғанда 680 тұрғын сол жағалаудан үйлі болады деп күтілуде. Мердігер мекемелер құрылыс жұмыстарын сәуір-мамыр айларында бітіруді жоспарлап отыр.
– Бұл үйлер үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, нағыз мұқтаж азаматтарға сатып алу құқығынсыз табысталатын болады. Алдағы уақытта да қаладағы тұрғын үй құрылысы бір сәтке бәсеңдемейді, – деді шаһар басшысы.
Сол жағалау жылы екен
Құрылысы қарқын алған Қызылордадағы жол жөндеу жұмыстарының да жүйелі жүргізіліп жатқандығы көпке белгілі. Кейінгі жылдары 840 шақырымды құрайтын 1177 көше жөнелді. Биыл осы жұмыстардың жалғасы ретінде Ғ.Мұратбаев – С.Бейбарыс көшелерінде орналасқан көпірлер аралығын жалғайтын сол жағалаудағы магистральдың 2 шақырымды құрайтын құрылысы басталып, жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын 95 процент жұмыстары біткен «Қызылжарма» каналына дейінгі магистраль аяқталып пайдалануға берілсе, С.Бейбарыс көшесіндегі көпірден Эдельвейс саяжайы арқылы Тұңғыш Президент саябағына дейінгі аралықты қамтитын 1,1 шақырымға жол түседі.
Ағымдағы жылы бұдан бөлек облыстық жастар орталығынан бастау алатын жолды Шіркейлі каналына баратын негізгі көшемен байланыстыру жүзеге асып, жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын магистраль салынбақ.
Өткен жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қоныста тұрып жатқан елдің қуанышын еселеп, көптің сүйіншілей айтқан хабарының бірі жаңа модульды жылу қазандағының іске қосылуы болды. Германия мен Италиядан әкелінген соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған жаңа нысан еліміз бойынша цифрлық технологиямен жабдықталған жалғыз орталық. Бүгінде жылу орталығының бірінші кезеңі аяқталып, сол жағалау аумағында орналасқан 32 көпқабатты тұрғын үймен 2 әлеуметік нысанды («Рухани жаңғыру» және «Жастар орталығы») жылумен қамтамасыз етіп тұр. Мұндағы бір қазандықтың өзі 100 үйді жылумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Орталық құрылысының екінші кезеңі толық іске қосылғанда сол жағалауды түгел жылумен қамтамасыз ететін болады.
Қаладағы бірқатар нысанның жұмысын көзбен көрген қала әкімі осылайша қарбалас тірліктің нәтижесін көрді.
Ж.ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!