Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қарбаласқа толы қала тіршілігінде түйткіл болмауы тиіс

07.08.2021

1090 0

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.

Шаһар басшысы күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқыламас бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталды. Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған Тәуіпбаев Сұлтанбек Тәуіпбайұлын және жаңа қызметке тағайындалған  қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Рысбек Абзал Рысбекұлын таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

ОЛАРҒА ҚОЛАЙСЫЗ БОЛМАСЫН

Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жүргізілген жұмыстар мен алдағы міндеттері жайы талқыланды. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы К.Құрақбаева биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау бағытында қала бойынша мүгедектігі бар адамдарды жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының әлеуметтік қызметтерімен және оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге басымдық берілгенін айтты.

Бөлім басшысының баяндауынша, қалада 10355 мүгедектігі бар адамдар тұрады. «Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындау» мақсатында олар оңалтудың техникалық көмекші құралдармен және арнаулы жүріп тұру құралдарымен қамтылуда. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді алушылар мен жеткізушілердің тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап «Әлеуметтік қызметтер» порталымен жұмыс жүргізілуде. Бірыңғай цифрлық алаңда мүгедектігі бар адамдарға жеке қажеттіліктері ескеріле отырып, қызметтер мен оңалту құралдарын интернет жүйесіне қосылған құрылғымен aleumet.egov.kz сілтемесі арқылы өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілген. Биылдан бастап жеке көмекшінің қызметтерін көрсету «aleumet.egov.kz» порталы арқылы жүзеге асырылып 900 жеке көмекшіге қызметақы төленіп келеді. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталына тіркелген 15 ымдау тілі маманы естуі бойынша мүгедектігі бар 135 адамға ымдау тілінде кәсіби аударма жасау қызметтерін көрсетеді. Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторлы-курорттық емделуге 1395 мүгедектігі бар адамнан өтініштер қабылданып, мүмкіндігі шектеулі жандар өз таңдаулары бойынша баруда. Мүгедектігі бар тұлғалар үшін бүгінгі күнге қала бойынша барлығы 13 автокөлікпен, 8 жеңіл автокөлік (арендалық), арнайы жабдықталған 3 «инватакси» және 2 газель көлігімен қызмет көрсетеді. «Инватакси» қызметі мүгедектердің өтініштеріне сәйкес олардың жұмыс орны, оқу орны, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, әлеуметтік сала нысандары, медициналық мекемелер, әуежай немесе темір жол вокзалдары, автовокзалдар мен арнайы әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдарға барғанда көрсетіледі. Сондай-ақ мүгедектігі бар балалардың тең дәрежеде білім алуға құқығын қамтамасыз ету мақсатында бөлім бірнеше жылдан бері психоневрологиялық ауытқуы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту және тәрбиелеу бағытында «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қорымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тығыз жұмыс жасауда.

Қала әкімі жауаптыларға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы ортаны қалыптастыру бағытында қаладағы барлық ғимараттарды, оның ішінде қызмет көрсететін мекемелерге арнайы тексеру жүргізіп, кемшіліктерді қалпына келтіруді нықтап тапсырды.

ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ!

Мәжілісте қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы П.Жаңабергенов жастар саясаты саласындағы негізгі көрсеткіштер мен жастарды қолдау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Жалпы қала халқының 19,5 процентін құрайтын 14 пен 29 жас аралығындағы 63204 жас бар. Мұнан бөлек, қала орталығындағы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарынан 24544 студент жас білім алуда. Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында 7 әлеуметтік жоба әзірленіп, мемлекеттік сатып алу негізінде жастар ұйымдары арқылы тиісті жұмыстар жасалуда. Қызылорда қаласында өз кәсібін ашқысы келетін жастар қатары жыл сайын артып келді. Бүгінде облыс орталығында 3418 жас кәсіпкерлер жұмыс жасауда. Оның ішінде кент және ауылдық округтерде 300 жас кәсіпкерлер өз кәсібін жүргізіп отыр. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бүгінгі таңда жас кәсіпкерлер тарапынан жоба құны 186,6 млн теңгені құрайтын 33 жоба қолдау алған. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша биыл 81 млн теңге бөлінуде. Оның ішінде 70 млн теңге қаржы 18-29 жас аралығындағы жастарға тиесілі.

Жастар саясаты саласындағы басты мәселелердің бірі – маргинал және NEET санатындағы жастар. Мәселені шешудің негізгі жолы NEET санатындағы жастарды жұмыспен және кәсіппен қамту болып табылады. Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 2106 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның ішінде 929 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. 397 жас «Жастар тәжірибесіне», 935 жас қоғамдық жұмысқа, 90 жас әлеуметтік жұмыс орындарына  жолданып, оның ішінен жалпы 266 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микробизнес ашу, ісін жаңа бастаған 9 жас азаматқа несие берілген. 112 жас азаматқа өз кәсіптерін дамытуға мемлекеттік гранттар берілсе «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқуға 185 жас жолданып, 78 жас оқу курсын аяқтаған. Биыл жұмыссыз азаматтардың ішінен 35 адамды еңбек нарығының сұранысына сәйкес бекітілген 5 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспарланып, бұл бағытта «NEET» санатындағы жастар да тартылатын болады.

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев бөлім басшысына жазғы демалыс кезеңінде жастардың, оның ішінде жоғарғы сынып оқушылары мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану бағытында нақты жұмыстарды ұйымдастыруды және қала бойынша «NEET» санатындағы жастардың арнайы дерекқорын жинақтауды, сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімімен бірлесіп, жұмыссыз, оның ішінде «Серпін» бағдарламасымен және Ресей Федерациясы жоғарғы оқу орындарын бітіріп келген жастарды жұмысқа орналастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

ҚАЛА ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша қаланың алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде қала әкімінің өкімімен  қалалық штаб құрылып, бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Далабаев жылу маусымына дайындық жұмыстарының жоспарлы түрде бекітілген кестеге сәйкес  жүргізіліп жатқанын жеткізді.  Жалпы қала бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үйлер бар. Оның ішінде 711 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, 104 үй автономдық блокты модульдік қазандықтар арқылы жылытылады. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 4 серіктестік және 13 пәтер иелері кооперативтері тиісті жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердегі ақауларды ретке келтіру, өжіре ішіндегі тозығы жеткен жылу құбырларын және вентильдерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бөлім тарапынан көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық барысына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қала бойынша проблемалық көпқабатты тұрғын үйлер анықталды. Ақау анықталған көпқабатты тұрғын үйлер бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, барлық үйлердің пәтерішілік жөндеу жұмыстары жылу маусымына дейін толық аяқталып, уақытылы қосылатын болады. Қаланы қатты отын қорымен қамтамасыз ету бойынша көмір тасымалдаушы жеке кәсіпкерлер ЖК «БЕК», ЖК «Қарымсақов», «Олжас-2005» ЖШС-і және «ТЭК Қазақстан» ЖШС-і айналысады. Биылғы жылу беру маусымы кезеңінде қалаға қажетті қатты отын көлемі шамамен 37 000 тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда тұрғындарға қажетті көмірдің 7 мың тоннасы жеткізілді.

Бұл ретте шаһар басшысы жауапты мамандарға барлық әлеуметтік нысандарды резервтік автономды электр қондырғыларымен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізіліп жатқан жобалардың мерзімінде және сапалы аяқталуын қатаң бақылауға алып, қала аумағындағы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы бойынша тиісті жұмыстарды үйлестіріп, қадағалау сынды бірнеше тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге қатты және сұйық отынның тұрғындарға делдалсыз, тікелей отын тасымалдаушы кәсіпкерлерден жеткізілуін және елді мекендерге де қатты отын тапшылығы орын алмауын қатаң бақылауға алу керек екенін ескертті.

Мәжіліс соңында қала әкімі сала басшыларына жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындап, жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуді тапсырып, барлығы тікелей өз бақылауында болатындығын жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: