Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қазантаев әкім болған кез: Қала тіршілігінде қандай өзгеріс бар?

01.01.2021

1015 0

Тағы бір жыл тарих қойнауына енді.

Әкімдер мен басшылардың жыл бойғы атқарған жұмысына  ел тарапынан мақтау да, сын да тіпті ұсыныспікір де айтылатыны анық. Өткен жылғы сәуірдің 8-і күні шаһар тізгінін қолына алған Ғанибек Қазантаевтың әкім ретіндегі 8 айы қалай өтті? Ол бас шаһардың тыныстіршілігіне нендей өзгеріс әкелді?

Бұған дейін Сырдың бас қаласын 8 жыл бас­қарған Нұрлыбек Нәлібаев басқа қызметке ауыс­қанда «енді кім әкім болады екен?» деген сұрақ қызу талқыланғаны рас. Әрине, қаланың басшысыз қалмайтыны белгілі. Мәселе онда емес. Мәселе жаймашуақ күнінен шаңды дауылы басым, табысты тұрғындарынан гөрі мұқтаж отбасы аз емес, өзге қалалардағыдай гүрілдеп жатқан зауыт-фабрикалары жоқтың қасы, бір ғана Сырдариясына үміт артқан (дария суы да тартылып барады) дария жағасындағы қалаға кез келген емес, «қызмет ете алмасам, маған серт» дейтін іскер әкім керек. Әйтпесе «әкім болсам» деп армандап келіп, жыл толмай орын босатқандар да қала тарихында жоқ емес. Көп айтып не керек, өткен жылдың сәуір айында Ғанибек Қазантаев қала әкімі болып тағайындалды. Сырбойылықтар үшін  Қазантаев есімі жақсы таныс. Елге адал қызмет етуімен жұрт есінде қалған әке абыройы мен атағын айтпағанда, өзінің біршама уақыт бұрын Сырдария ауданын басқарып, әкім ретінде жақсы ісі айтылады. Оның өмірбаянындағы атқарған қызметін емес, ел есінде қалған жақсылығы туралы тізбектесек, ауданда әкім болған тұста көзбояушылық  пен жалған ақпаратқа жол бермегенін айтады. Мәселен, әлеуметтік дүкендер сол уақытта мұқтаж отбасының қалтасына салмақ түсірмейтіндей бағаны ұстады, сондай-ақ аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан талантты балалар жоғары оқу орнында білім алуға аудан әкімінің грантымен оқыды, демеуші тапты. Сондай-ақ елдің ауыл үлкендерін, ақсақалын тыңдауға мүмкіндік жасап, республикада жүзеге асқан қоғамдық кеңес құру тәжірибесі осы Сырдария ауданынан басталғанын көпшілік ұмытқан жоқ.

Қазантаев әкім болған кез: Қала тіршілігінде қандай өзгеріс бар?

Аудан басшысы ретінде артында жақсы із қалдырған Ғанибек Қонысбекұлының Сырдың бас қаласын басқаруға келгеніне де жылға жуықтады. Осы жылдың 8 сәуірінде қала билігіне келген Ғанибек Қазантаев әкім орынтағына отырар алдында «Ел үшін қызмет етуге дайынмын» деді. Бір ауыз сөз жүрекке жылы тигенмен елдің жұмысты неден бастар екен, нендей мәселені қолға алар екен деп сынай қарайтыны сөзсіз. Алайда жаңа әкім қаланың қат-қабат тіршілігіне білек сыбана кірісіп кетуден бұрын, әлемді жайлаған індетпен күреске қызу кірісіп кетті. Тіпті қала әкімі ретіндегі алғашқы мәжілісі де қаланы індеттен құтқаруға арналды. Сондай-ақ қалаға қарасты ауылдарды аралап, ел ақсақалдарымен кездескен қала басшысының ауылдарға барғандағы ауыл әкімдеріне ең бірінші тапсырған тапсырмасы – қоғамдық кеңестің қызметін күшейту және ауылда кәсіпкерлікті дамыту болды. Ал қала тіршілігіне кірісуді тазалықтан бастады. Табиғаты ерек Сыр шаһарында тазалық жұмысын жүйелі жүргізу үлкен күшті талап етеді. Желді күні пакеттер аспанда айналатын көрініс талай сынға ұшырағаны да белгілі. Алайда соңғы жылдары (Нәлібаев басқарған жылдары) қала тап-тұйнақтай болған еді. Жұмысын қала тазалығын көруден бастаған Қазантаев ең алдымен «Қала тазалығы» мекемесіне барды. Атқарылған жұмысты да, мәселені де бағамдаған жұмысы нәтижесіз болған жоқ. Себебі қаланың қайсыбір шағын ауданында болсын, күл-қоқыс тау болып үйілген көшелер болатын. Тұрғындардың бәрі сол жерге қоқыс тастауды әдетке айналдырғаны сонша, көше бойындағы үй тұрғындары қоқысқа көміліп, жазықсыз жапа шегетін. Мұндай көше тұрғындарының дауысы да билікке жетті. Қала ішінде көше бойына қоқыс тастау назарға алынып, қаншама көше қалтарысындағы алаңқайлар қоқыстан тазарды. Соның бірі «Арай» шағын ауданындағы «Гүлдала» көшесі еді. Бұл бір ғана мысал. Бұл туралы көше тұрғындарының қуанышын жазған  едік. Алайда қала тазалығы көше тазалығымен бітпейтіні белгілі. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу секілді түйіні шешілмеген мәселелер де алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс.

Қазантаев әкім болған кез: Қала тіршілігінде қандай өзгеріс бар?

Өткен жылдың сәуі­рінде қызметке кіріскен Қазантаев қаланың түйткілді мәселесімен бетпе-бет кездесті. Келе салып, сенбіліктерге шығып, көшет еккен ол жылдар бойы шешімін таппаған аяқ су мәселенің шешу жолын іздеді. «Қаланың аяқ сумен қамтылуын өз қадағалауымда ұстаймын» деген шаһар әкімі қоқысқа толы арық жүйлерін өзі бастап, қосшылары қостап, бірге тазалап, су арнасының көзін ашып, қаланы жаз бойы аяқ сумен қамтамасыз етуге барын салды.Аптаның демалыс күндерінде дария жағалап, қалай болғанда да қаланы суландыру жүйесін мамандармен бірге ақылдаса шешу жолын іздеген ол кешегі жазды қала арықтарын мүмкіндігінше сусыз қалдырмады. Тіпті 20 жыл су көрмеген қалалық канал арнасын ашып, сол арқылы қала орталығын аяқ сумен қамтамысыз етудің жолын тапты, демеушілер есебінен насос қондырғылар орнатты. Қысқасы, сылтау айтпады, қалаға аяқ су әкелуге тырысып бақты. Айтпақшы, аяқ су жеткізуде ауылдарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Қызылөзек ауылдық округіндегі Айнакөл ауылы тұрғындарының аяқ су тапшылығынан бақша еге алмай отырған жағдайын көрген қала билігі тез шешім қабылдап, насос қондырғысын орнатып, тұрғындардың картоп егуіне жағдай жасады. Есесіне, ел алғысын айтты.

Қаланың өзекті мәселесінің бірі – қоғамдық көлік жайы болса, жағдайды көзбен көргісі келсе керек, әкім аялдамада автобус күтіп, автобусқа мініп көрді. Алайда қоғамдық көлік жайы бір күнде шешімін табар мәселе емес.

Қазантаев әкім болған кез: Қала тіршілігінде қандай өзгеріс бар?

8 ай ішінде қала әкімінің «халықтың тілі, құлағы, үнімен» санасатынын байқатты. Қала билігіне келгеніне үш ай толғанда журналистермен кездесіп, ашық пікірлесті, мәселені тыңдады. Қаланың түйткілді мәселесін бірге талқылауға дайын екенін білдірді. Тіпті үш ай сайын дөңгелек үстел басында кездесіп, айтылған мәселенің нәтижесін талқылап отыратынын да жасырмады. Тіпті үш ай бойы жарнамасыз, әрбір жұмысына журналистер шақырмай-ақ іске кіріскен қала әкімінің осы кездесуде өз арман-мақсатын айтып, ағынан жарылғаны болды. Өзінің бұл қызметке мансап қуып келмегенін айтып, өзінің бар арманы әке атына кір келтірмеу екенін перзенттік парыз деп ұғатынын да жасырмады. Журналистермен бүкпесіз әңгімеде әкім үш ай ішінде қаланың орталығын ғана емес, әр түкпірін аралағанын, бұрыш-бұрыштағы күл-қоқыстан арылу жұмысы басталғанын атап өтті. Сондай-ақ БАҚ өкілдері тарапынан «Журналистер аллеясын» ашу ұсынысы да айтылған болатын. Ұсыныс жерде қалмады. Жыл аяғында қалада «Қаламгерлер аллеясы» ашылды.

Қазантаев әкім болған кез: Қала тіршілігінде қандай өзгеріс бар?

Қала билігінің өз командасына жоғары талап қоятыны да байқалады. Мәселен, «бөлім басшысы ауыл әкімінің сөзін айтпау керек», «Ауыл әкімдері халыққа мемлекеттік бағдарламаны қаншалықты білетінін бағамдау үшін олардан тест алу керек», «Әлеуметтік дүкенде не бар?» деген әкім талабы әр салада нәтижелі жұмысты талап ететінін байқатады.

Сонымен қатар биылғы қала күні мерекесін от шашусыз сырттан әнші шақырып, дүркіретпей-ақ, оның орнына қайы­рымдылық шараларын өткізгенді жөн көрген әкімнің бұл бастамасы оның болмысын айқындай түскендей. Яғни әрбір қадамын, әрбір қолға алған ісін жарияға жар салуды жөн көрмейтін қала билігі үндемей іс бітіргенді қалайтыны байқалады.

Жылдың 8 айында қала билігінің ұстанымын байқадық. Бірінші, тұрғындарды әуре-сарсаңға салмау. Екінші, ел сұра­нысына сай қызмет ету. Үшінші, халық қалаулыларымен, БАҚ өкілдерімен жүйелі кездесу арқылы қаланың түйткілді мәселесін сараптап отыру.

Қазантаев әкім болған кез: Қала тіршілігінде қандай өзгеріс бар?

Әрине, қай кезде де жаңа әкімнен ел жаңалық, тың жоба күтетіні рас. Қала әкімі Ғ.Қазантаевтың келуімен биыл жыр болған шыны зауытының іске қосылуы да жақсылықтың белгісі. Жүздеген тұрғынның жаңа баспанаға ие болып, қоныстойын тойлағанын айта кеткен жөн. Алайда бұл қала әкімі жұмысына берілген баға емес екені белгілі. 8 ай бойы қаланың тыныс-тіршілігін зерттеп, түйінін тарқатудың жолын зерделеген Ғанибек Қонысбекұлының қалаға серпін әкелер жаңа бастамалары енді басталатын сияқты. Себебі уақыт талабы қала тіршілігіндегі күнделікті мәселенің ше­шімін табумен ғана айналысуды көтермейді. Бір кездері қала басқарған Бақберген Досманбетов «Адамдар сияқты әр қаланың өз тағдыры бар» демекші, әр қаланың арманы да бар. Кезінде тағдырына ел астанасы болу бақыты бұйырған дария жағасындағы қала сол беделін уақыт өткен сайын биіктете түскенін қалайды. Уақыт көшінен қалғысы келмейді, ақылды қалаға айналғысы келеді, тұрғындарының қолын жылы суға малып, жақсы жағдай жасағысы келеді. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындарын бақытқа бөлегісі келеді. Ал бұл арманның орындалуына бірден-бір себепші – қала билігі.

Депутаттар не дейді?

Гүлшат Мұсаева, Қызылорда қалалық мәслихат депутаты:

– Алдымен Қызылорда қаласының дамуын сипаттайтын көрсеткіштерге тоқталайық: әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша өткен жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 350,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 98,6 пайызды құрады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Демек жыл соңына дейін былтырғы жылғы межеден асып түсу мүмкіндігі бар екені белгілі.

Жасалатын барлық жұмыстар бюджетке байланысты екендігі баршаңызға аян. 2021 жыл­дың басында қала бюджеті 52,0 млрд теңге болып бекітілсе, бүгінгі күні қала бюджеті 64,3 млрд теңге болып нақтыланды. Оның ішінде, өз кірістері 17,5 млрд теңге болса, трансферттер 24,6 млрд теңге. Қала бюджетіне берілген субвенция 16,8 млрд теңгені құрады.

Келесі назар аударатын жайт қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің қатарындағы құрылыс саласын атауға болады. Осыған орай, қазіргі таңда халықты толғандыратын аса өзекті мәселенің бірі және бірегейі баспана жайына тоқталайық. 2020 жылы бастау алған Сырдария өзенінің сол жағалауында арендалық 590 пәтерлі 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 588,2 млн теңге, СПМК-70 тұрғын ауданынында ипотекалық 640 пәтерлі 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 5 млрд 460,5 млн теңге қаржы бөлінді.

2021 жылы 2 млрд. 323 млн. теңге СПМК-70 №2 тұрғын ауданында ипотекалық 300 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастауға және арендалық 250 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастауға 275 млн теңге бөлінді. Нәтижесі жаман емес, қаншама кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасылар, апатты тұрғын үйлерде тұрып жатқан тұрғындар  баспаналы болды.

Біздің өңірдің ғана емес, жалпы бүкіл әлемде халықты лайықты жұмыспен қамту өзекті мәселе, өйткені бұл көптеген тұрғындардың негізгі кіріс көзі болып табылады. Сондықтан да үнемі назарда, осы бағытта үздіксіз жұмыстар жасалуда. Қалада 6534 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, жыл аяғына дейін 8527 жаңа жұмыс орындары ашылды, яғни, жаңа жұмыс орындарының жоспары130,5 процентке орындалды.

Тағы бір көрсеткіштің қатарында кәсіпкерлік саласын атауға болады. Кәсіпкерлікті дамыту халықтың әл-ауқатын арттыруға, түйткілді мәселе  саналатын жұмыссыздық проблемасын шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Бұл салада да ілгерілеушілік байқалады. Атап айтқанда, бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының аясында жалпы құны 11 млрд 552 млн теңгені құрайтын 653 жоба қаржыландырылып, жаңадан 687 жұмыс орны ашылды.

«Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша құны 937 млн теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылып, жаңадан 13 жұмыс орны ашылды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биылғы жылы 110 маманға көтерме жәрдемақы үшін 32,1 млн теңге, 33 маманға баспана алу үшін 140,2 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. 

Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында «Саяхат» шағын ауданынан жеке инвестор есебінен 348 орындық мектеп, Сабалақ саяжайынан 300 орындық жеке мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Өткен жылдың 8 айында атқарылған жұмыстарының негізгі бөлігін жоғарыда баяндадық. Жұмыс жүрген жерде кемшілік те болатыны белгілі.

Мысалы, орындалмай қалған жұмыстың бірі жайлы баяндайын. «NUR OTAN» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында Қызылжарма ауылдық округінде 900 орынға арналған жаңа мектеп салу қарастырылған. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығынан бастап қолға алынатындығы айтылған болатын. Дегенмен, жаңа мектептің құрылысы кейінге шегерілді. Қаншама тиісті органдарға депутаттық сауал, өтініш хат жолдадым, алған жауабым: «алдағы 2022 жылы басталып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр». Мұның өзі нақты емес. Ауыл тұрғындарының «белгісіз бір себептерге» байланысты мектеп құрылысы мүлдем жүргізілмеуі мүмкін деген күдіктері басым.

Қызылжарма ауылдық округіндегі С.Әлжіков атындағы №144 мектеп 1200 орынға арналған, бірақ мұнда 2800 бала 3 ауысымда білім алуға мәжбүр. Ауылдық округтегі тұрғын үйлер аумағының кеңеюі нәтижесінде балалар мектепке 2 шақырым жерден жаяу қатынайды. Осыған орай, ауылдық округте халық санының, оның ішінде мектеп жасындағы бала санының жылдан-жылға күрт өсуіне орай, бұл мектеп ғимаратын салу аса қажет.   

Қорыта айтқанда, алда жүзеге асырылуы тиісті қаншама кезек күттірмес шаруалар жетерлік. Қаланың 2025 жылға дейінгі даму жоспары, қаланың 2022-2024 жылдарға арналған 3 жылдық бюджеті бекітілді, соның негізінде жұмыстар жүйелі атқарылатын болады.

Айгүл Мұсабаева,

Қызылорда қалалық мәслихат депутаты:

– Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы апталық жұмыс жоспарына «депу­таттық сағат» енгізді. Бұл халық қалаулыларының қаланың түйткілді мәселесін тікелей шаһар басшысына жеткізуге мүмкіндік. Бұл бастама тұр­ғындар көтерген түйінді мәселелерді бірлесе шешуде нәтижесін беруде. Қала әкімімен кездесуде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағ­дар­ламасы және партиялық жоба­лар­дың орындалуын жүзеге асыру мақ­сатында өз тарапымнан бірнеше мәселе көтердім. Мәселен, шағын және орта бизнесті қолдау. «Бизнестің жол картасы-2025», «Бастау бизнес» жобаларын үйлестіру мақсатында, яғни қайтарымсыз несиені әр адамға 500 000 теңгеден емес, 10 кәсіпкерге 5000000 теңгеден берсе, табысқа қол жеткізуге мүмкіндік болар еді. Бұл қаржыға тігін цехын, шаштараз, кондитер цехы, құрылыс цехы және тағы басқа кәсіпорындар ашылып, тұрақты жұмыс орнын ашса тиімді болар еді. Мектеп оқушыларының қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуы негізгі мәселелердің бірі. Қаладағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мек­тептің және №12, 233, 278 мектеп жанынан автотұрақтар салу ұсынысым қолдау тауып, 2022 жылдың бюджетіне енгізу тапсырылды.

Сондай-ақ «Баламекен», «Шанхай», «Титов», «КБИ», «Белкөл» шағын ау­дандары тұрғындарына жылжымалы мәдени шаралар ұйымдастыру қажет­тігін көтердім. Шет аймақ тұрғын­дары үшін кешкі уақытта қала орта­лығына келу қиын. Бұл ұсынысты облыстық жастар ресурстық орталығы мамандарымен бірлесе жүзеге асыр­дық. 

Қала жастарының бос уақытын тиімді өткізу үшін Қорқыт ата ке­шеніндегі амфитеатрды жандандыру қажеттігін жеткіздім. Бұл ұсынысым да қолдау тауып, амфитеатр қайта жаң­ғыратын болды. Сонымен қатар сессияда, тұрақты комиссия отыры­сында, рейд жұмысы кезінде қоғамдық көлік мәселесі көтеріліп, тапқан табыс кеткен шығынды толық ақтамайтыны ескеріліп, кіші сыйымдылықта тасы­малдаушы кәсіпкерлерге субсидия бөлінді. Әттеген-ай тұсы, кейбір көп­қабатты тұрғын үйлердегі жылу мәселесі, жылу жүйесіне қайта жаң­ғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Кей тұрғындар тарапынан коммуналдық төлем уақытылы төленбейтіндіктен ақпараттандыру-насихат жұмысы жүр­­гізілсе. Осы мәселені шешу мақ­са­тында жаңа механизмдерді іске қосу қажет деп есептеймін.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: