Қала әкімі Асылбек Шәменовтің тұрғындармен кездесуі сәрсенбі күні Қызылөзек және Талсуат ауылдық округінде өтті.
Аталған екі ауылда да «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл атқарылатын істер ауқымды. Мәселен қызылөзектіктер үшін маңызды болған көшелерді жөндеу үшін республикалық бюджеттен 173 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған ауылдағы 2 көшеге асфальт, 4 көшеге малта тас төселетін болады. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 4 млн 500 мың теңгеге түнгі жарық бағаналарын орнату, электр бағаналарын қайта жаңғырту көзделуде. Халықтың сұранысына сай елдімекендегі «Қожақ» автомобиль көпіріне де жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінде оның жоба-сметалық құжаттарына 5 млн 200 мың теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ ауылда биыл балалар ойын алаңы да бой көтермек.
Талсуат елдімекенінде де алдағы уақытта қызу тірлік басталғалы тұр. Мұнда да «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен 65 млн 200 мың теңгеге 8 көше жөнделеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар 7 көшеге жергілікті бюджет есебінен жарық бағаналары орнатылады. Ал талсуаттықтар көптен күткен 150 орындық ауылдық клуб мамыр айында пайдалануға беріледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!