Биыл Қызылорда қаласы және оған қарасты ауылдарға барлығы 53 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде 238 көшеде жол жөндеу жұмыстарына 12 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаражаттың ішінде Қосшыңырау ауылдық округіндегі 11 көшенің жолын жөндеу, жарық және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары да енгізілген. Мұндай мәліметтерді қала әкімі Асылбек Шәменов Қосшыңырау ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде айтты.
Қысқаша мәліметтерге тоқталған соң қала басшысы ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Ең бірінші сұрақ кездесуге қала әкімімен бірге келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевқа бағытталды.
«Бұрындары ауыл ардагерлері жиналып, шипажайға демалуға баратынбыз. Қазіргі кезде де басқа аудан, ауыл ардагерлері барып жатыр дегенді естиміз. Бірақ Абай ауылының бір ақсақалы мен ақжаулықтысы барған жоқ. Өз қаражатымызға болса да барғымыз келеді. Сондықтан неге ұйымдастырмасқа?» − деп сұрады ауыл тұрғыны Бармагүл Әбжанова.
Бұл сұраққа облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев: «Абайлықтар мен үшін қашанда ыстық. Сұрағыңыз да орынды. Ең соңғы рет 10 жыл бұрын «Игілік» деген қор арқылы облысқа барлығы 2200 жолдама берілген. Көп ардагеріміз осы жолдамамен барып, демалып келген. Бүгінде мұндай жолдама беру тоқтап тұр. Дегенмен биыл осы мәселені қайта қолға алып, облыс әкіміне 6 шипажайға баруға 750 жолдама беру туралы ұсыныс жасадық», − деп жауап берді.
Кездесуде қала әкімі ауылға тартылатын газ жүйесі туралы да айтты. Экономика министрінің өңірге сапарында мәселе көтеріліп, биыл осы жобаға қаржы бөлінген. Қала басшысы мердігер мекемеге қажетті материалдарын алуға алдын ала төлем жасалғанын, жыл аяғына дейін жобаны аяқтау керектігін айтты. Сондай-ақ ауыл әкімі Сейдуали Әбдіқадыровқа құрылыс жұмыстары аяқталған тұста қазылған жерлерді уақытылы реттеуді арнайы тапсырды.
Бұл мәселеге байланысты ауыл тұрғыны Өмірсерік Оңалбаев жұмыстардың нақты қашан басталатынын, сызбаны кім жасайтынын сұрады. Сондай-ақ сызбаны жасар алдында ауыл тұрғындарымен ақылдасса, халықтық комиссия құрса, мердігер мекеме халықпен кездессе деген ұсынысын жеткізді.
«Мердігер мекеме «Ремстроймен» келісімшарт жасалып қойды. Жұмыс кестесі мен аяқталу мерзімі жақында бекітіледі. Ал жобаның сызбасы, яғни ауылға құбырдың қалай тартылатыны туралы сызба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытындысын алып қойған. Ол өзгермейтін сызба. Егер жобада қалып қойған үйлер болса мердігермен келісіп, жеткізіп беру керек. Бұл тапсырманы ауыл әкімі мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев, өздеріңе жүктеймін. Сосын ауыл әкімі мердігермен бірігіп халыққа жобаның презентациясын өткізсін. Халықтық комиссия да құрылыс жұмыстарын бақылай алады», − деп жауап берді қала әкімі.
Жиында тағы бір маңызды мәселе айтылды. Ауыл тұрғыны Ғалия Қаппарқызы «сиыр фермасы» учаскесі жаққа жол салып, ауызсу керектігін жеткізді. Бірақ бұдан да маңызды мәселе барын айтты. «Біздің аумақтағы үйлерден 200 метр жерде әскери бөлімнің полигоны орналасқан. Оларға бұл жерді қай заңдылыққа сүйеніп бергенін білмейміз. Бірақ олар оқу-жаттығу өткізген сайын гүрс-гүрс жарылыс. Үйлеріміздің қабырғасы жарылып, бітті. Мұнда 13 үй бар. 13 үйде қанша адам бар. Қалай дегенмен оқтың иісі, жарылыстың денсаулыққа зияны бар ғой. Одан бұрын егістікке де бара алмай отырмыз, оқ тие ме деп қорқамыз», − деді.
Қала әкімі полигон республикалық деңгейдегі мәселе екенін айтты: «Оны көшіруді қарастыру керек. Әдепкіде белгілі бір нормативке байланысты берілген жерлер шығар. Ескерту жасалады. Ал ауызсу жеткізу бойынша маусым-шілде айында республикалық бюджетті нақтылау болады. Міне, соған дейін жобасын дайындап, өткізу керек. Жолдың қаражаты бөлінген, алдағы уақытта жұмыс басталады», − деді.
Одан бөлек жиында ауылдағы электр күшінің аздығы, трансформаторлардың тозғанына байланысты алдағы уақытта жұмыс басталатынын, жобаның дайын екені айтылды. Ал спорт кешені бюджет бекітіліп қойылғандықтан биыл салынбайды екен. Келесі жылға жоспарға енгізілмек. Кәсіпкерлерге жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында салу да ұсынылуда. Сондай-ақ мектепті жаңғырту жобасы дайын болғанымен бюджеттік қолдау табылмай отыр-мыс. Сонымен қатар ауыл жастарының мектеп спортзалында жаттығу өткізуіне рұқсат бермеуі себебін мектеп директоры «Күндіз дене шынықтыру сабақтары, ал кешке үйірмелерден босамайды», − деп түсіндірген еді. Бірақ қала әкімі директорға ыңғайлы кесте жасап, жастарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасауды тапсырды.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!