Соңғы жылдары қала ерекше құлпырып, келбеті жаңарып-жасарып келеді. Таза көше, жаңғырған жол, әсем үйлер мен түрлі архитектуралық үлгімен салынған ғимараттар, заманауи ойын-сауық орталықтар – бәрі-бәрі алыстан көз тартады. Әсіресе көктем-жаз айларында шаһар ерекше шырайлана түседі. Хош иісті гүлзар мен абатты аллеялар көңілге жайлылық сыйлайды. Бір қуантарлығы, мұндай оңтайлы өзгерістер мен толымды істер игілігін көруде тек қала орталығы ғана емес, шеткі аймақ та көлеңкеде қалмапты. Жаңарудың, өрлеудің өзгеше лебі еседі.
Бүгінде облыс орталығында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Бұл жыл сайын қала экономикасының өсе түскендігін аңғартса керек. Сыр өңірінде құрылыс қарқынды дамып келеді. Оны көзіміз көріп жүр.
Айта кету керек, қала әкімі Ғанибек Қазантаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралауды әдетке айналдырды. Алдыңғы апта да қаланың сол жағалауына барып, ондағы құрылыс барысымен танысты. Бүгін міне, Арай-3 мөлтек ауданынан жеке мектеп құрылысына берілетін жер учаскесіне барды. Алдағы уақытта салынатын жаңа білім ошағына бұл аумақтан 3 гектарды құрайтын арнайы жер телімі дайындалған. Қазіргі кезде жобаны жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Айта кету керек, соңғы жылдары жеке инвесторлардың көмегімен қаламызда бірнеше мектеп бой көтеріп, халық игілігіне берілуде.
Одан кейін қала әкімі СПМК-70 тұрғын ауданындағы 640 пәтерді құрайтын 13 көпқабатты тұрғын үй құрылысының жұмысымен танысты. Аталған нысанға бірнеше құрылыс компаниялар жұмылдырылған. Олар бекітілген мерзімге сәйкес, жыл соңына дейін тұрғын үйлерді тапсырмақ. Қала әкімі бүгінгі құрылыстың сапасына аса мән беріп, құрылысшылармен кездесу барысында асығыстық сапаға нұқсан келтіретінін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы топ күнделікті жұмыстың жүруін бақылайтын ескертті.
Қашанда қаланың шет аймағында тұратын тұрғындардың мәселесі – басты назарда. Оларды ауыз су, көгілдір отын, жол, жарық мәселесі толғандырады. Дегенмен жыл сайын бұл түйткілді мәселелер де оң шешімін табуда. Бұл жолы қала әкімі «Сабалақ» саяжайындағы ауыз су желісінің құрылысын көзбен көрді. Қазіргі кезде екі кезең бойынша атқарылған жұмыстар аяқталды. Бір қуантарлығы, «Сабалақ» саяжайының халқына сапалы ауыз су беріле бастады.
Қызылорда қаласында бұл күнде бірнеше нысандар мен көпқабатты үйлердің құрылысы жарыса бой көтеруде. Мұның бәрі құрыш білекті құрылысшылардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда күн санап көркейіп келеді. Бұл көңіл қуантады.
Ақмарал ОЛЖАБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!