Сырдың бас шаһарындағы құрылыс қарқын алды. Бүгінде қаланың әр бұрышында мезгіл таңдамай, уақытпен санаспай қала тіршілігінің тамырына қан жүгірткен құрылыс жұмысы қыза түсті. Мұны қаланы бір аралап шыққан қарапайым тұрғын да байқайды. Зәулім үйлер мен ғимараттар, жөнделген жолдар, жаңарған ойын алаңдары мен саябақтар жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Қаладағы қарқынды құрылыс күн сайын бой көтерген зәулім үйлерден байқалады. Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында ай сайын жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі десек артық айтқандық емес. Баспана басты мәселе десек, тұрғындардың көкейтесті мәселесі жыл сайын жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, «Тұрғын үй құрылысын салу» бағдарламасы бойынша 2886,4 млн теңге қаланың сол жағалау бөлігінде №2 шағын ауданында 40 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға бөлінген. Жоба құны 8 млрд 649,1 млн теңгені құрайды, жалпы ауданы 28 905 шаршы метр. Өткен жылы бұл мақсатқа 5 млрд 762,5 млн теңге бөлінген. Жоспар негізінде 2845,9 млн теңге толығымен игерілген.
– Кезекте тұрған көпбалалы және осал топтағы азаматтарға пәтер сатып алуға қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге осал топтағы кезекте тұрған отбасыларға 324 пәтер, үш бөлмелі ипотекалық 21 пәтер сатып алынды, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.
Инфрақұрылым – қала тіршілігінің негізгі өзегі. Тұрғындар мәселесіне арқау болатын да осы инфрақұрылым жайы. Жыл сайын қала инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Тағы да сандарды сөйлетейік. Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына 6 455,7 млн теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 460 млн теңге «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауы №2 шағын ауданынан 5 қабатты 10 тұрғын үйдің коммуналдық инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы» жобасына бөлінген. Сондай-ақ Ұлттық қор есебінен 732,1 млн теңге «Жезқазған тас жолының бойындағы 150 га жерге инженерлік желілер құрылысы, қиыршық тас жол құрылысы» жобасына бөлініп, толықтай игерілген. Бұл жұмысты «Қыран» ЖШС мекемесі атқарды. Ал облыстық бюджеттен 953,6 млн теңге бөлініп, жоспар бойынша 705,4 млн теңге қаржы толықтай игерілген. Атап айтқанда, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №5 тұрғын кварталының инженерлік инфрақұрылымының құрылысы бас жоспар және телефон желілері жобасына 553,5 млн теңге бөлініп, 416 млн теңге қаржы игерілген. Жаңа тұрғын үйлерді абаттандыру жұмысы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Атап айтқанда, сол жағалау шағын ауданындағы 180А, 180Б, 180В, 180Г, 180Д көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыруға 214,4 млн теңге қаржы бөлініп, 104 млн теңге қаржы игерілген. Сонымен қатар қалалық бюджеттен 475,1 млн теңге бөлініп, 326,9 млн теңге қала аумағында жүргізілетін инфрақұрылымдарға ЖСҚ әзірлеуге 55,9 млн теңге және сол жағалау шағын ауданындағы 180А, 180Б, 180В, 180Г, 180Д корпусы мекенжайы бойынша көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыруға 204,3 млн теңге бөлініп, 122,6 млн теңге игерілген. Сол жағалаудағы тұрғын үй салу үшін бас жоспар жүргізуге 177,8 млн теңге бөлінген.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қалаға қарасты ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға үлкен септігін тигізгені анық. Бағдарлама аясында қалаға қарасты Қызылжарма ауылында 67 көшеге электр желісін тартуға республикалық бюджеттен 350 млн теңге бөлініп, елді мекенді жарықтандыру жұмысын мердігер мекеме «Сәт Сервис» ЖШС атқаруда.
Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде ұлттық қор есебінен 1932,1 млн теңге бөлініп, оның 1888,3 млн теңге қаржысы игерілген. Бұл қаржыға қандай жұмыс атқарылды дегенге келейік.
– Ақсуат ауылдық округіне қарасты жаңа қоныс аумағының электр желісін жүргізу жұмысын жалғастыруға 573,1 млн теңге бөлініп толықтай игерілді. 2024 жылы осы жобаны бастауға 80 млн теңге бөлінген. Жоба құны 1 004,9 млн теңгені құрайды. Жоба аясында ВЛ 0,4 кВ- 41,3 км, ВЛ 10 кВ-11,3 км электр желісі 560 тұрғын үйге жүргізіледі.
Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Досан елді мекеніндегі жаңа қоныс аумағына электр желісін жүргізу жобасын жалғастыруға 307,1 млн теңге бөлініп толық игерілді. 2024 жылы жұмысты бастауға 50 млн теңге бөлінді. Жоба құны 391,8 млн теңгені құрайды. Жобаны толық аяқтауға қалалық бюджеттен 39,2 млн теңге бөлінді. Жоба аясында ВЛ 0,4 кВ-17,9 км, ВЛ 10 кВ-9,7 км электр желісі 604 тұрғын үйге жүргізіледі.
Қызылжарма ауылдық округінде электр желілерінің құрылысын аяқтауға 363,9 млн теңге бөлінді. 2023 жылы облыстық бюджеттен 100 млн теңге, 2024 жылы республикалық бюджеттен 48 млн теңге, Ұлттық қордан 131,5 млн теңге бөлініп, игерілген. Жоба құны 643,2 млн теңгені құрайды. Жоба аясында ВЛ 0,4 кВ-24,1 км, ВЛ 10 кВ-2,2 км электр желісі жүргізіліп, қабылдау актісімен тапсырылды. Жоба бойынша 39,1 млн теңге қаржы үнемделуде.
Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Қараөзек ауылы, Қараөзек бекеті, Айнакөл ауылдарына «Электр тарату желілерін қайта жаңғырту» жобасын жалғастыруға 688,1 млн теңге бөлініп толық игерілді. 2024 жылы 85,2 млнтеңге бөлінді. Жоба аясында ВЛ 0,4 кВ- 44,7 км, ВЛ 10 кВ-10,2 км электр желісі 672 тұрғын үйге жүргізіледі. Жоба құны 1166,6 млн теңгені құрайды, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Серікұлы.
Елді мекендерді газдандыру жұмысы да өңірде жүйелі жүргізілуде. Тағы да қалалық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қалаға қарасты елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2 177,8 млн теңге бөлініп, жоспар бойынша 1 170,5 млн теңге толық игерілген. Ұлттық қор есебінен 725,4 млн теңге Сабалақ елді мекеніне орамішілік газ желісі және ШГРП құрылысы, 1-ші іске қосу кешенін жүргізуге бөлініп толықтай игерілді. Жоба құны – 1 036,3 млн теңге. Облыстық бюджеттен 121,3 млн теңге Сабалақ саяжайына тұтынушыға дейін газ жеткізу жұмысына бөлініп, толық игерілді. Қалалық бюджеттен қала ішіндегі орамішілік газ құбырлары желісін салу жобасын аяқтауға бюджеттен 331,8 млн теңге бөлініп, 293,1 млн теңге жоспар бойынша игерілген.
Инфрақұрылымды жақсарту жайын айтсақ, бұл қатарда сумен қамтамасыз ету мәселесі назардын тыс қалмайтыны белгілі. «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында 6413,6 млн теңге бөлініп, 2574,2 млн теңге жоспар бойынша игерілген. Тоғыз айда атқарылған жұмыстар жайын баяндаған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар бұл мақсатта да атқарылған жұмыс аз емес екенін айтты.
– Ұлттық қор есебінен 821,8 млн теңге бөлініп, «Қызылорда қаласында ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70,0 мың м3 биологиялық тазарту станциясын жаңарту және автоматтандыру» жобасын жалғастыруға 720,407 млн теңге бөлініп 511,4 млн теңге игерілді. 2023 жылы басталған «Қызылорда қаласының кәріздік сорғы станцияларын реконструкциялау және жаңғырту. Рабочая көшесінің бойындағы 3 агрегатқа арналған №13 «Гагарин» КСС» жобасын жалғастыруға 101,4 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар облыстық бюджеттен 3864,1 млн теңге бөлініп жоспар бойынша 1302,6 млн теңге толықтай игерілді. Бөлінген қаржыға қаладағы Камалов көшесі бойымен Н.Шаменұлы көшесінен Көкенов көшесіне дейін су құбыры желісін қайта жаңарту жобасына 216921,3 млн.теңге бөлініп, жоспар бойынша 63,3 млн теңге игерілді. Ге Бон У көшесі бойымен Қазақстан көшесінен Ш.Айманов көшесіне дейін, Ремонтников (Киселев) көшесі бойымен Қазақстан көшесінен Ш. Айманов көшесіне дейін, Путейцев көшесі бойымен Қазақстан көшесінен Жанқожа батыр көшесіне дейін су құбыры желісін қайта жаңарту жобасына 294,1 млн теңге бөлініп 100 млн теңге игерілді. Сонымен қатар Байсейітова көшесінен «Сейхун» институты, «Евразия» спорт кешені, Есенов көшесі, Мұратбаев атындағы орталық стадионнан №5 КНС-ке дейінгі өздігінен ағатын кәріз желісін қайта жаңғырту жобасын жүргізуге 202,8 млн теңге бөлініп 100 млн теңге игерілді. Қаладағы Ыдырысов көшесі, Журба көшесінен Ыдырысов тұйығына дейінгі су жүйелерін қайта жаңғырту жобасын жүргізуге 104,2 млн теңге бөлініп 20 млн теңге игерілді. Қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінде жалпы қуаттылығы 1440 текше метр болатын 3 дана ұңғыма бұрғылау жобасын жүргізуге 282,9 млн теңге бөлініп 207,7 млн теңге игерілді. Белкөл кентінде су құбыры, кәріз желілерінің құрылысын жүргізуге 70,5 млн теңге бөлініп 47,2 млн теңге игерілді. Сабалақ елді мекеніне су қоймасының құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 415,1 млн теңге және қала бюджетінен 200,4 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде жеңімпаз «Авангард ПГС» ЖШС жүргізуде. Облыс орталығындағы Ғ.Мүсірепов көшесіндегі көпқабатты №10 тұрғын үй, Скатков көшесіндегі №104, №111 тұрғын үйлердің, Скатков көшесі, Ғ.Мұратбаев көшесінен КНС-14 ҚҚ-72-ге дейінгі өздігінен ағатын кәріз желілерін қайта жаңғырту жобасына 245,9 млн теңге, Қызылорда қаласы орталық бөлігінің су құбыры желілерінің құрылысын бастауға 498,2 млн теңге, Торайғыров көшесіндегі су құбыры желісін, Махамбетов көшесіндегі су құбыры құдығынан Қорқыт ата көшесі бойымен КБИ шағын ауданындағы Достық көшесіндегі су құбыры құдығына дейін жаңарту жобасына 263,3 млн теңге, Қызылорда қаласында ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70,0 мың м3 биологиялық тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру жобасын аяқтауға 1157,9 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қалалық бюджеттен 1727,7 млн теңге бөлініп жоспар бойынша 760,2 млн теңге игерілді. Бұл қаржыға «Қызылорда қаласында ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70,0 мың м3 биологиялық тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру» жобасына 1329,4 млн теңге, «Сабалақ елді мекеніне су қоймасының құрылысына түзету» жобасына 200,4 млн теңге, «Тұран көшесіндегі су құдығынан бастап Ақжарма көшесіндегі су құдығына дейінгі су аралықтағы Өнеге (Свобода) көшесі бойындағы ауызсу жүйесі және Жас Алаш көшесіндегі су құдығынан бастап Ақжол көшесіндегі су құдығына дейінгі аралықтағы Тұмарөткел көшесі бойындағы ауызсу жүйесі» құрылысын салуға 130,3 млн теңге бөлінді, – дейді бөлім басшысы.

Әрине, бұл қаладағы құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Біз сандарды сөйлетуге тырыстық. Ал күн сайын қалада қарапайым тұрғын ретінде көзбен көріп, нәтижесін сезініп жүрген құрылыс нысандары қаншама?!
Құрылыс қарқын алған Сырдың бас шаһарында ауыз толтырып айтарлықтай ірі жобалар аз емес. Соның бірі «Қайсар арена» жаңа стадионы болса, екіншісі – жаңа жылу электр орталығының құрылысы. Өңірдегі электр және жылу энергиясының тапшылығын шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығының құрылысына инвестор «Акса энерджи» түрік компаниясы 137 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Жоба аясында 2 газ турбиналық қондырғы, 95 МВт-тық бу турбинасы, 2 бу, 4 жылу қазандығы салынады. Бұдан бөлек, бюджет есебінен 15 млрд теңгеге орталыққа дейінгі 45 шақырым газ құбыры, автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Станцияны биыл іске қосу жоспарланған. Бірінші кезекте бір газотурбиналық қондырғы мен 2 жылу қазандығы, келер жылы қалған қондырғылар іске қосылады деп жоспарланған.
Бүгінде Сырдың бас шаһарының сәулеті бөлек. Даңғыл жолдар, жаңарған ойын алаңдары, самаладай жарқыраған көше шамдары, зәулім ғимараттар мен саябақтардың көрінісі көңіл қуантады.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!