Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады.
Аймақ басшысы салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегінің орны ерекше екенін тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты өз Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге үлкен мән берді. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Себебі ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына тікелей әсер етеді.
Ветеринария саласындағы жұмыстарды ілгерілету үшін 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасын» жасадық. Ал, ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында биыл облыстық бюджеттен 111 млн. теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде өздеріңіз көріп тұрғандай, 2013 жылдан бері жаңартылмаған 15 қызметтік көлік ауыстырылды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады, -деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Іс-шарада тапсырылған 15 қызметтік көліктің Арал ауданына 4, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарына және Қызылорда қаласына 2 көліктен, Қазалы, Сырдария мен Шиелі аудандарына 1 автокөліктен жол тартты. Келер жылы да ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделіп отыр. Яғни, келер жылы 30 автокөлік, 140 компьютер, 140 дана термочемодан алынбақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!