Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
– Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» автомобиль көпірі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынып, бүгінде тозығы жеткен, қатынасқа қауіпті нысанның біріне айналған еді. Тұрғындар осы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді талай рет айтып, мәселе көтерген болатын. Ел сөзі елеусіз қалмай, оның жөндеу жұмыстарына 292 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазір мердігер «N Строй Сервис» ЖШС-гі өткелдің құрылысын жоспарға сай жүргізуде, – деді ауылдық округ әкімі Сәкен Нысанұлы.
Ауылда 2024 жылдан бастап 2025 жылға өтпелі кезеңмен жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі, ауыл тұрғындарының ең өзекті болып келген мәселесі – электр желілерін қайта жаңғырту. Бұл жоба аясында ауылдық округке қарасты 3 елдімекенге ВЛ-10 кВ электр бағаналары орнатылып, заманауи СИП электр желісі жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл 4 көшеге (Ж.Жабаев, Д.Сариев, Ж.Жабағиев тұйығы мен Айнакөл-1 көшесі) асфальт жол төселіп, Қорқыт Ата көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Алдағы уақытта Ж.Жабағыұлы көшесіне орташа жөндеу жұмыстарымен қатар, Қараөзек бекетінде балалар ойын алаңы салынады деп жоспарлануда. Өткен жылы ауылды газдандыру бағытындағы жұмыстар да бастау алды. «Дос Строй Проект» ЖШС мекемесі газдандыру жұмысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған соң, жобаны қаржыландыру жөнінде республикалық бюджетке ұсыным беріледі.
– Ауылдық округте 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламаларға жүгінген 5 ауыл тұрғыны 25 млн. 145 мың теңге қаражатқа қол жеткізіп, өз жобаларын жүзеге асыруда. Оның ішінде, 2 азаматтың жылқы малын өсіру жобасы қолдау тауып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 20 млн. теңге несиеге қол жеткізді. 2 ауыл тұрғыны – 3 млн. 145 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсіптерін бастады. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 млн. теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылды, – деп қорытындылады ауыл әкімі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!