Сенбі, 21 желтоқсан, 21:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылөзектегі «Қожақ» көпірі жөнделеді

24.05.2022

1111 0

Шаһар басшысы Асылбек Шәменовтің кезекті сапары Қызылөзек ауылдық округінде жалғасты. Ауыл халқы өздерімен алғаш жүздескен әкімге сауалдарын жолдап, түйіні шешілмей келе жатқан түйткілді мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.

– Ауылға кіреберісте «Қожақ» көпірі бар. Қазір 7-8 жылдың көлемі болды. Бетондары жарылып, сыр беріп тұр. Бұл жерден жеңіл көліктен бөлек, ауыр жүк көліктері өтеді. Бұл күнделікті күйбең тірлі­гімен жолда жүретін ауыл тұрғындары үшін өзекті әрі қауіпті болып тұр. Осы көпірді жөндеп берсеңіздер дейміз. Бұған дейін бірнеше әкім бұны көзбен көріп, шара қолданатынын айтқанымен, ешқайсысы уәделі сөзін орындамады, – деді Қызылөзек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарақұл Дармолдаев.

Қызылөзектіктерді қызыл кеңірдек қылған жалғыз бұл мәселе емес. Ауыл халқы дәл жанынан өтетін көгілдір отынның игілігін көре алмай отырғанына наразы.

– Бізден он-ақ минуттық жерде Сырдария ауданынан Тереңөзекке қарай өтіп бара жатқан газ құбыры бар. Мына жағымызда 12 шақырым жерде Талсуатқа қарай екінші құбыр өтіп бара жатыр. Біз сол екі ортада отырмыз. Шешелеріміз қартайса да әлі күнге отын жағып, күл шығарып жүр. Осы газ құбырының жүргізіп басталғаннан бері 15 жыл уақыт өтті. Көгілдір отынның игілігін қашан көреміз, – деді күйінген ауыл тұрғыны Мейрамбек Ұлтанбекұлы.

Бұған қала әкімі нақты жауап беріп, бұл бағытта жұмыстар жүргізіле­тінінен хабардар етті.

– Біз бұл мәселені бұған дейін зерттедік. Мәселе былай. Облыста газ схемасы бойынша жоспар бекітіледі. Бір уақытта барлық елді мекенді газбен қамту мүмкін емес. Мен әуелі мұнда қай уақытта газ жүргізу жұмысы жоспарланғанын қарайын. Сосын сол бойынша нақты жоспар құрып, жұмыс істейтін боламыз, – деді қала әкімі.

Тағы бір мәселе, ауылдағы Жамбыл Жабаев көшесі осыдан біршама уақыт бұрын жартылай жарықтандырылып, жартысы аяқсыз қалған. Ауыл халқы енді қалған түнгі жарық бағаналарын орнатып берсе деген талап-тілегін жеткізді.

– Ауылда қаншама халық тұрады. Олардың оқушы балалары бар. Ал көшеде қаңғыбас ит көп. Түнде жүре алмайды. Әсіресе қыз мезгілінде қиын. Осы мәселені біржақты етіп шешіп берсеңіз, – деді ауыл тұрғыны Қарақұл Жайықұлы.

Келелі кездесуде ауыл халқын толғандырған тағы осындай бірнеше мәселе көтерілді. Оның ішінде тұрғындардың табыс көзіне айналған бау-бақшаға аяқ су жеткізу және су тартуға арналған жаңа су сорғы насостарын алу сынды мәселелер сөз болды. Қала әкімінің сөзінше, Қызылөзектегі  «Қожақ» көпірін қайта салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, қаржысы сұралды. Бюджеттік өтінім мақұлданса, көпір құрылысы басталмақ.

А.БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: