Биыл облыстың құрылғанына 85 жыл толса, қаламызға – 205 жыл. Осы ретте қаламызды Қызылорда деп кім атағанын айта кеткенді жөн көрдік.
Тарихи деректерде Ақмешітте 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі өткені жазылған. Съезде екі тарихи шешім қабылданған. Олар – ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту.
Ұлтқа келгенде бәрі түсінікті, ал Қызылорда атауы ше? Тарихшы Х.Тұрсынның «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегіне Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Қожанов болса, ойлап тапқан Қожықов екенін көреміз.
Бейресми деректерде бұл атауға Бөкейханов пен Байтұрсыновтың разы болғаны айтылады. Себебі Қызылорданың мағынасы Алтын-Ордаға саяды.
Қызылорда бүгінде ерекше кейіпке еніп келеді. Салынған үйлер мен жолдарды айтпағанның өзінде, «Анаға тағзым», «Неке сарайы» пайдалануға берілсе, «Өнер орталығы» аяқталуға жақын. Жылу электр станциясы бой көтермекші, жаңа әуежай терминалы да салынуда. Осыдан-ақ Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады.
Мерекеңмен, Қызылорда! Өркендей бер!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!