Жұма, 27 желтоқсан, 08:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада жаңа нысандар көбеймек

16.11.2022

1040 0

Соңғы 7 ай ішінде Сыр өңірінде заманауи нысандар салу ісі қарқын алды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін бірнеше зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысан салу бастамасы сәтті жүзеге асуда.

Қала орталығынан бір мезетте Өнер сарайы, Неке сарайы мен Қан орталығының құрылысы басталды. Келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана салынады. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы Автобус паркі заманауи үлгідегі стандарттарға сай жаңа 82 көлікпен толықты.

Қызылордада жаңа нысандар көбеймек

Келер жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан құны 3,7 млрд.теңгеге 1000 орындық өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Мұнда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытында концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі. Аймақта шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы келер жылы тұрғындарға есігін айқара ашады. Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді.

Қызылордада жаңа нысандар көбеймек

Мемлекет басшысының биыл жариялаған «Балалар жылына» тарту ретінде Сыр елінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп бой көтерсе, «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде жаңадан «Оқушылар сарайы» еңсе тіктейді.

Шыны зауыты да алғашқы өнімдерін шығара бастады. Кәсіпорын өндірген 6 вагоннан тұратын алғашқы өнім Шымкент, Алматы және Астана қаласына жөнелтілді. Қазіргі кезде Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Үндістан елі қазақстандық шыны өнімдерін сатып алуға дайын. Алайда шетелге барлық өнімнің тек 30 проценті ғана сатылады. Негізгі міндет – ішкі нарықты қамтамасыз ету. Алдағы уақытта зауыттың жанынан 8 ілеспе өндіріс ашылып, шыны талшық, композиттік материалдар, айна және тағы басқа өнім түрлері жасалады.

Биыл «Акса энерджи» компаниясымен бірге қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд. теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады.

Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд. теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынады. Қазірдің өзінде өзге де демеушілермен 100 млн.теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет етеді.

Қызылордада жаңа нысандар көбеймек

Ерекше айта кету керек, спортсүйер қауым алдағы жылдары енді футбол ойындарын жаңа стадионда көруге мүмкіндік алады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында келер жылы жаңадан жабық стадион салынады.

Келесі жылы облыс орталығында Болат Өтемұратов қорының тікелей қолдауымен «Қызылорда Арена» көпбейінді заманауи спорт кешені бой көтереді. Мұнда олимпиада талаптарына сәйкес 50 метрлік 8 жолды бассейн, футболға арналған жабық алаң, спорттық ойын алаңы, жекпе-жек залы болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: