Жұма, 27 желтоқсан, 05:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда – ортақ үйіміз, оны таза ұстау бәрімізге міндет

14.09.2021

1617 0

Сыр өңірінің сыршыл ақыны Махмұтбай Әміреұлы сөзін жазған «Қызылорда вальсі» әні әлі күнге әр адамның туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қанаттандырып тұрады.

«…Шалқыған шаттық әні бақтарында,

Бөленген көшелері ақ қайыңға.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Айналған Сыр елінің мақтанына», –

деген өлең жолдары ерекше екпінмен елді баурап алады.

Тұран төрінде тұғыр тепкен қастерлі мекен – талай тұлғаға талбесік болып, тарихын тасқа жазған алтын аймақ. Осынау ордалы шаһардың шаттығы мен шырайын жыр қылып жазбаған, ән қылып айтпаған адам кемде-кем.

Алашқа ана болған айбары асқақ Ақмешіттің көркін кейде көше бойына бей-берекет тасталған қоқыс қалдықтары кетіріп тұратыны жасырын емес.

Облыс орталығы барлық жағынан аудандарға өнеге көрсетуі тиіс. Сыр бойына сырттан келген қонақтар ең алдымен Қызылорданың көркіне, келбетіне сүйсінуі тиіс. Ал ол үшін мұнтаздай таза ұстауымыз шарт. Өйткені көшелі елге айналғанымыз көшемізден көрінуі керек.

– Күнделікті көше бойына жиналған қоқыс үйіміздің іргесінде шашылып жататын. Оған осы маңдағы ит, мысықтар жиналып, есік алдын ластайтын. Қашан көрсең де құдды бір қоқыс алаңындай көңілге кірбің түсіріп тұратын. Қазір бәрі басқаша «Қызылорда тазалығы» жұмысшылары азанымен ерте келіп, бүкіл қоқысты жинап әкетеді. Дегенмен осы маңдағы тұрғындар қоқыс жәшігін қайта толтырып қояды. Кей кездері кішкентай балаларын жұмсай салады. Олар қолдарындағы қоқыстарын жәшікке салмай қасына қойып кетеді. Содан жел болса пакеті ұшып, ішіндегі қоқысы төгіліп, айналасын былғайды. Тазалық бір мекеменің ғана міндеті емес. Ол – әрбір жергілікті тұрғынның жауапкершілігі, – дейді қала тұрғыны Ыдырыс Қанағатұлы.

Жасыратыны жоқ, шаһар сәнін кетіріп, кейбір аумақтарда қоқыс жататынын көпшілік жақсы біледі. Бұл әсіресе жер үйлер орналасқан аумақтарда кездесіп жатады. Көше бойына тасталған қап толы қоқыс пен тұрмыстық қал-дықтар қала көркін кетіріп тұрады. Ол бір жағынан ауаны ластайды. Күні бойы қала көшелерін аралап, тынымсыз жұмыс істеп жүрген тазалық қызметкерлерінің еңбегі осы тұста елеусіз қалып кетеді. Өйткені жаңа тазаланған жер көп уақыт өтпей-ақ қайта шашылып жатады. Оған кім кінәлі? Жергілікті тұрғындар ма, әлде қала тазалығына жауапты мамандар ма? Бұл – сауалдың жауабын оқырман еншісіне қалдырдық.

Мәселен, тұрғын үйлер аумағында қоқыс тазалап жүрген жұмысшылар мен қоқыс тиейтін тракторды жиі көріп жүрміз. Техника мен адам күші жеткілікті болғанымен кейде контейнер маңы қоқыстан көз ашпайды.

– «Қызылорда тазалығы» мекемесі жұмысшылары күнделікті екі ауысыммен жұмыс істейді. Таңертеңгі сағат 6-дан бастап, кешкі 20-ға дейін тыным таппай тазалап шығады. Одан түн мезгілінде де жұмыс істейміз. Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық тұрақты жүргізіліп келеді. Әр жылдары Қызылорда қаласының сани-тарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына «Қызылорда қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен серіктестік арасында жасалған келісім-шарт негізінде жоспарлы жұмыстар сапалы атқарылуда. Өздеріңізге белгілі соңғы 5-6 жылдың шамасында қала тазалығына жоғары деңгейде көңіл бөлініп, қаламыздың тазалығы мен көркеюі жолға қойылған. Қазіргі уақытта серіктестікте штаттық кестесіне сай 468 қызметкер жұмыс атқаруда. Сонымен қатар «Қызылорда тазалығы» ЖШС қала көлеміндегі көшелерді қолдап сыпырудың 77,9 процент, көшелерді қолдап жинаудың 69,8 процент, көшелерге су себудің, көшелерді қардан тазалау мен құм себудің 100 процент, тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы полигондарға шығарудың 73,8 процент жұмыс атқаруда. Осы кезге дейін бірнеше рет арнайы рейд ұйымдастырылып, рұқсат етілмеген жерге қоқыс қалдықтарын тастаған тұрғындарға айыппұл да салынды. Бірақ бұл әркімнің сана-сезіміне байланысты. Өз ортасын туған өлкесін таза ұстауға әрбіріміз жауаптымыз. Қаланың 500-ден астам көшесінде тұрмыстық қатты қалдықтар қолмен жиналады. Жазда қала орталықтарында 2 мезгіл 46 көшеге су себіледі. Қыста қаланың орталық көшелері мен қиылыстарына, автокөлік және көпірге арнайы тұз бен құм аралас қоспа себіледі. Қала көшелерінің 150-ден аса көшесі сыпырылып, арам шөптерден тазартылады. Мұның барлығы туған өлкенің тазалығы үшін жасалады, – дейді «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Талғат Құлмағанбетов.

Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы» мекемесі қала тазалығын сақтауда үздіксіз жұмыс істеп келеді. Көше келбетін көріктендеріп, жылдың әр мезгілінде жұмысшылар жүйелі жұмыс істеуде. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында көше бойында ылғи «Қызылорда тазалығы» жұмысшыларын көреміз. Ерлікке пара-пар еңбек иелерінің бұл қызметтері адал әрі шынайы. Қалдықтарды сұрыптау кешеніне айына 5000 тонна 798,6 текше метр қоқыс шығарылады.

Мекеменің 38 арнайы техникасы мен 468 қызметкері қала көшелерінен, жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерден тұрмыстық қатты қалдықтарды алды. Негізгі заңнамаға сәйкес, әрбір мекеме немесе тұрғын өз үйінің алдына қоқыс

контейнерін қоюға міндетті. Ал контейнердегі қоқысты шығару үшін арнайы мекемемен келісім-шартқа отыруы тиіс. Тұрғындар арасында талапты орындамайтындар да кездеседі. Соның салдарынан көше бойында қоқыстар жиналады. Бұл – біріншіден, қоғамдық ортаны бүлдірсе, екіншіден, ауаны ластайды. Тазалықшылар көше тазалығын сақтау үшін тұрғындардан арнайы белгіленген орынға қоқысты шығарып қоюды сұраған.

Алайда көбі бұл талапты орындай бермейді. Бұл сайып келгенде әркімнің өз ар-ұятына байланысты. «Қоғамды түзеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле», – дейді дана қазақ. Қала – ортақ үйіміз, ал оны таза ұстау әрбірімізге міндет.

Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: