Биыл Қызылорда қаласын мерекелеудің мәні ерекше. Түрлі форматтағы акциялар мен қайырымдылық істер, басқосулар бір айы бойы жалғасты. Қала көшелерін дүбірге бастаған «Жастар карнавалы», этно-ауыл форматындағы «Сырдың қырық қазаны» жобасы тұрғындарды ерекше думанға бөледі.
Кітап фестивалі, поэзия кеші қызылордалықтарға рухани серпіліс әкелсе, «Жастық шағымның куәсі Қызылорда» ретро әндер фестивалі мерекенің көркін қыздыра түсті. Ал, тұңғыш рет ұлттық спортты ұлықтаған «Бала барысы – 2022» ауқымды шарасы көрермен көңілінен шықты.
Бүгін мерейтой ауқымды гала-концертпен қорытындыланды. «Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы» атауында өткен іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды қыдыр қонып, құт дарыған, ізгілік пен мейірімнің ордасы болған Қызылорда қаласының төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жылнамасында талай тарих қатталып, қос ғасырды өткерген Алаштың алғашқы астанасы Қызылорда руханият алыптарының ізі қалған, түрлі ізгіліктерді топтастырған қасиетті мекен, шырайлы шаһар. Балалар жылына тарту ретінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын 80 ойын алаңы салынуда. Мерейтой мезіретінде бір мезетте 17 ойын алаңы пайдалануға беріледі. Осы кезге дейін жерлестерімді алаңдатқан қоғамдық көлік проблемасына қатысты өңірге жаңа 150 автобус алу туралы шешімге келіп, қаражат бөлдік. Соның нәтижесінде қыркүйек, қазан айларында жаңа 21 автобус келсе, Республика күнінде қоғамдық көліктер қатарын тағы да 40 автобусқа толықтырамыз», – деді Н.Нәлібаев.
12 мыңға жуық көрермен жиылған мерекелік шарада қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары қызылордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!