Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда қаласын балықпен қамтып отырмын

09.11.2021

1603 0

Айгүл МҰХАНБЕТЖАНОВА,

кәсіпкер:

Бүгінде мемлекет өз ісін өрбітем дегендерге көмек қолын созып келеді. Әсіресе соңғы жылдары кәсіпкерлікке айтарлықтай көңіл бөлінуде. Жалпы ерінбегенге шаруа шаш етектен. Осы орайда облысымызда балық өнеркәсібінің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Айгүл Мұханбетжановамен әңгімелескен едік.

Кәсіпкер негізінен шикі балықты сатумен айналысады. Бұл істі ол 1998 жылы анасының бастамасымен қолға алған. Алғашында Бәйгеқұмның көлі мен каналынан ауланған балықты қалаға әкеліп саудалап азын аулақ ақша қылады. Осылайша тиыннан-тиын құраған ол бизнестегі алғашқы қадамын Қызылорданың «ескі базарында» сатушылықтан бастайды. Кейін араға жылдар салып, саудасын кеңейтіп, 2005 жылы «Алтын балық» дүкенін ашады. Осы жылдары ресми жеке кәсіпкер ретінде тіркелген оның жұмысы жанданып, кәсібі дөңгелей бастайды. 2010 жылы Бегім ана көшесінің бойындағы үлкен ғимаратты 250 мың долларға сатып алып, «Арзан балық» дүкенін ашты.

Қиындығы мен қызығы мол істе жұбайы Байқоңыр да жанынан та­былып, көмегін аяған емес. Бүгінде базарда жаңа ауланған балықтың түр-түрі сатылады. Көпшілігі облыстың жергілікті су қоймаларынан алынады. Сатушылар балықты толық тазалап, тұтынушы қажет деп тапса, бөлшектеп те береді.

Қазіргі таңда балық дүкені қажетті жабдықтармен толық қам­тамасыз етіл­ген. Оның ішінде балықты қабылдап жуатын, аршып соятын жер мен балықты сақтайтын мұздатқыш та бар. Ал сөреден балықтың Дағыстан мен Атырау және Сырдария мен Аралдың сазанын, тұқы, жайын, шортан, жыланбас, көксерке, амур, сазан, күміс тұқы, табан, жерих секілді түрлерін кездестіруге болады. Сонымен қоса, қуырылған балық пен уылдырық, мұздатылған уылдырық және тартыл­ған балық та ұсынады. Дайын ба­лық 5 тоннаға дейін өнім сыятын камералармен жабдықталған қоймада сақталады.

Қызылорда қаласын балықпен қамтып отырмын

– Балық сатып, кәсіп бастағаныма 20 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы уа­қыт аралығында талай қиындықтан өт­тім. Бірақ ештеңеге мойығаным жоқ. Керісінше шыңдалып, кәсібімді дөңге­летіп, жандандырдым. Осы ара­лықта талай адамды жұмыспен қамтыдым.

Қазір 4 адам жұмыс істейді. Жұ­мысшы жалақысы 120-180 мың тең­ге аралығында. Қалғандары дүкен­ді жалға алып жұмыс істеп отыр. Яғни, мен балықты жеткізіп беріп, үстінен пайдамды көрем және дүкенді пайдаланғаны үшін қызметкерлерден ай сайын төлемақы аламын. Сосын олар менен алған ба­лықтың үстіне ақша қосып, халыққа сатады. Бәрінің жеке кәсіпкерлігі бар. Демалыссыз жұмыс істейміз.

Енді алдағы уақытта осы кәсіптің аясын одан әрі кеңейткім келеді. Өткен­де «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып, КБИ шағын ауданынан және сол жағалаудан кәсіпкерлік мақсатта жер беруін сұрадым. Рұқсат берсе, дүкен салсақ деймін. Жоспарымды көрсеттім. Тағы да балық дүкенін ашқым келеді. Өйткені осы екі аумақта жаңадан үйлер бой көтеріп жатыр. Енді онда қанша адам тұратынын есептеңіз. Бір жағынан сол маңға жақын тұратын тұрғындар үшінде тиімді болар еді, – дейді кәсіпкер.

Талай кәсіп тұралап қалған пан­демия тұсында да кәсіпкер қиыннан қиыстырып, пайданың көзін тапты. Ол мемлекеттен үш көлігіне рұқсат алып, қуырылған балықты тұтынушылардың үйіне жеткізіп беру қызметін жолға қойды. Мұнда әр ыдысы 5000 теңгеден. Бұдан бөлек кәсіпкердің ысталған және қақталған балықты сататын тағы бір дүкен бар.

20 жылдан аса кәсіпкерлікпен айналысқан Айгүл Тоғжанқызының тұ­тынушылары Қызылорда облысында ғана емес, Қазақстанның басқа қала­ларында да бар. Тұтынушылар тіпті бүгінде Алматы, Тараз, Шымкент, Жезқазған қалаларынан келіп, тонналап балық алып кетеді.

Қызылорда қаласын балықпен қамтып отырмын

Кәсіпкердің айтуынша, бизнес бас­тағаннан бері мемлекет қолдау танытып келеді. Биылда кәсіпкер айналым қара­жатын толықтыру үшін «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағ­дарламасы арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы тағы 16 млн теңге несие алған. Оған Дағыстан мен Атыраудан балық алдыртқан.

Бүгінде кәсіпкер сырттан және облыс көлемінен әкелінген балықтарға сұраныстың жоғары екенін айтады. Қазір ол Қызылордадағы көптеген мектеп, балабақша, түрме, әскери бөлімдер мен түрлі кәсіпкерлік нысандарын балық өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе балабақшалар тарапынан Қа­залы зауытынан әкелінетін тартылған балыққа сұраныс көп екен. Кәсіпкер өңірдегі Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария сияқты аудандардан балық алдырып сатады.

«Негізі әр адамның тамақтану рационында балық болуы шарт. Бірақ ағзаға пайдасы тиюі үшін балық дұрыс жағдайда сақталу керек. «Арзан балық» дүкенінің үш артықшылығы бар. Бірінші – мінсіз қызмет. Екінші– өнімдердің жоғары сапасы. Үшінші – қолайлы баға.

– Бүгінде өзімді елдің дамуына үлес қосып келе жатқан кәсіпкермін деп санаймын. Осындай қасиетті жастарда бойына сіңіріп, елге пайдасын тигізсе екен деймін. Кәсіп бастау ешқашан кеш болмайды және қорқудың да қажеті жоқ. Үлкен армандар тәуекелдерге тәуелді. «Көз қорқақ, қол батыр» дей­ді қазақ. Ойыңа алған істі бастап көру керек, сүрінесің, құлайсың, қайта тұра­сың. Есесіне шыңдалып, бастаған кәсібіңнің майталманына ай­наласың. Сосын мақсатыңның жолында табанды болу шарт. Қолдан келсе, өзің сүйетін, ебің бар шаруамен айналысу керек. Пысықтық та артықтық етпейді.

Қазір мемлекет тарапынан қолдау көп. Жас кәсіпкерлерге арналған бағ­дарламалар жетерлік. Тек кәсіп бастауға ниет болса болғаны», – дейді Айгүл Мұханбетжанова.

Ақтілек БІТІМБАЙ

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: