Сенбі, 21 желтоқсан, 21:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда қаласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

15.05.2022

956 0

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен Қызылорда қаласын дамытудың проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылау бойынша кеңес отырысы өтті.

Сала басшылары баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Жиында облыс әкімінің орынбасары шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері аймақ басшысының ұдайы бақылауында екенін жеткізіп, ең өзекті проблемалардың шешілу жолдарын бірге қарастыру қажет деді.

«Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында құны 667 млрд.теңгені құрайтын 22 жобаның тізімін жасадық. Оның ішінде, 19 жобаны қаржыландыру мақсатында «Қазақстан Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамымен жұмыстар жүргізілуде. Ал, кредиттік тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына қосымша 30 млрд. теңге тарту мәселесі шешілуде. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасымен қөпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары, оның ішінде Қорқыт ата атындағы әуежайдың жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қаланың дамуына қосымша 5 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінді», – деді Мархабат Жайымбетов.

Отырыста Мархабат Жайымбетов облыс орталығына инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін көтеру мен кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, «Қызылорда Автобус паркінің» материалдық базасын нығайту жайы сөз болды. Жауапты сала басшысына жолаушылардың ыңғайлылығы үшін электрондық төлем жүйесін одан әрі дамыту міндеттелді. Айта кетейік, жуық арада облыс әкімінің қолдауымен автобус паркі 150 көлікпен жаңартылмақ.

«Қызылорда су жүйесі» мекемесі жұмысын тұрғындар жиі сынға алады. Облыс әкімінің орынбасары аталған мекеменің өзіне жүктелген міндеттерді толық орындамағанын қаперге салып, дебиторлық қарыздарды жинау көрсеткішінің төмен екенін назарға алды. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру жұмыстары мен санитарлық-гигиеналық талаптардыңда сын көтермейтінін жеткізді. Парк, сквер, аллеяларда қоғамдық әжетхананың жоқтығын тілге тиек етіп, қала басшылығына халық көп шоғырланатын орындарға кәсіпкерлерді тартып, санитарлық-гигиеналық тораптарды салу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, базарларды заманауи қалыпқа келтіру кезек күттірмейтінін шегелеп айтты.

Мұнан өзге тұрғын үйлерді салу, жұмысы тұралап қалған құрылыс нысандарының жағдайын бақылауды және жол сапасына жете мән беру керектігі айтылды. Мархабат Жайымбетов, әсіресе, жоспардағы тұрғын үй мен инфрақұрылым құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттардың дер кезінде дайын болмайтынын баса айтып, белгіленген межені орындап, республикадағы өз үлесімізді алу керектігін жеткізді.

Басқосуда аймақтағы атқарылатын ілкімді істер де сөз болды. Тұрғын үй қорын көбейту мақсатында 1000-ға жуық пәтер салынып, пайдалануға берілмек. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізуге Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының кәсіпкерлері шақырылды. Сол жағалаудан бой көтеретін Үстел теннисі орталығы бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізбек. Сонымен қатар, жаңа Өнер театры мен Салтанат сарайы да қаланың сәулетіне әр бермек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: