Қызылорда облыстық прокуратурасында салт-дәстүр дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталған іс-шара өтті. Оған қала әкімі Нұржан Ахатов қатысып, прокуратура қызметкерлерін көктем мерекесімен құттықтады.
Іс-шарада прокуратураның бірқатар қызметкері марапат мінберіне шықты. Ал, саналы ғұмырын заң саласына арнаған Исаева Шырын Әлиқызына «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы табысталды.
«Шырын Әлиқызы, Сіз заңның орындалуын қадағалау саласында 30 жылдан астам жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған кейуанасыз. Сала ардагерлері арасында шоқтығыңыз биік, парасат-пайымыңыз жоғары жан ретінде құрметтісіз. Қызмет жолыңызда талай шәкірт тәрбиелеп, өнегелі із қалдырған тұлғасыз. Осындай еңбегіңіз еленіп, шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесіңіз үшін қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағын иелендіңіз. Соны табыстауға рұқсат етіңіздер», – деді Нұржан Сәбитұлы.

Шырын Әлиқызы еңбек жолын 1976 жылы Қызылорда облысының Байқоңыр қалалық прокуратурасынан бастаған. Кейін Қызылорда қалалық прокуратурасында, Қызылорда облысы прокуратурасының аппаратында аға көмекші, әр жылдары Қызылорда қаласы прокурорының орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының бөлім бастығы, Батыс аумақтық көлік прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап зейнеткерлікке шығып, қазіргі таңда кәсіби қорғаушы болып еңбек етуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!