Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев арнайы техникалардың қысқа дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында «Қызылорда тазалығы» ЖШС техникалық базасын аралады.
Қазіргі таңда серіктестік теңгеріміндегі техниканың 90 проценті алдағы маусымдағы ауқымды жұмыстарға дайын. Бүгінде тыңғылықты даярлық шаралары жүргізілді.
– Соңғы кезде тұрғындар тарапынан қала тазалығына қатысты түрлі сыни сауалдар түсуде. Қыс мезгіліне дайынбыз деп арқаны кеңге салуға болмайды. Күнделікті күш-жігерді тазалық жұмыстарына жұмылдыру қажет. Сондай-ақ тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп, бағыт-бағдар беруде тиімді тәсілдерді пайдалану керек, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар мекеме базасына 240 тонна тұз және 1000 тонна құм жинақталды. Қала басшысы серіктестік директорына құм мен тұз қоспасының сапасына ерекше мән беріп, қар тасымалдау сызбасы кестеге сай жүру қажеттігін ескертті. Ең бастысы, қар жауған кезде тұрғындардың қауіпсіздігі, жол кептелісі болмауы үшін көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын таңғы қарбаласқа дейін тазалау керегін баса айтты.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!