Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада бояу кітапшаларының тұсаукесері өтті

11.11.2022

1038 0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Сиқырлы тас», «Әл-Фараби» мультсериалдары бойынша «ASU» баспа үйі» шығарған бояу кітапшаларының тұсаукесері өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры  Аманжол Оңғарбаев, «ASU» баспа үйі» ЖШС басшысы Қасымхан Қыдырбаев және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қызылордада бояу кітапшаларының тұсаукесері өтті

Бояу кітапшалары баспа саласында ширек ғасырлық тарихы бар  «ASU»баспа үйі» ЖШС мен «Балапан» телеарнасы арасындағы келісім шарт негізінде шығарылды. Тұсаукесерде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығару балалар жылы аясында бүлдіршіндерге жасалған үлкен сый болғанын атап өтті.

Шарада облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев пен «ASU» баспа үйінің басшысы Қ.Қыдырбаев жылы лебіз білдірді. Сондай-ақ М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушысы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Айнұр Қарамұрзаева бұл туындылардың бала тәрбиесіндегі әсері мол екенін тілге тиек етті.

Қызылордада бояу кітапшаларының тұсаукесері өтті

Жалпы елімізде қазақ тілді бояу кітапшалары жоқтың қасы. Бұл ретте «Балапан» телеарнасы өнімін алғаш рет суретті кітапша ретінде «ASU»баспа үйінен» шығаруда. Осы орайда жобаны жүзеге асыруда еңбек сіңірген журналист Айжан Абдуллаеваны сөзге тартқан едік.

– Биыл «Балалар жылын» да қорытындылайтын уақыт жақындап қалды. Ұрандап, мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуға тиіс болды. Осы орайда Қазақстан нарығында баспа саласында ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан «ASU» баспа үйі» ЖШС мен «Балапан» телеарнасының арасында жасалған келісім шарт негізінде алғаш рет отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығару қолға алынды, – дейді ол.

Ал кітапша ішіндегі суреттерді «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Сыр бойы» газетінің дизайнері Қуаныш Оразбаев өз қолымен салған екен.

– Суреттерді графикалық планшет арқылы салдым. Алғашқы тәжірибе болғандықтан ізденіс жасауға тура келеді. «Сиқырлы тас» бояу кітапшасы 20 графикалық бейнеден құралған. Оған 1 ай көлемінде уақыт кетті. Ал «Әл-Фараби» мультсериалының кейіпкерлерін салу қиындық тудырмады. Ол кітапшаға 30 графикалық сызба енгізілді, – дейді әріптесіміз.

Қызылордада бояу кітапшаларының тұсаукесері өтті

Аталған екі мультсериал да танымдық  маңызы зор, балалардың ой-өрісін дамытып, қиялын шыңдау, білімге ұмтылдыру мақсатындағы өнім. 3Д форматындағы «Сиқырлы тас» «Балапан» арнасы көрермендерінің сүйікті мультсериалы. Қиял-ғажайып әлеміне қанат қақтыратын оны кішкентай көрермендер тапжылмай көреді. Ал «Әл-Фараби» мультсериалы жетіліп келе жатқан балалардың білімге, әлемді тануға деген құштарлығын оятып, танымын кеңейтеді. 

Сүйікті мультсериалдардың бояу кітапшасы балаларды өзіндік ерекшелігімен баурай алады. Мәселен, «Әл Фараби» бояу кітапшасы тек бояуға ғана арналмаған. Онда ұлы ойшылдың қанатты сөздерін бала зердесіне тоқуға болады. Сондай-ақ кітапшаға QR белгісі орнатылған. Оны сканерлеу арқылы екі мултьсериалды кез келген уақытта тамашалауға мүмкіндік бар.

Қазіргідей жас та, жасамыс та смартфонға телмірген кезеңде буыны қатпаған жас өркенді шығармашылық жолмен шыңдауда мұндай құралдар маңызды рөл атқарады. Барлық баланың сурет салуға деген ынтасы жоғары болатыны белгілі. Ал оның сол қабілетін дамытуда мұндай жобалар керек-ақ.

Жиын соңында кішкентай бүлдіршіндерге баспадан шыққан жаңа өнім таратылды.

Айдана Сейіл

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: