Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада күштік құрылымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға 2,5 млрд. теңге бөлінді

12.01.2022

840 0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының тапсырмалары мен міндеттемелерін орындау бағытына арналған кеңейтілген жиын өткізді. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы, салалық басқармалар мен департамент басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе – өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан шараларға арналды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахметов аймақтағы криминогендік ахуал жайлы баяндады.

Қазіргі таңда қала мен аудандардың шекараларына 27 қарулы блок-бекет қойылған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 103 қызметкер мен 34 арнайы техника жұмылдырылды. Террористік акті кезінде медициналық мекемелерге 73 қызметкер қаралған. 1 сарбаз қайтыс болды.

Департамент жанынан құрылған жедел-тергеу тобы арқылы террорлық актіге қатысқан 391 тұлға ұсталып, оның 62-сі қамауға алынды.
Жиында өңір басшысы террористік әрекеттер қаупінің әлі сейілмегенін айтып, коменданттық режимнің қатаң сақталуын тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күштік құрылымдардың әскери дайындығын күшейту және жабдықтау шараларына Үкімет резервінен 20,7 млрд. теңге бөлінуде. Осы ретте облыстық полиция департаментіне ҚР ІІМ-мен шұғыл түрде жұмыс жасап, әскери дайындықты күшейту мен жабдықтауға қажетті қаржының бөлінуін пысықтауды тапсырамын.
Жалпы, біз 2022 жылға бекітілген облыстық бюджетте күштік құрылымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға 2,5 млрд. теңге бөлінді. Алдағы облыстық бюджетті бірінші нақтылау кезінде бұл мәселелерге тағы қосымша қаржы қарастыратын боламыз.
Оған қоса, Мемлекет басшысымен «Қаза болған полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасыларына лайықты материалдық көмек көрсету» тапсырылды. Өкінішке орай, облыс орталығында болған террористік акті барысында Ұлттық ұланның 1 әскери қызметшісі, Қарағанды облысының тумасы қаза тапты.
Осыған орай, облыстық полиция департаменті облыстық қаржы басқармасымен бірлесіп қаза тапқан жауынгердің жақындарына материалдық көмек көрсету жөнінде нақты ұсыныс енгізсін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова террористік актінің салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы баяндады.

Орын алған террорлық акті салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау жөнінде аймақ басшысының төрағалығымен өңірлік комиссия құрылып, шығын көлемі айқындалды. Бүгінде облыстың мемлекеттік маңызы бар нысандарына 5,8 млрд.теңге көлемінде шығын келген. Ал, кәсіпкерлерге келтірілген залал 395 млн.теңге болды. Шығын есебі қаржы министрлігіне жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаражатты Үкімет резервінен бөлу жөнінде ұсыныс жолданды.

Жиында өңір басшысы наразылықтың сұйытылған газ бағасының көтерілуінен басталғанын тілге тиек етіп, Үкіметпен бекітілген шекті бағаның бақылауда ұстау маңыздылығына тоқталды.

Қазіргі таңда облыста сұйытылған газ бағасы литріне 60-65 теңгеден, АИ-92 маркалы бензин орташа 180,2 теңгеден, дизельдық отын 229,9 теңгеден саудалануда.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен салалық департамент басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.
Атап айтқанда, облыстық бәсекелестікті қорғау департаменті мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы жанар-жағар май бағаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, негізсіз өсім орын алған жағдайда тиісті шаралар қабылдаулары қажет. Ал, облыстық Монополияларды реттеу жөніндегі департаментке аймақтағы коммуналдық қызмет түрлеріне тарифтердің белгіленген мерзім ішінде көтерілмеуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын мемлекеттік реттеуде облыста жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлніп тұрақтандыру қоры толықтырылуда. Биылдың өзіне 1,3 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осы ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен, аудандар мен және Қызылорда қаласы әкімдерімен бірлесіп, бағаны тұрақтандыру бағытында нақты шаралар қабылдау жүктелді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдерімен бірлесіп тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың әрі қарай да үздіксіз жұмыс жасауын және тиісті күзетпен қамтамасыз етілуін бақылауда ұстауы тиіс.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстық индустрия және инновациялық даму басқармасына мұнай экспорты көлемін ұлғайту мәселесін Энергетика министрлігі алдында қайта көтеріп, оң шешілуіне жұмыс жасауды тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі қиын кезеңде бірлесе жұмыс істеу қажеттігін және Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдеріне қолдау білдіріп, алға қойған міндеттерін орындап, жедел әрекет ету керектігін тағы бір қаперге салды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: