Қызылорда облысының Ақжарма елді мекенінде қыстың күні қырауда төселген асфальт үгітіліп жатыр.
Ала жаздай асықпаған мердігер желтоқсан айының бел ортасында жол жөндеуді бастапты. Бүгін арнайы зертхана мамандары аязды күні төселген көшелерден бірнеше сынама алды. Тапсырыс беруші Сырдария ауданының әкімдігі жолды қабылдау кезінде осы сынамалар қорытындысы басшылыққа алынатынын алға тартып отыр. Айта кетейік, мердігер 366 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 12 шақырымға жуықтайтын 8 көшені орташа жөндеуден өткізуі тиіс болған. Алайда бүгінгі таңда қомақты қаржының шамамен 200 миллион теңгесі ғана игерілген. Ал келісім-шарт мерзімі желтоқсанның 25-не аяқталмақ. Мониторингтік топ өкілдері жол сапасына күмәнмен қарап отыр.
«Екі жерден алынды. Біреуі 3,5 сантиметр болса, біреуі 4 сантиметр болып отыр. Негізі техталаптарға сәйкес 5 сантиметрден кем болмауы тиіс. Расы керек, ол жақта ГПС төсеп қойған деп тұр енді. ГПС-тің өзінің де сынамасы алынды. Бірақ құрылғыдан шығарып жатқан уақытта ГПС-тің өзі шашылып жатыр. Яғни бірігіп тұрған жоқ», – облыс бойынша арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!