Сенбі, 23 қараша, 00:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылжарма: Су мәселесі шешімін таппақ

09.12.2023

913 0

«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Қызылжарма  ауылдық округінің әкімі Шәріп ӘБДІРАХМАНОВ.

–    «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған. Мәдени шарадан қалыс қалмайтын боларсыздар…

–    Дұрыс айтасыз. Ел іші берекелі ғой. Өнерпаз жандар жетерлік. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бар ғой. Мәдениет үйіндегі 15 қызметкер түрлі үйірмелерге жетекшілік етеді. «Әнел» үйірмесі ән айтуға баулыса, «Балқаймақ» домбыра үйретеді. Ал  «Балдәурен»  хор айтуға бейімдейді. «Нұр-Ару» мен «Тұмар» бүлдіршіндерді биге үйретсе, «Шабыт» көркемсөз оқуға дайындап, балалардың шығармашылығын дамытып, өнерін шыңдауда.  Сонымен қатар «Қуаныш» әжелер ансамблі мен «Қожабековтер» халықтық отбасылық  ансамблі көрермен қауымын сазды әуенімен баурап, ел ықыласына бөленуде.

Жеткен жетістіктер де бар. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілген «Ұлағатты әже» өнер фестивалінде «Қуаныш» әжелер ансамблі бас жүлде иемденсе, балалар шығармашылығына арналған ХХV облыстық «Бозторғай» байқауында «Балқаймақ» домбыра үйірмесінің қатысушысы Амандос Қалдыбай дипломант атанды.

Алматыда өткен VІІ республикалық «Жарық жұлдыз» атты өнер байқауында «Балқаймақ» домбыра үйірмесінің мүшесі Қалдыбай Амандос І орын иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алды. Алматыда өткен республикалық ҮІІІ балалар мен жасөспірімдер өнер байқауында «Қожабековтер»  халықтық отбасылық ансамблінің мүшелері Айтжанбек Әдемі бас жүлде алса, Айтжанбек Нұрикамал дипломант атанды.

Сонымен қатар Грузияның Батуми қаласында өткен «Мен де жұлдыз боламын»  байқауында «Балқаймақ» домбыра үйірмесінің мүшесі Қалдыбай Амандос бас жүлде алып, ел мерейін асырды.

– Мемлекеттік бағдарлама қалай жүзеге асуда?

– Биыл «Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасының» «Іскер» бағдарламасы аясында 10 жоба қаржыландырылып, жергілікті кәсіпкерлер игілігін көруде.

Сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы  ЖШС арқылы 1 жоба қаржыландырылса, аграрлық  несие корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен  6  жоба жүзеге асты.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы арқылы 26  жоба гранттық қолдауға ие болса, биылғы жылдың қазан айында  8  жобаға қолдау көрсетілді.

– Ауылішілік жолдар жөнделді ме?

– Қызылжарма ауылдық округі бойынша 122 көше бар. Биыл облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 20 көше жөнделді. Ауылдық округтің шет аймағындағы 35 көшеге тас төселуде. Қалған көшелер жыл аяғына дейін жөнделіп, пайдалануға беріледі. Бұған қоса қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы Әл-Фараби көшесінен Қарауылтөбеге баратын 1,6 шақырым жолға асфальт төселді. Бұдан бөлек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Абай тұйығына тас төселді.

– Жолаушылар көлігінің жайы қалай?

– Қызылжарма ауылдық округіне түрлі  бағытта  №14,1, 21, 20, 15, 27 қоғамдық көліктері тұрақты түрде қатынап, ауыл тұрғындарын тасымалдауда. Аталған бағыттағы қоғамдық көлік күнделікті тұрақты кестемен жүруде.

– Ауылда құқық бұзушылық тіркелді ме?

– Жыл басынан бері Қызылжарма ауылдық округі бойынша 150 әкімшілік құқық бұзушылық  тіркелді.  Олардың басым бөлігі абаттандыруға залал келтірген болса, бірқатары көшеде масаң күйде жүру, түнгі тыныштықты бұзу, қоғамдық орында тәртіп бұзумен ұсталғандар.  

– Қызылжармадағы басты проблеманы атасаңыз…

– Ауылдық округтегі Қызылжарма – 1 және Қызылжарма – 2  жаңа тұрғын ауданына талапқа сай ауызсу беріп, газ құбырын тарту мәселесі бар. Қалалық құрылыс бөліміне ұсыныс беріліп, жоба-сметалық құжат әзірленуде.

Екінші мәселе – ауылдық округте ауызсу ұңғымасын (скважин) салу.

Қазір 4 су ұңғымасы бар. Дегенмен округтің аумағы мен халық саны өсіп, жаз мезгілінде ауызсу тапшылығы болды. Мәселені шешу мақсатында қалалық құрылыс бөлімі 3 су ұңғымасын салуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жариялады.   Мердігер мекеме анықталса, су мәселесі шешімін таппақ.

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: