ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова және қала әкімі Ғанибек Қазантаев облыс орталығындағы бірқатар аумақтарға барып, кезек күттірмейтін мәселелерді назарға алды.
Ең алдымен «Бәйтерек» шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, өзекті деген мәселелерін тыңдады. Аталған аумақтан баспанасын салып, жаңа ауданның тұрғыны атанған азаматтардың әуелгі сұрауы қоғамдық көліктің тұрақты қатынауы мен жол мәселесі болатын. Өз кезегінде қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы тұрғындар сұрауын қанағаттандыру бағытында бәйтеректік балалардың жаңа мектепке қатынауында ешқандай қиындық болмайтынын, қосымша балалар тасымалына арнайы автокөліктер қарастырылатынын және алдын-ала қоғамдық көлік жайын реттеп, тұрақты түрде қатынайтындығын жеткізді. Сонымен қатар Бәйтеректе малта тас төселген негізгі 3 көшесіне асфальт төсеу жұмыстары да жоспарға енгізілгендігін атап өтті.
Одан әрі қала әкімі мен делегация өткен жылы іргесі қаланған Бәйтеректегі 600 орындық мектеп құрылысының жұмысын көрді. Заманауи үлгідегі білім ұясының тапсырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, мердігер мекеме «Болашақ-Девелопмент» ЖШС. Білім ошағы 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Одан әрі делегация өкілдері құрылысы қарқын алған Қызылордадағы жол жөндеу жұмыстарының да жүйелі жүргізіліп жатқанын көрді. Биыл осы жұмыстардың жалғасы ретінде Ғ.Мұратбаев – С.Бейбарыс көшелерінде орналасқан көпірлер аралығын жалғайтын сол жағалаудағы магистральдың 2 шақырымды құрайтын құрылысы басталып, жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын 95% жұмыстары біткен «Қызылжарма» каналына дейінгі магистраль аяқталып пайдалануға берілсе, С.Бейбарыс көшесіндегі көпірден Эдельвейс саяжайы арқылы Тұңғыш Президент саябағына дейінгі аралықты қамтитын 1,1 шақырымға жол түседі. Ағымдағы жылы бұдан бөлек облыстық жастар орталығынан бастау алатын жолды Шіркейлі каналына баратын негізгі көшемен байланыстыру жүзеге асып, жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын магистраль салынбақ.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!