Аймақта өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында құрылысы басталған шыны зауыты қазан айының ішінде алғашқы өнімін шығарады деп жоспарланған. Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шыны зауытындағы өндірісті іске қосуға дайындық барысын аралап көрді. Бұл ретте аймақ басшысы тапсырмасы негізінде осыған дейін арнайы штаб құрылған еді.
Осы уақытқа дейін туындаған мәселелер шұғыл шешіліп, инвесторларға көмек көрсетілді. Нәтижесінде өндіріске қажетті газ, су, электр желілері тартылған. Бүгінгі таңда балқыту пеші іске қосылып, қазірдің өзінде 1450 градус температураға жетті.
Алдағы уақытта шыны зауытының айналасында жаңа өнім түрлерін шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын ашу көзделді. Мұнда шыны-талшықты, композиттік материалдар, айна, смартфондармен планшеттерге арналған ультражұқа шыны жобалары да шығарыла бастайды. Өндірісте жергілікті шикізат Аралдың кварц құмы қолданылады.
Облыс әкімі жұмыс процесін бақылап, бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа және шетелдік компания өкілдеріне өндіріс орнының алғашқы өнімін шығару жұмыстары іркіліссіз және уақытылы басталуы қажет екенін тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!