Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов бірқатар еңбек адамдарын яғни, тазалықшыларды марапаттады. Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Бірге – Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру шараларына белсенді қатысып, зор үлесін қосқаны үшін аймақ басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты», облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың «Алғыс хаттарын» табыстап, еңбегі ерен жандарға жылы лебізін білдірді.
– Сіздер елдік істің бел ортасынан табылып, барлық бастамаларға үн қосып, жанашыр екендеріңізді көрсеттіңіздер. Алдағы уақытта да белсенді азаматтық ұстанымдарыңызды қаланың дамуына жұмсап, әрбір шараға бастамашыл болады деп сенім білдіремін, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, қала әкімі маңдай тер мен адал еңбек иелері қашанда құрметке лайық екенін жеткізді. Расында,тазалықшылар тәулік бойы тыным таппайды.
Аталған акция өтпей-ақ, шілденің аптап ыстығы мен қыстың суығына қарамастан тазалық жүргізіп, қала келбетін көріктендіруге атсалысып келе жатқан еңбек адамдарын қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғаса береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!