Жұма, 27 желтоқсан, 22:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тынымсыз тірліктің нәтижесі болады

13.08.2023

527 0

Таксиде отырмыз. Жүргізуші шамамен 60-ты алқымдап, зейнет жасында жүрген кісі секілді. Ағарған шашы мен әжім басқан бетінен, қатпарланып салаланған тамырлы қолынан осыны аңғардық. Бірақ қимылы әбжіл, сөзі нық. Көлікті асықпай баппен, байыппен айдайды екен. Бірнеше көшенің жабық тұрғанына көңілі толмай, жол бойы сөйлеп келді. «Көше біткеннің бәрі жабық. Қай жолмен жүрерімізді білмей далмыз. Неге кезекпен істемейді? Осылар да қызық-ей…» деп жабық тұрған көшелерден өте алмағанына кәдімгідей ашуланды. Ләм-мим деп артық әңгіме айтпастан межелі жерден түсіп қалдық. Оның себебі былай ғой деп айтсаң, дауласатындай көрінді. Қазір жүйкесі жұқа адам көп. Сол себептен де сөз таластырған жоқпыз. Дегенмен атқарылып жатқан жұмысты көпшілік білсін деген ниетпен құрылысшылар күнінің қарсаңында арнайы мақала дайындағанды жөн санадық.

Қала құрылыспен көркейеді

Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысаны салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Көпқабатты тұрғын үйлер көбейді. Бірнеше шағын аудан мен кварталдар бой көтерді. Бір сол жағалаудың өзі осы сөзімізге дәлел бола алады.

Тұрғын үй салуда республикадағы көшбасындағы аймақтың бірі Қызылорда екенін көпшілік жақсы біледі. Сыр өзенінің қос қапталын алып жатқан қалада биыл да қарқынды құрылыс жүруде. Қалалық құрылыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биыл құрылыс жобаларын салуға 25837 млн теңге  бөлінген. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына 8333,5 млн теңге, инженерлік жүйелер жүргізуге 4790,9 млн теңге, сумен жабдықтауға 4218,2 млн теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округтерінде 150 орынды клубын жалғастыруға 154,4 млн теңге және Қосшыңырау ауылдық округіндегі Досан елді мекенінің ауылішілік жол құрылысына 138,9 млн теңге, газ жүйесін жүргізуге 740 млн теңге, пәтер сатып алуға 6894,7 млн теңге, спорт объектілерін дамыту бағдарламасы аясында Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 542 млн теңге және Қызылжарма ауылдық округінен дене шынықтыру сауықтыру жобасының сараптама оң қорытындысын алуға 2,2 млн теңге, жылу энергетикалық нысандарды дамытуға 22,2 млн теңге қаралған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында  көп­қабатты 17 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 50 пәтерлі  көпқабатты 5 тұрғын үй және 40 пәтерлі  көпқабатты 4 тұрғын үй мен 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы мөлтек ауданда 7 қабатты 84 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Аталған тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бюджеттен 2,2 млрд теңге қаралған. Мамандар құрылыс жұмыстарына қаржы бюджеттен толық бөлінсе жыл соңына дейін аяқталады деп отыр.

Орталық алаң жаңа кейіпке енеді

Игілікті істің бірі орталық алаңда жүріп жатыр. Ашып айтсақ, «Қызылорда қаласындағы Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы.Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасына орай, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына кірісті. Жоба бойынша субұрқақтар аумағына тастақталар, жолжиек тастар орнатылады. Жарық диодты шамдар қойылып, көгалдар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар шағын архитектуралық пі­шімдемелер орналастырылады деп күтілуде. Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады.

Жол жақсара түседі

Осы жерден сөзді бөліп, көпті алаңдатқан жолдың жайын жазайық. Мақтанғанымыз емес, ашығын айтқанымыз деп біліңіздер, Қызылорда жол жағдайы бойынша да көп аймақтан көш ілгері. Бейбарыс сұлтан көшесінің қалай жаңарып жатқаны көпке аян. Қала орталығындағы Назарбаев, Астана даңғылдары мен Яссауи көшесі де жөнделіп, абаттандырылатын болады. Бұдан бөлек «Белкөл», «Құлагер» теміржол өткелдері салынуда. Қаланың тек орталық көшелері емес, сонымен қатар шет аймақтарында да жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу секілді қарқынды жұмыс бар. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көше жолының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жанасатын жерінде көлік айырығын салу жобасы таяу арада аяқталады.

Қаланың сол жағалауынан заманауи үлгідегі жаңа автовокзал мен «Қазақстан Темір Жолы» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы ғимараты қайта жаңғыртылып жатыр. Мұның бәрі ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс екенін айта кеткен жөн. 

Ел сүйсінер игілік көп

Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама жұмыс бар. Соның бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым», «Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Қан орталығы» сынды іргетасы қаланған алып құрылыс нысандарын атап өтуге болады. Мұның қасына ел игілігі үшін салынып жатқан ондаған көпқабатты тұрғын үйлерді қосыңыз. Жыл  соңына дейін «Анаға тағзым», «Неке сарайы» сынды ғимараттар ел игіліне беріледі деп жоспарлануда. Жылу электр станциясының да іргетасы қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз. Жаңа әуежай терминалы да салынып жатыр. Одан бөлек Қызылорда қаласындағы үйлердің қасбеттері заманауй үлгіде жаңғыртылуда. Қала ішіндегі жолдар жөнделіп, көркейту жұмыстары қарқын алды. Осыған қарап-ақ облыс орталығының алып құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: