Сыр елінің негізгі тіршілік көзі – Сырдария өзенінің суы. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмыс істей бастағанына ғасыр толып отыр. Сондай-ақ 9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Атаулы мереке біздің елде 2019 жылдан бастап күнтізбеге еніп, содан бері назардан тыс қалмаған.
Кәсіби мерекеге орай қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысы Асылбек Шаменов аймақтағы су шаруашылығы қызметкерлерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады.
– Адамзат пен табиғат үйлесімінде тіршілік көзін реттеп отырған сала қызметкерлерінің еңбегі ерен. Мамандығына адалдық танытып, әрбір тамшының ысырап болмауына барын салып, бүгінгі қиыншылықта атқарып отырған жұмыстарыңызға алғысымды білдіремін. Құрғақшылық алқымнан алған тұста кенезесі кепкен көлдер мен табанынан шаң бұрқыраған атыздарға Сырдың суын үнеммен үлестіріп, Жер-Ана бұлағын байыпты болжаммен бағыттаған берекелі істеріңізді халық біледі.
Жылдың төрт мезгілінде дамыл таппай, су бөліп беру шаруасын ұқыптылықпен атқаратын гидротехник мамандарының тапшы екендігін жақсы білеміз. Дегенмен жауапкершілік жүгін артылған сенім үдесін биік қоятын сала майталмандары әр кезде де мәртебе мінберінде болуы тиіс. Бұл салада кәсібіне деген құрметті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан сала ардагерлері мен мамандарға адал еңбектері үшін ризашылық білдіргім келеді, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар басқосуда қала әкімі «Қызылордасушар» РММ Қызылорда филиалының бірқатар қызметкерін марапаттап, алғыс хат табыстады. Жиын соңында осы салада бірталай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жорабек Нұрымбетов қала басшысына алғысын білдіріп, су шаруашылығының бүгінгі жай-күйіне тоқталды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!