11 мамыр – Аналар күніне орай «Қызылорда қаласының тарихы» музейінде елге еңбегі сіңген ардақты аналарға арналған жылы жүздесу ұйымдастырылды.
Кештің басты кейіпкерлері – ардақты аналарымыз. Солардың бірі – 14 құрсақ көтеріп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Батыр ана Сара Нұрабайқызы жуырда ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы медалімен марапатталды. Кездесу барысында ол соғыс жылдарындағы қиындықтарды еске алып, қазіргі ұрпақ тек бейбіт өмір сүрсе екен деген тілегін жеткізді.
Мерекелік жүздесу барысында ел мерейін асқақтатып жүрген белді балуан, 2022 жылғы «Қазақстан барысы», «Сыр барысы», «Алтын белбеу» иегері Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаева, есімі елге белгілі, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмагүл Оңғарбаева барлық аналардың балалары өз жетістіктерімен ел мерейін үстем ете берсін деп тілектерін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы атағының иегері Қаршыға Есімсейітова сұрапыл соғыста қаза болған майдангерлердің жесір әйелдері және олардың екінші рет тұрмысқа шықпай балаларын жалғыз өзі өсірген аналардың ерліктерін сөз етті. Сондай-ақ, өз анасын еске алды. Еңбек ардагері, көпбалалы батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Салима Жұмабекованың келіні Айжан Қалманова Салима анасының жолдасы қайтыс болса да, 11 баланы өзі өсіріп, тәрбиелегенін, егін егіп, ерен еңбек еткенін сөз етті. Осындай Батыр Ананың келіні болғанына мақтан етті.
Сыр өңірінің белгілі ақыны, «Жан азабындағы Бақыт» атты жыр жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанған Елубай Әуезовтың жары Гаухар Сүлейменова, күміс асқа иегері Қаншай Әбдіраман барлық аналарға құттықтау лебіздерін білдірді.

Салтанатты кеште ардақты аналарға алғыс айтылып, қала әкімінің атынан сый-сияпат көрсетілді. Ақ бата, жүрекжарды лебіздер мен ән-шашуға толы күн аналарға деген құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісі болды!Ана – мейірім мен махаббаттың мәңгілік символы. Әрбір ананың жүрегінде шексіз сүйіспеншілік, сабыр мен даналық бар. Ана – отбасының тірегі ғана емес, ұлттың ұйытқысы. Ананың алақаны – өмірдің бастауы, ананың батасы – болашақтың жарық жолы. Барша аналарымызға зор денсаулық, отбасы амандығын, шат-шадыман күндер тілейміз!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!