Қызылорда қаласының орталығынан мемлекет қайраткері, қазақтың біртуар тұлғасы Темірбек Жүргеновтің жұбайы Дәмеш Жүргенованың атына көше ашылып, ескерткіш тақта орнатылды. Шараға Халықаралық “Turksoy” ұйымының бас хатшысы С.Раев белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашты.
– Бүгін ерекше күн. Дәмеш Жүргенова көшесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы мен Сыр бойы жұртшылығы атынан қош келдіңіздер дейміз!
1937-1938 жылдарды еске алсақ, қазақтың небір асыл тұлғаларының басына қара бұлт үйірілген заман еді. Елдің көңілі мұздап, жүрегі сыздап тұрған кезең болатын. Сол уақытта біздің қаншама арысымыз, топ бастаған басшыларымыз репрессияға ұшырап, еліміз абдырап қалғаны – ақиқат. Керек десеңіздер, тіліміз, діліміз, дінімізден айырылып қала жаздаған уақыттар болды. Сол қиындықта білікті де білімді аналарымыз, арыстарымыздың жұбайлары да қудалауға, репрессияға ұшырады. Соның бірі қазақ қыздарының арасынан суырылып шыққан білімді, білікті тұлға медицина саласының үздігі, Алматы қаласының Құрметті азаматы Дәмеш апамыз еді.
Қайсар жан Темірбек Жүргенов атылған 1938 жылдан бастап Алжир түрмесінде 8 жыл азапты өмір кешкенін білеміз. Ол кісі 1905 жылы Қарағанды облысының 1-ші ауылында дүниеге келді. Мектепті үздік бітіріп, Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінде білім алды. Сол білім ордасында сабақ берді. Сонда жүріп біздің аяулы ағамыз Темірбек Жүргеновпен отау құрды. Өкінішке орай, Темірбек Жүргенов атылғаннан кейін Дәмеш апамыздың азапты өмірі басталды. Тек 1946 жылы ғана ол кісі ақталып шықты. Бірақ өзінің қажыр-қайратын, болашаққа деген сенімі жолдасының жақсы атын шығарам деген үмітін өшірмеді. Ақталып шыққаннан кейін Сталинге, Сусловқа, басқа да құзырлы орындарға хат жазып, жарының қандай азамат екенін дәлелдеу үшін күресті. Дәмеш апамыздың қажырлы еңбегінің арқасында 1957 жылы Темірбек Жүргенов толық ақталды. Халықтың өшкені қайта жанды, өлгені қайта тірілді. Тәуелсіздіктің арқасында тарихи әділдіктің орнауына қол жеткіздік, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мұнан соң Дәмеш апамыздың туған жері Ақтоғай ауданынан келген аудандық мәслихат төрағасы Р.Әбеуов туған жердің сәлемін жолдаса, Дәмеш апаның келіні Б.Төлегенова естеліктер айтты. Сондай-ақ Т.Жүргенов қорының төрағасы С.Аңсатов ізгі лебізін білдірді.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ
Суретті түсірген
Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!