Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылуы өтті. Аталған көрмені облыстық тарихи-өлкетану музейі Тұран даласының шамшырағы Қызылорда облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырды.
Шарада Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ілияс Сейтжан сөз сөйлеп, шандоз тарихтың куәсі – музей экспонаттарының құндылығы, келер ұрпаққа берер өнегесі туралы айтты. Одан соң, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат екі мекеме арасындағы мәдени ынтымақтастық пен байланыс ретіндегі көрме Жамбыл облысы мен Сыр жұртшылығы үшін тың серпіліс, рухани нәр, тарихи байланыс болып қалыптасатындығын жеткізді.
Көрмеге Сыр өлкесінің тарихынан сыр шертетін 60-қа жуық археологиялық құнды экспонат қойылды, б.з.д. 4-2 мыңжылдықтарды қамтитын Шірік-Рабат қалашығының алтын әшекей бұйымдары, X-XVІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Сығанақ қалашығынан табылған алтын бұйымдар, VІІ-XІ ғасырлардағы оғыздар пайдаланған Жанкент қыш бұйымдары, мәдени құндылығы аса жоғары археологиялық артефактілер Тараз жұртшылығының назарына ұсынылды.
Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!