Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 00:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сырдағы өнімге сырттағылар қызығып отыр

13.02.2021

7555 0


Халықты азық-түлікпен қамту әлем бойынша күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Жер бетіндегі халықтың саны өскен сайын күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз ету де күрделене түсті. Ал аграрлы ел болып саналатын біздің мемлекет өз тұрғындарын азық-түлікпен толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі өнімді экспортқа шығаруына мүмкіндік мол. Бар мүмкіншілікті пайдаланудың жолын тапқандар қазіргі күні кәсібін дөңгелетіп, өзін де, жергілікті тұрғындарды да сапалы тағаммен қамтамасыз етуде. Соның бірі – «Sybaga» брендімен шығатын бұқтырылған етөнімі.
Бұл туралы облыс әкімі «Facebook-тегі» парақшасында: «Өзім дайын өнім консервілерінің дәмін татып көрдім, ұнады. Жұмыста жүріп, тамақ пісіруге уақыты бола бермейтін адамдар үшін өте қолайлы. Бағасы да халыққа қолжетімді болмақ. Осы бағыттағы шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстарын қолдау жалғаса береді», – деп жазды.
Бұл сырбойылықтар үшін жаңалық болғаны рас. Өзіміздің өнімді алуға асыққандар аз болмады. Бұл жаңалық бізді де қызықтырды. Біз де жаңа өнім жайында жазу үшін арнайылап цехқа бардық.
Бұқтырылған етті шығаруды қолған алған Қуат Шәкизадаев тәжірибелі технолог. Осы салада отыз жылдай еңбек еткен ол мол тәжірибені пайдаланып, өнім шығаруды қолға алады. Шағын цехта 5 адам жұмыспен қамтылған. Жалақысы көңілге қонымды. Ұйымшыл ұжым бүгінде ортақ іске жұмылған. Өндіріс көлемін арттыру мақсатында жаңа құрылғылар алуды жоспарлауда. Сапасы мен бағасы үйлесімді.
– Бүгінде «Sybaga» бұқтырылған ет өнімі қаладағы дүкендердің сөресінен табылады. Өнім халыққа ұнап жатыр. Бір ерекшелігі, өнім қалбырда емес, шыны ыдысқа салынған. Ең бірінші дүкеннен қандай зат алатын болсақ та жазуына, құрамына, түріне қарап таңдап аламыз. Сол секілді шыны ыдыста ет бұқтырмасының ішінде не бар екеніне халық көз жеткізіп алсын, үйге барғанда өкініп қалмайтын болсын деп әдейі шыны ыдысқа салдық. Екінші, қалбырдағы тағам бұзылып кетуі мүмкін. Өнімге тапсырыс күн санап көбеюде. Жасау процесі бірнеше кезеңнен өтеді. Сүйектен ажыратылған мал еті сұрыптау түріне байланысты құтыларға салынады. Өнімнің салмағы өлшеніп, құтысы жабылған соң арнайы қазандықта 120 градус ыстықта қайнатылады. Банкының сыртында өнім құрамы, шығатын орны мен байланыс нөмірлері көрсетілген. Бұған су немесе басқа сұйықтық қосылмайды. Еттің өз майы мен шырыны бар, – дейді технолог Қуат Шәкизадаев.

Сырдағы өнімге сырттағылар қызығып отыр

Айта кетейік, бұқтырылған ет өнімі өңірде 1974 жылы шығарылған екен. Кейіннен бұл цехтың ізі де қалмай, ұмыт болған. Араға 50 жылдай уақыт салып, бұл өндірісті қолға алу кәсіпкер үшін оңай болған жоқ. Тәжірибелі мамандар жоқтың қасы. Құрылғы, тіпті ыдысты да сырттан әкелу керек. Мұнан өзге де қиындықтардың бәрін жеңіп, өзімізде өнім өндіруге болатынын дәлелдеген кәсіпкер еңбегі өлшеусіз. Әңгіме барысында білгеніміздей, шыны ыдыстарды Ресейден тапсырыспен алса, цехтағы барлық құрал-жабдықтар Беларусь елінен әкелінген. Ал шикізат өзімізден. «Ару-Ана» шаруа қожалығы шикізатпен қамтамасыз етуде.
«Sybaga» бұқтырылған етінің дүкендегі бағасы қалтаға қонымды екен. Айтпақшы, Сырдан шыққан өнімге ресейліктер қатты қызығушылық танытуда. Кәсіпкер жақында Ресейден келетін қонақтардың цех жұмысымен танысып, өнімге тапсырыс беру жоспарында бар екендігін жасырмады. Осылайша Сыр өнімін экспортқа шығару жүзеге аспақ.
Бүгінде цех үздіксіз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 100 данадан аса өнім шығаруда. Цех жұмысымен таныса жүріп байқағанымыз, мұндағы талаптың қаталдығы. Кәсіпкер тазалықты бірінші орынға қоятынын жасырмады. «Тазалық бар жерде береке бар» деген кәсіпкер өнімнің сапалы болуы таза еңбектің нәтижесі екенін айтты.
… Жұмыстан шыққан соң дүкеннен «Sybaga» өнімін сатып алдым. Дәмі тіл үйіреді екен. Қанша дегенмен өзіміздің өнім ғой»…

Сырдағы өнімге сырттағылар қызығып отыр
Сырдағы өнімге сырттағылар қызығып отыр

Суретті түсірган Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: