Қызылорда қалалық қоғамдық кеңес мүшелері тынығу лагерьлерінің жай-күйін зерделемек болып «Зерентай», «Сыр төресі» лагерьлеріне бардық. Қала орталығында орналасқан «Сыр төресі» лагері 200 балаға лайықталған. Біз барған уақытта онда 90 бала болды. Оқушылардың жеке киім ілгіштері мен шкафтары жетіспейтіні көрініп тұр. Ауласында бір спорт алаңы ғана бар. Көгалдандыру жұмыстары жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, балалардың алаңсыз тынығуына толық жағдай жасалмаған. Лагерь басшысы Гүлсара Қаржаубаева кемшіліктердің жөнделетінін айтты.
Біз аялдаған келесі нысан – «Зерентай» тынығу лагері. Қала сыртында орналасқан бұл тынығу жайы оқушыларға лайықталғаны анық байқалады. Таза ауа, кең аумақта қаладан тысқары тұр. Балаларға қолайлы жағдай жасалған. Өз кезегінде лагерь директоры Ғанибек Отарбаев тынығу жайы әлі де дамитынын жеткізді. Бұл лагерьге баратын жолдың сапасы сын көтермейтінін де атап өткенді жөн көрдік.
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері лагерь жайын кезекті жиында да көтерді. Күн тәртібінде тұрған тақырып аясында ұсыныс айтылып, қала көлеміндегі лагерьлердің жай-күйі талқыланды. «Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру» жұмыстарының барысы туралы қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қалалық комитеті филиалының төрайымы О.Әлімбетова мен қалалық білім бөлімінің басшысы болған Е.Боданов баяндама жасады.
– Балалардың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру білім бөлімі мен мектептердің міндетіне кіреді. Қазіргі таңда қала бойынша 1-10 сыныпта 66969 оқушы оқиды. Балалардың денсаулығын қадағалау және сауықтыру жұмыстарын жүргізуге жауапты медициналық қызметкерлер тәулік бойы қызмет жасайды. «Балалар жылы» аясында демеушілер есебінен аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан екі жүз баланы «Арай-Санрайз» лагеріне және оқу озаты болған жиырма баланы Көкшетау қаласына жіберу жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен «Балдәурен» лагерінде 173 бала демалады деп күтілуде. Мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлеріне 2 ауысым бойынша 14700 оқушы қабылданды. Биылғы маусымда 9800 баланы тарихи-танымдық экскурсиялармен қамту жоспарланған. Экскурсия барысында тарихи орындарға саяхаттап, оқушыларға туған өлке тарихы таныстырылмақ. Мұның барлығы бала санасының жақсы қалыптасуына оң әсерін тигізбек. Бұл бағыттағы шаралар жүйелі жалғаса беретін болады, – деді қалалық білім бөлімі басшысы.
Тынығу лагері болған соң атына заты сай болғаны жөн. Ең алдымен адамның ой санасы сергек болатындай тыныштықта болғаны абзал. Оған Сыр өңірінде лайықты жер өте көп. Жалпы айта кету керек, аймағымызда жақсы тынығу лагері екі ауданда ғана бар. Оның бірі – Жаңақорған ауданындағы тау етегінде орналасқан «Талдысу» лагері болса, екіншісі – Арал ауданындағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығы. Бұдан басқа лайықты лагерь жоқ десе де болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқата келе Қызылордаға типтік үлгідегі барлық жағдайы жасалған балаларға арналған тынығу лагері керек екенін айтқым келеді. Әлі де кеш емес. Биыл болмаса келер жылы осыны қолға алу керек. Ол үшін осы бастан істі қолға алған абзал. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Айтылған ойдан жаңаша ой түю әркімнің өз еншісінде. Ал істің нәтижелі бітуін уақыт көрсетеді.
Жұмабек САДУАҚАСОВ,
қалалық қоғамдық кеңес мүшесі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!