Қазақта «Адамды істі қалай бaстағанына қарап емес, қалай аяқтағанына қарап бағала» деген сөз бар. Ондай кісілердің қашан да шоқтығы биік тұрады. Солардың бірі – Серік Қалменов десек жаңылмаймыз.
Өзі ақпанның алғашқы аязды күні дүниеге келген соң қандай қиыншылықты да жеңуге болатынын біледі. Оның пікірінше, қатал қыс қамсыз отырғанды ғана сынайды. Қай шаруа да ұқыптылықты сүйеді. Бұған дейін ірі мекемелерде прораб, бөлім басшысы секілді жауапты қызметтер атқарған Серік 2010 жылдан бері қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі базасында бас инженер болып қызмет істеп келеді. Сенім мен жауапкершілікке мығым кісі өткен жылы еңбек зейнетіне шықса да оны ұжым демалысқа жібергісі жоқ. Өйткені ол бесаспап маман.
– Мәдениет саласы тоқтаусыз тірлік кешетін конвейерге ұқсайды. Түрлі шараларға дайындық жүргізеді, қаланың мәдени өмірін дамытуға атсалысады, әйтеуір әрекеті мен берекеті мол. Бірде көлік жүргізу, бірде жылу жүйесін қадағалау, бірде сахнаның сәнін келтіру секілді қат-қабат шаруаға араласуға тура келеді. Мен үшін істің нәтижелі болғаны үлкен табыс, – дейді Серік Қалменов. Жалпы, жұмыстың жеңілі жоқ. Оның үстіне істің адамы тірлік десе тағат таппайды. Осындайда Серіктің мол тәжірибесі, кәсіби шеберлігі сала қызметін жандандыруға дәнекер болып, дем беріп келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!