Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 00:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тартысты өткен оқушылар айтысы

15.04.2023

697 0

Осы аптада Сыр елінің бас шаһарында республикалық оқушылар айтысы өтті. «Көктем нұры» атауымен айшықталған дәстүрлі дода алашқа белгілі ақын, сыншы, аудармашы, жерлесіміз Жарасқан Әбдірашевтың 75 жылдығына арналды.

Айтыста еліміздің 6 өңірі мен қаладан және Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан келген 10 жас ақын бақ сынады. Айтысты ашып берген қала әкімі Асылбек Шәменов: 

– Аралдың айдынынан ұшып шығып, атағы Алатаудан әрі асқан, әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігінің, поэзияға деген құштарлығының арқасында небәры 21 жасында КСРО Жазушылар одағына мүше болған қайталанбас дарын Жарасқан шайырдың 75 жылдығына арналған дәстүрлі оқушылар айтысының жас таланттарға берері мол, жетелер шыңы биік деп білемін. Бүгінгі сөз бәйгесінің көрігін қыздырсақ деп келген ақындар жыр байрағын биіктен желбірете бергей, – деп талапкерлерге сәттілік тіледі.

Сөздің құнын жоғары қойған жас ақындардың өнеріне «Құрмет» орденінің иегері, белгілі айтыскер ақын, «Көктем нұры» айтысы жобасының авторы Мамыр Байдәулетов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және белгілі жыршы-термеші, халықаралық конкурстардың лауреаты, халықаралық ақын-жыраулар одағының мүшесі Амандық Бүрлібаев төрелік етті.

Жыр додасының қорытындысымен халық ақыны Манап Көкенов атындағы бас жүлде мен ақшалай сыйлықты жеңіп алған Сырдария ауданынан келген жас өрен Нұрахмет Мансұровты қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов марапаттады. Биылғы жылдың басты ерекшелігі, бас жүлде иегеріне белгілі өнер қайраткерлері мен арқалы ақындар, барша алқалаған әлеумет А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында тұлпар мінгізіп құрмет көрсетті.

І орын маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановқа, ІІ орын Арқалықтан келген Рағат Нұрисламға бұйырды. Сондай-ақ Жамбыл облысы, Талас ауданы, Аққұм ауылының тумасы Жүнісбек Айсұлу, қызылордалық Ұлықбек Бектай және жаңақорғандық Мұхамедали Абдуллаев ІІІ орынды өзара бөлісті. Мұнан бөлек, «Сүре айтыстың Сұржекейі – Серік Өтеуов», «Қайым айтыстың хас шебері – Бекұзақ Тәңірбергенов», «Түре айтыстың тарланы – Махамбетқали Тұрсанов», «Тап берме сөздің тапқыры – Серік Ыдырысов» және «Аламан айтыстың ақтаңгері – Кенжебай Жүсіпов» атындағы арнайы номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден 5 жүлде табысталды.

Екі ғасырдан астам тарихы бар Тұранның төрінде қасиетті тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, Жарасқан ақынның өлмес мұрасын, өшпес даңқын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы көптің көңілінен шықты.

А.СЕЙІТЖАППАР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: