Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тасбөгетте жаңа емхана салынады

28.03.2023

885 0

Кеше қала әкімі Асылбек Шәменов Тасбөгет кенті тұрғындарымен кездесіп, атқарылған

жұмыс жайын баяндады.

Тасбөгеттегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің залы халыққа лық толды. Тасбөгет кентінде жергілікті халықтан бөлек оған қарасты бірқатар саяжай тұрғындары да кездесуге келді. Шаһар басшысымен кездесуге келген тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдауға асыққан. Алдымен қала әкімі кентте бұған дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жалпы 30 мыңнан астам тұрғыны бар кент ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Инфрақұрылым дамыған, әлеуеті артқан бұл аумақта жаңадан қоныстанушылар көп. Сондықтан кенттің шет аймағындағы жол, ауыз су, электр желісі сынды мәселелер әлі де өзекті. Биыл осы шет аймақтың ахуалын жақсарту мақсатында 41 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, электр желілері тартылмақ. Тұрғындар қозғаған қайсыбір мәселенің де маңызды екенін тілге тиек еткен қала басшысы оның кезең-кезеңімен, жоспар бойынша жүзеге асатынын айтты.

Кенттегі шет аймақты есеп­т­емегенде жол, ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Бұған дейін жөндеуді қажет еткен электр желі­лерін қайта жаңғыртуға бюджеттен 700 млн теңге бөлініп, бүгінде бұл жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ кентке қарасты Сабалақ саяжайында да аталған мәселелер оң шешім тауып келеді. Саяжайлықтар сұраған мектеп, балабақша, жол, ауызсу, электр желісі қазіргі таңда ел игіліне жарауда. Тасбөгеттіктердің сұранысына сай кентте спорт мектебі де салынуда. Бұдан бөлек балаларға арналған спорттық ойын алаңдары да пайдалануға берілген.

Кездесуде тұрғындарды тол­ғандырған жайттар да назардан тыс қалмады. Жиналған жұртшылық емхана мәселесін қозғады. Кентте жаңа емхана ғимаратын тұрғызу тұрғындардың көптен бері айтып жүрген базынасы. Күрмеуі қиын мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмай келеді. Осыны айтқан тасбөгеттіктер қазіргі емхана ны­санының талапқа сай келмейтінін айтты. Бұған қала әкімі Асылбек Шәменов мәселенің мән-жайына қанық екенін, қазіргі таңда жаңа нысан тұрғызу үшін инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатқандығын, келісімге келген жағдайда кентке кіре беріс аумақтан жаңа емхана бой көтеретінін атап өтті.

Сондай-ақ кездесуге келген көпбалалы аналар бүгінгі күні пәтер жалдап тұрудың қалтаға салмақ салатынын,  пәтер кезегі жеткенше уақытша баспана тауып берсеңіздер деген өтінішін жеткізді. Кентте апаттық жағдайда деп та­нылған үйлер жетерлік. Онда тұратын отбасылардың басым бө­лігі бүгінде сол жағалауда жаңа пәтерге қоныстанған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. Осы орайда көпбалалы аналар бос тұрған үйлерден уақытша пәтер беруді сұрады. Шаһар басшысы өз кезегінде мұны кент әкімі Семсер Сыздықов пен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбекке бірлесіп шешуді тапсырды. Сондай-ақ жағдайды жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Кездесуге келген тасбөгеттік­тер мұнан өзге жаяу жүргіншілер жолын салуды, коммуналдық төлемдерді төлеу үшін арнайы бір орын белгіленіп, бір жерге біріктірілсе деген тілектерін айт­ты. Алда құрылыс жұмыстары қыза бастайды. Жаяу жүргіншілер жолы мәселесі жаңа жол түспей тұрып шешілуі тиіс. Сондықтан кент әкімі Семсер Зұлпыхарұлына бұл мәселені қайта қарап, қай аумақтың қамтылуы керектігін пысықтау тапсырылды. Ал ком­муналдық төлемдерді төлеуге бір ғимарат қарастырылса деген тұр­ғындар өтінішіне мүмкіндік қарастырылатынын тілге тиек етті. 

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: