Дүйсенбі, 25 қараша, 01:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Тазалыққа да жауапкершілік керек

18.09.2023

768 0

Қалаға келген қонақтың алғаш байқар ерекшелігі – тазалық. Ұқыпты жиналған көше, қоқыссыз саябақ. эстетикалық үйлесіммен бой көтерген ғимараттар. Аталған ерекшелік серуен­ге шыққан тұрғындардың да көңілін марқайтатыны түсінікті. Дегенмен, мұның барлығы бір күнде орын алған өзгеріс емес. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе әрі еңбек адамының тынымсыз әрекетінің жемісі. Әсіресе, шілденің ми қайнатар ыстығы мен қаңтардың қақаған аязында үздіксіз жұмыс істеген көше тазалаушылардың үлесін айтпай кету мүмкін емес. Осы орайда «Соңғы жылы Қызылорда тазалығында нендей өзгеріс орын алды?», «Көше тазалаушылардың жұмысы елене ме?» деген сауалға жауап іздеу орынды секілді.

Саладағы өзгерісті айтар шақта сөзді алдымен олқылықтан бастау керектей. Мысалы, жеке тұрғын үй секторында тазалыққа қатысты сын көп. Кінәлі – тұрғынның өзі. Яғни қоқыс тастау ережесіне селсоқ қарап, кей тұрғын өзіне ғана емес, айналасына кедергі келтіріп отырғанын байқамайды.

Мәселен, көпқабатты үйлердің ауласында қоқыс контейнер орнатылған. Сол контейнерге жауапсыз тұрғындар жиһаз, істен шыққан теледидар, магнитафон, кір машина, үй жануарларының өлексесі секілді тиым салынған қалдықты үйеді. Тіпті құрылыс қалдықтарын тау қылып, жәшікке тал бұтақтарын аузы-мұрнынан шығара салады. Бұл заңсыздан бұрын, қала тазалау жүйесіне көк шығын. Себебі мұндай заттар қалдық таситын көліктің ішкі механизмін бұзады. Байқасаңыздар, қоқыс таситын көліктердің төбесі қоқыс ұшып, шашылмауы үшін жабық етіп жасалған. Аталған көлікке кәдімгі 3 жүк көлігіне тиейтін зат сияды. Көліктің тек бір контейнер көлеміндей бөлігі ашық. Оның ішінде көп мөлшердегі қоқысты сыйдыру үшін нығыздап, жинап тұратын плита орналастырылған. Егер әлгіндей рұқсат етілмеген қоқысты көлікке салса, реттеуші плитаның рельсіне зақым келеді. Ал оны ауыстыру үшін 2 айға жуық уақыт қажет. Міне, кейбір тұрғындардың жауапсыздығы бүтін жүйені тежеуге итермелеп отыр.

– Соңғы он шақты жылда қала тазалығы түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай аспанға ұшып жатқан қоқыс көрінбейді. Қала орталығы мұн­таздай таза. Шеткі аймақтарда да тазалық орнаған. Мұны өзге түгіл өзіміз де аңғарамыз. Әрине, бұл өзгеріс – тазалықшылардың еңбегінің жемісі. Жаз айында күн райы ысып, 46-48 градусқа көтерілгенде көп адам жұмыс кабинетінде отырды. Тұрғындар үйден шықпады. Ал тазалық қызметкерлері аптапқа қарамай, көше сыпырып, қоқыс жинағанын көріп жүрміз. Сол үшін тазалық мекемесіндегі әрбір қызметкеріне құрметпен қарап, бағалай білуіміз керек, – дейді қала тұрғыны Қалжан Мұқантаев.

Қала тазалығына жауапты мамандар барды ұқсатып, жоқтың орнын қолда бармен жамауда. Олай етпеске амал жоқ. Араға күн салудың өзі ауқымды қаланы қоқыс басуға әкелуі мүмкін. Тұрғын саны мен табиғи қажеттілік контейнерді қалдыққа толтырып, күн сайын тазартуды қажет етеді. Сондықтан техника санын толықтыру, маман тапшылығын туғызбау жауапты мекеме мойнында. Өз кезегінде «Қызылорда тазалығы» мекемесі де тиісті жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізуге талаптануда. Оның бір мысалы – көлік жайы, аймақ жүктемесінің артуы. Мысалы, биыл 742 млн теңгеге 20 техника алу жоспарланған. Сондай-ақ мекемеге тиесілі аумақтар саны артты. Өткен жылдарға дейін мекеме жауапкершілігінде 250 көше болса, биыл бұл көрсеткіш едәуір өскен.

Сонымен қатар көше бойындағы, аула арасындағы қоқысты тазарту да жүйелі жұмысқа мұқтаж. Сондықтан болар, көше тазалаушыларға деген ел құрметі ерек. Олардың таңның атысынан кештің батысына дейін істеген жұмысы халықтың көз алдында. Әрбір қызылордалық күн райына қарамай, далада қоқыс терген тазалықшының жұмысын жоғары бағалары сөзсіз.

Ала жаздай бейнет көрген тазалықшылардың еңбегі елеусіз қалмады. Биыл салада орын алған ең басты жаңалық – тазалықшылардың қоғамдық көлікпен тегін қатынауы. Өткен жылы 18 жылдан бері «Қызылорда тазалығы» мекемесінде қызмет атқаратын Гүлайым Қарғабаева облыс әкімінің жеке қабылдауында болды. Кездесу барысында тазалық қызметшісі мекеме жұмысшыларының қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруі туралы өтінішін жеткізген еді. Аймақ басшысы орынды ұсынысты қолдап, жауапты мамандарға тапсырған болатын. Нәтижесінде, қысы-жазы ауа райының қатал мінезіне мойымай, күні-түні қызмет жасап жүрген тазалықшылар қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алды.

– Тазалық саласында 10 жылдан аса еңбек етіп келемін. Осы уақытқа дейін қыстың қатты аязына немесе жаздың ыстығына қарамай, қала тазалығына өз үлесімді қосып келемін. Біздің мекемеде жастар да, үлкен буын да еңбек етеді. Жас қызметкерлер өте кішіпейіл. Әрдайым үлкендерге қол ұшын созып, жәрдемдесіп жүреді.

Жаз мезгілінде жұмысқа таңғы 4-те шығамыз. Ал қыста таңғы 7-де өзімізге белгіленген ау­мақтарды тазалауға бөлінеміз. Қазір халықтың тазалыққа деген мәдениеті жоғарылап келеді. Кейде қатты аяз күндері жастар келіп ыстық шай беріп, алғыс айтқанда қуанып қаламыз. Себебі, бұл – халық құрметі. Өздеріңіз біле­сіздер, былтырдан бастап облыс әкімінің тап­сырмасымен қызметкерлер қоғамдық көлікте тегін жүруге жеңілдік алды. Одан бөлек, демалыс орындарына, санаторийлерге тегін жолдама беруде, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесінің қызметкері Зейнегүл Қыпшақбаева.

Расында, облыс аумағының санитарлық таза­лық жағдайы қатаң қадағалануда. Бұған дейін аймақ басшысы бірнеше жиын өткізіп, саладағы жұмыс көрсеткішін талқылаған болатын. Жүйелі қадағалау нәтижесі болар, түрлі рейдтер жүргізіліп, тұрғындар мен кәсіпкерлердің таза­лық талаптарын сақтауы талап етілуде.

Оған қоса өңірдегі елді мекендер мен мекеме, ұйымдардың сыртқы келбетi мен санитар­лық жай-күйі тұрақты тексерістен өтеді. Оның ішінде, жазғы лагерьлердің санитарлық жағ­дайы, теміржол және автовокзалдың тазалығы, назарға алынған. Салынғанына аз уақыт бол­ған нысандардың тозығы жетсе, мердігер мекемелердің жөндеп, қалпына келтіргенін де білеміз.

Әрине, тұрақты бақылау болған жерде талап орындалады. Мысалы, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен тәртіп сақшылары бірлесе тұрақты тексеріс жүргізеді. Олар құрылысы толық бітпей, қараусыз қалған ғимараттар, құрылыс қалдықтарын арнайы шақыртусыз қоқыс аумағына төгуі, қоршаудың талапқа сай орнатылмауы, заңсыз қоршау жүргізу бойынша әкімшілік хаттама толтырады. Рейд жұмыстары нәтиже беріп, бүгінде қала көркі келбеттене түскен.

Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: