Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Түні күндей жарқыраған Қызылорда!

10.03.2021

6800 0

Шынын айтқанда, кешкі серуенге уақыт бөлу мен үшін әдетке айналмаған. Цифрлы әлемнің буынымын. Қыспен қоштасып, көктемнің лебі сезілгенде достармен бірге кешкі серуенге шыққаным. Тынысыңды ашатын таза ауа, қараңғылықты жеңген жарық шамдары айналаны сұлуландырып жібереді екен. Әсерлілігі сондай, басқа әлемге еніп кеткендей болдым.

Сырдария бойын жағалай ор­наласқан жағалауда уа­қыт өткізетін адамдар аз емес екен. Кішкентайын же­тек­теген ата-ана, өзара әзілдесіп келе жатқан жастар, құлаққаптың ар жа­ғындағы әлемге еніп жүгіріп жүрген жан… Олардың бәрі сол бір өзгерісті байқағандай. Тәуелсіздік көшесіндегі кө­пірінде орналасқан көздің жауын алатын түрлі-түсті шамдардың шуағы алыстан өзіне баурайды. Әр келкі болып шуақ шашқан жарық сәулесі сол жағалауға дейін жетіп тұр. Сылдырлап аққан Сырдария да дәл сол сұлу сәулелерге көмкеріліп-ақ тұрады. Қалаға келген қонақты бұл әсем көрініс еріксіз баурап, сүйіспеншілігін арттырмай қоймайды. Көпірдің үстіне субұрқақ жасаса Оңтүстік Кореяның Банпо көпіріне әбден ұқсайтыны сөзсіз. Қысқасы, жағалауда жүріп-ақ жанға жай табуға болады.

Түні күндей жарқыраған Қызылорда!

Жалпы жағалау қа­ладағы келбеті келіскен жалғыз жер емес. Мысалы орталық мешіттің жанында да түрлі-түсті шаммен көмкерілген арка бар. Ол жерде де әсем шамға қызыға қараған балаларды, серуендеп жүрген жандарды кездестіресіз. Қазір бұл араға жақын тұратындар серуендеу үшін орталық алаңға немесе тағы басқа жерге бармайды. Өздеріне жақын жерде-ақ таза ауамен тыныстап, ашық аумақта тынығып қайтады. Оның үстіне Сұлтан Бейбарыс көшесін жағалай орналасқан жаяу жүргіншілер жолы да серуендеуге таптырмас орын. Ол жолға да арнайы жарық шамдары мен орындықтар орнатылған.

Түні күндей жарқыраған Қызылорда!

Соңғы уақытта тұрғындар көп жүретін арбаттың да жөндеуден өтіп жатқанын байқадық. Бұл ар­батта қалалық күйбең тіршіліктен шаршағандар жанға жай таба алады. Оның үстіне «Достық үйін» көмкеріп тұрған жарық шамдары арбатты жаңаша бір кейіпке ендіргендей. Дәл осы маңай тұрғындардың уақытын таза ауа аясында өткізу үшін қолайлы болып тұр. Ал Назарбаев даңғылында орналасқан жаяу жүргіншілердің ас­палы көпірі тіптен сұлу. Даңғыл жолда келе жатқан жүргізушінің көзіне алыс­тан түсетін бұл көпір өте әсерлі.

Түні күндей жарқыраған Қызылорда!

Қысқасы қала келбеті күн санап артып келеді. Әсем шаммен өрнектелген сұлулық әр тұрғынға жылулық ша­шып тұратындай.

P.S. Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербургтың бірден-бір ерекшелі­гі – «ақ түндерге» орануы. «Ақ түндер» – түнгі уақытта қараңғы түспейтін, жарық болып тұратын табиғи құбылыс. Мұндай кезең Питерде мамыр мен шілде айының ортасына дейін болады. Дәл осы кезеңде қалада түрлі мәдени шара ұйымдастырылып, қала тұрғындары сауық-сайран құрады. Керемет қой, иә?

Енді сол «ақ түндер» Қызылордада бар дегенге сенер ме едіңіз? Иә, табиғи емес, адам қолынан жасалған «ақ түндер». Бірақ Қызылордадағы ол «ақ түндер» түрлі-түсті сәуле шашады. Сол сәулелерімен көрген көзді өзіне еріксіз баурайды. Ол таңдай қақтырар көріністен мен де кенде қалған жоқпын. Есесіне арманда жүрген Питерге барып келгендей сезіндім. Себебі Қызылорданың түні күндей жарық. Дәл осы сәт менің Қызылордаға деген махаббатымды арттыра түскендей.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: