Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне І жартыжылдықта салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 6 дара тізімі бойынша 26 016 отбасы кезекке тіркелген. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, азаматтарға пәтерлер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі. Жыл басынан бері Жаппасбай батыр, Жетікөл көшелерінен және Сол Жағалау тұрғын ауданынан жаңа үйлер беріліп, кезекте тұрған 255 отбасы баспаналы болды. Жалпы, биыл 1240 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тобына және 135 пәтер авариялық кезекте тұрған отбасыларға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Отбасы банк» АҚ арқылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жылдық пайыз 2-5 мөлшерлемесімен несиеге кезекте тұрған азаматтарға 470 пәтер пайдалануға берілсе, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 7 қабатты 84 пәтерлі ипотекалық 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, қазір осы 504 үйдің кілттері табысталуда.
– Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың 24 қарашасында ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін пайдалануға сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғынжайлар мен жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар өз баспаналарын жекешелендіруде. Аталған мемлекеттік қызмет түрі E-Qazyna порталы арқылы жүргізіледі және комиссия шешімімен қаралады. Заң күшіне енген уақыттан бастап, яғни қаңтар-наурыз айлары аралығында 368 азаматтан тұрғынжайды жекешелендіруге өтініші түсіп, бүгінгі күнге 268 азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Жекешелендіру келісім шарттары рәсімделді, – деді бөлім басшысы Абзал Рысбек.
Айта кету керек, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылғы жылдың 24 мамырынан бастап тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою және үй беру құзыреті жергілікті әкімдіктен «Отбасы банк» АҚ-ға берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!