Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовтің халықпен есепті кездесуі Тасбөгет кентінен бастау алды.
Басқосуда қала әкімі алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтылып, келешекте атқарылатын жұмыстар айқындалды.
– Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығына ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалуда. Биылғы жылы қалада тың бастамалар қолға алынып, жарқын жобалар сәтті жүзеге асуда.
Жалпы жыл басында қала бюджеті 52,3 млрд теңгемен бекітілген еді, бүгінде оның көлемі 91,4 млрд теңгеге жетті, яғни 175 процентке артты.
Ал облыс орталығының тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға бюджеттің барлық деңгейлерінен 101 млрд теңге бөлінді, – деді қала басшысы.
Қала іргесіндегі Тасбөгет кентінде тындырымды тірліктің аз емес екенін жергілікті тұрғындардың пікірінен білдік.
Десе де кентте соңғы уақытта тың жобамен атқарылған жұмыстарды қала әкімі саралап айтып берді.
– Тасбөгет кентінде облыстық және қалалық бюджет есебінен 1 млрд 811,2 млн теңгенің жұмыстары атқарылуда.
Кентте 41 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 731,6 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмысы жүргізілуде.
С.Сейфуллин, Ә.Сапарбаев көшелеріне асфальт төселді, 14 көшенің белгіленген бөліктеріне қиыршық тас төселді, 7 көшеге малта тас төсеу және Сабалақ саяжайындағы 18 көшеге орташа жөндеу және малтас тас төсеу жұмысы жүргізілуде.
Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен 4 млрд теңгеге 5 қабатты 338 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы басталды. Орталық саябақ аумағында жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын Биометриялық зертхана құрылысы жүргізілуде.
Демеушілік көздері есебінен орталық саябақ маңынан «Құддыс Ишан» мешіті ғимаратының құрылысы салынуда.
Облыстық бюджеттен бөлінген 542,1 млн теңгеге кент аумағынан жаңадан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде, – деді қала әкімі.
Қала әкімі кент тұрғындарының өзекті деген мәселелеріне ден қойды. Тұрғындар еркін форматта әкіммен диалог алаңын жүргізді. Айта кетсек, жергілікті халықтың мәселесі кент орталығындағы №11 мектептен №172 мектептке дейін жаяу жүргіншілер жолы салынса, жолаушылар көлігі тоқтайтын жерлерге аялдама қойылса деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ халқы бір аудан көлеміндей кентке бірінші кезекте емхана салу маңызды екенін, балалар ойын алаңы жанына бейнебақылау орнатылса, Ойын алаңы жанынан өтетін жеңіл көліктер жылдамдығын азайтса дейді кент тұрғындары. Жергілікті тұрғындардың мәселесі назарға алынып, олардың ұсыныстары құзырлы орын басшыларымен шешімін табатын болды.
Мұнан соң қала әкімінің сапары Белкөл кентінде жалғасты. Белкөл кентінде де өркенді істер өріс алуда. Бұл елді мекенде жасалған тындырымды іс – теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынып, пайдалануға берілді. Кенттегі 6 көшеге қиыршық тас төселіп, 2 көше күрделі жөндеуден өтті. Жаяу жүргінші жолы да жаңаланып, Бірқазандағы орталық көшеге асфальт төселді.
Келер жылы атқарылатын жұмыстар да сараланды. Құны 200,8 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, кенттегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне электр желісі жүргізіліп, Бірқазан елді мекеніндегі орталық көшеге, Бірлік және Путейцева, Әбдіқадыров №4, №6 көшелеріне түнгі жарық шамын орнату жоспарланып отырғандығы айтылды.
Қала әкімімен кездесуде кент тұрғындары Дариха Бегалиева, Мұхамеджан Аблаев кент шетіндегі көшелерге жарық бағанасын орнатуды сұрады. Мұнан бөлек, кент клубының орнына жаңа ғимарат қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ көпқабатты үй тұрғындары ғимараттың сыртын жөндеу назарға алынса деді. Қала әкімі өз кезегінде барлық ұсыныстарға қатысты нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі одан әрі Қосшыңырау ауылдық округінде жалғасты.
Ауылдық округте құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Бастысы, тұрғындар Абай, Досан елдімекендеріне 662,7млн теңгеге газ құбыры тартылып, қыс мезгілінде от жағу мәселесі шешімін табатынын қуанышпен қабылдауда.
Бүгінде Қосшыңырау ауылдық округінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 1 млрд 168,1 млн теңгенің жұмыстары атқарылуда. Ауылдық округтегі 16 көшеге жөндеу жұмысын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 195,5 млн теңге қаралған.
Досан ауылындағы Елеусінов көшесіне тротуар салуға республикалық бюджеттен 42 млн теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Абаттандыруға республикалық бюджеттен бөлінген 79,1 млн теңгеге ауылға кіре беріс жол бойына жарық бағанасын орналастыруда.
Досан ауылының 12 көшесіне жарықтандыру жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен 93,3 млн теңге қаралып, құрылыс жұмысы жасалуда.
Бұдан бөлек Досан елді мекеніне медициналық бекет құрылысын салуға республикалық бюджеттен 41,2 млн теңге бөлініп, құрылыс басталды.
2024 жылы 573,6 млн теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Досан елді мекенінің №2, №12, №7 көшелеріне тас төсеуге, Абай ауылына спорт алаңын салуға, Досан ауылының жаңадан қоныстанған аумағына электр бағанасын орнату жұмысы қолға алынуда.
Кездесуде қала әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселелер оң шешімін табатындығын жеткізді.
Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі Қарауылтөбе ауылдық округінде жалғасты. Бұл кездесуде шаһар басшысы ауылдың даму бағытына қысқаша тоқталып, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 204,4 млн теңгеге толымды тірліктер жасалды. Жылда тұрғындар тарапынан ескерту алатын бірқатар аумақ абаттандырылды. Санитарлық тазалыққа ден қойылып, түнгі жарықтандыру жұмысы жанданған. Ауылдың жаңа қоныс аумағындағы 1,3,5-ші және А.Иманов пен А.Құнанбаев көшелеріне жарық бағанасы орнатылған. Республикалық бюджеттен бөлінген 285,1 млн теңгеге 12 көшеге қиыршық тас төселген. Бірнеше көше орташа жөндеуден өткен. Жаяу жүргіншілер жолы да салынып, жаңадан қоныстанушы аумаққа жаңа спорт алаңын жүргізу жоспарға енгізілген.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 274,4 млн теңгеге салынған 150 орындық клуб пайдалануға берілмек.
Келер жылы 480 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылмақ. Округтегі жаңадан қоныстанушы аумақтағы 9 шақырымды құрайтын 12 көшеге жаяу жүргіншілер жолының құрылысын жүргізуге, спорт алаңын салуға қомақты қаржы қаралмақ.
Кездесуде тұрғындар қала әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдады. Шаһар басшысы Асылбек Шәменов әрбір мәселе жіті зерттеліп, оның шешілу жолдары қарастырылатындығын жеткізді.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!