Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды

11.03.2023

666 0

«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев.

– Ауылдық округтің бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы қандай?

– Ақжарма ауылдық округінің бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, бірқалыпты. Ауылда ең маңыздысы тұрақтылық. Сондықтан да тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауды басты міндетіміз деп білеміз.

– Сіздіңше қандай әкім халыққа жақын?

– Меніңше халыққа жақын әкім адал, әділ, ашық, жүрегі таза, еліне жаны ашитын, халықпен етене араласып, атқаратын жұмыстарды ақылдасып, бірлесе атқарып отыруы қажет. Ауылдағы мәселелерді шешу барысында тұрғындармен бірге жұмыс істеудеміз. Әрбір атқарылған жұмыс маңызды. Ауылды көркейту үшін ұмтылыс қажет. Ауылды басқару ісі сенім үдесінен шығуды көздейді. Сондықтан да тұрғындардың сенімі маңызды.

– Ақжармада қандай өзекті мәселе бар?

– Округ бойынша өзекті мәселе екі ауылды – Баймұрат батыр ауылы мен Талдыарал елді мекенін газдандыру. Баймұрат батыр ауылына дәрігерлік амбулатория салу да кезегін күтіп тұрған мәселелердің бірі. Талдыарал елді мекеніндегі электр бағаналарын және электр желілерін ауыстыру бойынша жұмыс жасауды да қолға аламыз. Сондай-ақ ауыл жастарына спортпен шұғылдану үшін қыстық және жаздық спорт алаңдарын салу жоспарда бар. Жол мәселесі де – күн тәртібіндегі жайттың бірі. Жаңа салынған үйлердің көшелеріне тас жол салу және асфальттау секілді алға қойған мақсат баршылық.

– Ауылдағы жастардың тіршілігі қандай? Жастар арасындағы жұмыссыздықты қалай жоюға болады?

– Ауыл жастарының тіршілігі орташа деп айтсақ болады. Жастарымыздың көп бөлігі вахталық ауысымда, қала жақын орналасқандықтан қаладағы мекемелерде жұмысшы,  күзетші және тағы басқа жұмыстарды ауылдан қалаға қатынап істейді. Көктем-күз айларына дейін шаруа қожалықтарында сушы, механизатор, тракторист, комбайншы болып уақытша мезгілдік жұмыстарды істейді. 

Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы төмен пайызбен берілетін несие, қайтарымсыз гранттар алып, мал шаруашылығымен айналысуда. Яғни мал басын көбейту, асыл тұқымды малдарды көбейту, жылқы алып оның саумал, шұбат-қымызын сатуды кәсіп етіп отырған жастар бар.  Ауылда спорт үйірмесі жұмыс жасайды. Жастардың спорт саласына жаны жақын. Жақында Талдыарал елді мекеніндегі Інжу Абат есімді қызымыз Астана қаласында өткен Азия турнирінен 1-орынды иеленіп келді. Қазіргі кезде «Талдыарал» футбол клубы облыстық «В» тобында ойын көрсетуде.

– Бүгінде ауылшаруашылығы саласына бетбұрыс сипат ала бастады. Ауылда түлік өсіріп, егін еккен шаруалар көп. Оларға қаншалықты көмек көрсетіледі?

– Ауылшаруашылығын қолдау қоры бойынша кәсіпкерлер 6 пайыздық несие алып, егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Сонымен қатар жыл сайын егінмен айналысып, жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтарға егін егуге, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жем-шөбіне субсидия беріліп отыр. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауыл тұрғыны, «Болтаева К» шаруа қожалығының төрайымы Қалдыгүл Болтаева 27,8 млн ауылшаруашылық техникасын алу мақ­са­тында  жобасы қолдау тауып, қаржыландырылды.

– Кәсіпкерлік саласындағы келешекке беталыс қалай?

– Ауылдағы кәсіпкерліктің келешекке деген беталысы жақсы десек болады. Атап айтсақ, еңбек нарығын дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шараларды қабылдау мақсатында 2022 жылдың 10 айында кәсіпкерлікке оқыту курсы бойынша 22 адам тіркеліп, «Бастау-Бизнес»  оқу курсынан 15 адам сертификатын алды. Ауылдық елді мекен тұрғындарының кәсібін жүргізу мақсатында «Іскер» бағдарламасы арқылы 6 пайызбен 8 жоба қолдау тауып, қар­жыландырылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: